ЖАҢАЛЫҚТАР
Ресей Украинаға 100-ден астам дронмен шабуыл жасады

25 тамызға қараған түні Ресей әскері Украинаға ирандық "Шахед" үлгісімен жасалған жүзден астам дронмен және дронға ұқсайтын құралдармен шабуыл жасады, олардың 76-сы атып түсірілген. Бұл туралы Украина қарулы күштерінің әуе күштері хабарлады. Украиналық әскери деректерге сәйкес, 15 жерде дрон шабуылы тіркелген, тағы 4 жерде олардың сынықтары құлаған.
Дрондар, әсіресе, Украинаның Сумы қаласы мен оның маңайын нысанаға алған. Кемінде 10 шабуыл тіркеліп, тұрғын үйлер өртенген. Зардап шеккендер туралы мәлімет әзірге түскен жоқ. Сумы ауданының бір бөлігі жарықсыз қалған.
Ресей қорғаныс министрлігі дүйсенбіге қараған түні бойы Ресей аймақтарында 21 украин дроны атып түсірілгенін мәлімдеді. Олардың екеуі Мәскеуді бетке алып ұшып бара жатқанда жойылды деп хабарлады ресейлік әскерилер. 24 тамыз күні кешке дрон қаупіне байланысты Мәскеудегі Шереметьево әуежайында ұшуға және қонуға шектеу енгізілді. Ал жексенбі күні шамамен алты сағат бойы Санкт-Петербургтегі Пулково әуежайы жұмыс істемеді, 30-дан астам рейс қосалқы әуежайларға бағытталды.
Басқа да жаңалықтар
АЭС-ке қарсы бесеу соттағы соңғы сөзін айтар алдында судья журналистерді залдан қуды

Қазақстанда былтыр күзде АЭС референдумы қарсаңында ұсталып, "жаппай тәртіпсіздік жасамақ болды" деген айыппен биыл сотқа тартылып жатқан бес белсендінің сотынан журналистер қуылды.
25 тамыз күні Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков сот залына кіре сала, журналистерді нұсқап: "мына кісілер шығып кетсін" деп бұйырды. Сотты бақылауға барған кемінде бес БАҚ-тың өкілдерін айдауыл залдан шығарып жіберген.
Судья Қасымбеков журналистерді сот залынан қуу себебін сұраған Азаттық журналисіне жауап берместен: "мына кісіні де шығарып жіберіңіз" деп айдауылға ауызша бұйрық берді.
Алайда айдауыл да, журналистер де орнынан қозғалмай қойған соң судья "онда бір сағат үзіліс жариялаймын" деп залдан шығып кетті.
Бір сағаттан соң сот залына оралған судья Ернар Қасымбеков "журналистер шықсын" деп сөзін тағы қайталады. Себебін түсіндірген жоқ. Ол журналистерді неліктен қуып жатқанын сұраған адамдардың бәрін "сіз де шығыңыз" деп айдауылға күштеп шығаруды бұйырды.
Бүгін, 25 тамызда Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында өтіп жатқан сот процесінде бес белсенді соңғы сөзін айтты, оған БАҚ өкілдері қатыстырылмады. Отырысқа қатысушылардың айтуынша, судья сот үкімі 26 тамыз, сейсенбі күні сағат 11-де оқылатынын хабарлаған.
56 жастағы Айдар Мүбәраков, 66 жастағы Нұрлан Жауылбаев, 64 жастағы Фазылжан Сыдықов, 55 жастағы Нұрлан Темірғалиев және 67 жастағы Жанат Қазақбай былтыр АЭС референдумы қарсаңында ұсталған. Оларға "жаппай тәртіпсіздік жасамақ болды" деген айып тағылды.
Прокурор оларды "халықты заңсыз жинап, тәртіпсіздік жасамақ болды, қиратып, өртеп, мүлікті жойып, билікке қарсы шығуға оқталды" деп айыптады. 21 тамыз күні прокурор соттан айыпталушыларға бес жыл түрме жазасын беруді сұраған.
Бесеуі де өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарады. Олар Қазақстанда АЭС салуға қарсы екенін жасырмайды, бірақ заңсыз әрекет жасау ниеті болмағанын және ешкімді тәртіпсіздік пен заңсыз іс-әрекетке шақырмағанын айтты. Олар азаматтық белсенділігіне бола қудаланып жатырмыз деп санайды.
Айыпталушылардың бірі АЭС-ке қарсылығын әлеуметтік желіде жазба қалдырып білдірсе, енді бірі референдумда бақылаушы болуды ұйғарған. Ал тағы біреуі халықтың АЭС туралы білімін жетілдіріп, ағартушылықпен айналысуды көздеген. Сол мақсатқа жету үшін біріккен, бақылаушыларды оқыту үшін кеңсе іздеген, талқы үшін біреуінің үйінде кездесіп, шай ішкен. Бұл – сотқа тартылып жатқан бесеудің айтқаны. Алайда қылмыстық істе олардың бұл әрекеттері өздеріне қарсы қолданылған.
Орталық Азияның үш елінің басшылары Украина халқы мен президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Украина президенті Владимир Зеленский Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында елдің Тәуелсіздік күніне орай Орталық Азияның үш мемлекетінің басшыларынан келген құттықтау хаттарды жариялады.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев жолдаған хатында елдер арасындағы "дәстүрлі достық пен ұзақ мерзімді ынтымақтастық қағидаттарына сүйенген қарым-қатынастар екі елдің халықтарының мүддесі үшін одан әрі де дами беретіндігіне" сенім білдірген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Зеленскийге құттықтау хат жолдап, әріптесіне және Украина халқына "осынау салтанатты күннің іргелі қағидаттары болашақта да елдің өркендеуі, егемендігі мен бірлігінің берік іргетасы болып қала берсін" деп тілек білдірген. "Көпқырлы Қазақстан-Украина ынтымақтастығы дәстүрлі достық пен өзара түсіністік рухында әрі қарай да дамиды деп үміттенемін", – делінген хатта.
Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов президент Зеленскийге зор денсаулық, амандық және мемлекеттік істерде табыс тіледі.
Владимир Зеленский Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында Орталық Азия елдері президенттеріне алғыс айтты.
Шавкат Мирзияев пен Қасым-Жомарт Тоқаев хаттарын тиісінше өзбек және қазақ тілдерінде жазған. Ал Бердімұхамедовтың құттықтау хаты ағылшын тілінде жолданған.
24 тамыз күні Украина тәуелсіздігінің 34 жылдығын атап өтті.
БАҚ: Зеленский "Дружба" құбырына шабуылды Венгрияның ұстанымымен байланыстырды

Украина президенті Владимир Зеленский украин армиясының "Дружба" мұнай құбыры инфрақұрылымына жасаған шабуылы мен Венгрияның Украинаны Еуропа одағына кіргізбеу жөніндегі уәдесі арасында байланыс бардай ишара білдірді. Бұған "Українська правда" басылымы назар аударды.
"Дружба" мұнай құбыры Ресей мұнайын Венгрияға жеткізу үшін пайдаланылады. Тамыз айында украин армиясының шабуылдарынан кейін осы құбыр арқылы мұнай жөнелту үш рет үзілген.
Жексенбі, 24 тамыз күні өткен баспасөз мәслихатында Украина президентіне "Дружба" құбырына жасалған шабуылдардан кейін және Зеленскийдің АҚШ президенті Дональд Трампқа Украинаның Еуропа одағына кіру жөніндегі келіссөздерді бастауына Венгрияның қойған ветоcын алып тастауға көмектесу жайлы өтініш жасаған соң Украина Будапештке ықпал етудің қосымша тетіктеріне ие бола алды ма деген сұрақ қойылды.
"Біз әрқашан Украина мен Венгрия арасындағы достықты қолдадық, – деп жауап қатты Зеленский. – Ал енді "Дружба" құбырының тағдыры Венгрияның ұстанымына байланысты болмақ".
Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто Украина президенті "Венгрияға қоқан-лоқы көрсетіп отыр" деп мәлімдеді.
"Будапешт украин президентінің сес көрсетуін үзілді-кесілді қабылдамайды. Біз Владимир Зеленскийді қоқан-лоқы жасауды доғаруға және біздің энергетикалық қауіпсіздігімізге қатер төндіруді тыюға шақырамыз", – деді ол әлеуметтік желілерде жарияланған мәлімдемесінде.
Ресейдегі жүк тасушы ірі әуекомпания мемлекет иелігіне өтуі мүмкін

Ресейлік жүк тасымалдайтын "Волга-Днепр" әуе компаниясы мен оған тиесілі AirBridge Cargo 2022 жылға дейін елдегі ең ірі жүк тасымалдаушы болған, алайда Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғысын ашқаннан кейін компания халықаралық нарықтағы үлесінен толық дерлік айырылды деуге болады.
"Коммерсантъ" газетінің жазуынша, компанияның негізін қалаушы Алексей Исаикин корпоративтік мереке кезінде бизнесті мемлекетке өткізу мүмкін екені жайлы хабарлаған.
"Егер Отан компания Отанға қызмет етуі тиіс десе, онда бәрі: мемлекет иелігіне алу, тәркілеу, әділ келісім, кез келген нұсқа [болуы мүмкін]", – деген оның сөзін келтірген басылым.
Өткен қыста бұл компаниялар тобының кеңсесінде тінту жүргізіліп, бұрынғы үлескері Сергей Шкляник Тергеу комитетіне шақырылған еді. Газет дереккөздерінің бірі ол тергеу шараларын жүк тасымалдаушының "экономикалық жағдайына жасалған аудит" деп сипаттаған.
Батыс елдері "Волга-Днепр" компаниялар тобын санкциялар тізіміне енгізген. Компания мен оның еншілес тасымалдаушылары Ан-124 "Руслан", Ил-76, Ан-12 және жүк тасуға бейімделген Boeing ұшақтарына ие, бірақ соғыс пен санкцияларға байланысты ұшақтарының көбі ұшу жарамдылығы сертификатынан айырылған.
2022 жылдың аяғындағы есепке сәйкес, сол кезде әуе компаниясы активтерінің құны шамамен 47 млрд рубль (668 млн АҚШ доллары) болған, ал 2025 жылы "Коммерсантъ" сөйлескен сарапшылар оны "нөлге тең" деп бағалап отыр. Басылым сарапшыларының пікірінше, компаниядағы Ресейде шығарылған жүк ұшақтарына елдің қорғаныс министрлігі қызығушылық танытуы мүмкін.
АҚШ вице-президенті Украинадағы соғыс жарты жылдан ұзамай аяқталады деп үміттенеді

NBC News телеарнасынан жексенбі, 24 тамыз күні көрсетілген сұхбатында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Украинадағы соғыс енді алты айдан ұзамай аяқталады деп үміттенетінін айтты.
"Нәтижесі қандай болса да, соғыс үш ай ме, әлде алты ай ішінде ме, әйтеуір одан кешіктірілмей аяқталса екен деп үміттенмін. Бізде қантөгісті тоқтатуға тырысып жатқан президент барын мақтан тұтуымыз керек", – деді Вэнс.
Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың тұсында Ресей мен Украина келіссөздерде бұрынғы "үш жыл ішінде" болмаған деңгейде елеулі мәмілеге келген. Ең үлкен ілгерілеушілік кейінгі бірнеше аптада болды деді Вэнс. Мәскеудің ымыраға келген тұстары жайлы сөзінде ол енді Кремльдің Киевте "қуыршақ режим" орнатуға дәмесі жоқ және "ел аумағының тұтастығына дау айтпайды" деді.
"Айналып келгенде біз не табысқа жетеміз, не тұйыққа тірелеміз, – деді ол. – Егер тұйыққа тірелсек, онда ықпал ету тетіктерін пайдалана отырып келіссөздер процесін жалғастыру қажет. Дәл сондай белсенді дипломатия ғана бұл соғысты тоқтатады".
Ресей экономикасына қарсы жаңа санкциялар салу жайлы сөзінде Вэнс Ақ үй қазірдің өзінде Мәскеуге "агрессивті экономикалық қысым" көрсетіліп жатыр деп айтты.
"Президент Ресейге егер қантөгісті тоқтатса, қайтадан әлемдік экономикаға шақыру алуы мүмкін екенін, ал тоқтатпайтын болса, оқшауланған күйінде қала беретінін меңзеді", – деп мәлімдеді АҚШ вице-президенті.
Оның сөзінше, Вашингтон Ресейді келіссөздерді әдейі созып отыр деп есептемейді.
"Олар өздерінің басты талаптарының кейбірінде икемділік танытуға әзір екенін шынымен көрсетті, – деді ол. – Әрине, олар әлі барлық нәрсеге келісіп отырған жоқ, әйтпегенде соғыс аяқталар еді".
• Жексенбі күні NBC News арнасында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сұхбаты көрсетілді. Ол Ресей мен Украина президенттері кездесетіні жөнінде әлі келісім болмағанын айтты. Лавров Мәскеудің Владимир Зеленский Украинаның заңды президенті дегенге күмәні барын тағы да қайталап, бұл мәселе Киевпен бейбіт келісімге қол қойылмай тұрып "шешілуге тиіс" деп мәлімдеді.
"146-ға 146". Украина мен Ресей тұтқын алмасты

24 тамыз күні Ресей мен Украина "146-ға 146" форматы бойынша әскери тұтқын алмасты. Бұл жөнінде Ресейдің қорғаныс министрлігі хабарлады. Тұтқын алмасуға Бірікке Араб әмірліктері араағайын болған.
Бұған қоса екі тарап азаматтық тұлғаларды да айырбастаған. Украина Ресейге Курск облысының сегіз тұрғынын қайтарған. Омбудсмен Татьяна Москалькованың сөзінше, Украина ол адамдарды 2025 жылдың ақпан айынан бері ұстап отырған.
Украина президенті Владимир Зеленский тұтқын алмасу жүргізілгенін растады. Әскери қызметкерлермен қоса Ресей Украинаға журналист Дмитрий Хилюк пен Харьков қаласының бұрынғы мэрі Владимир Николаенконы да қайтарған. Ресей әскері оларды 2022 жылы Украина аумағында тұтқындаған.
WSJ: АҚШ Украинаға үш мыңнан астам ERAM ракетасын сатуды мақұлдады

АҚШ президентінің әкімшілігі Украинаға 3350 кеңейтілген радиустан әрекет ететін зымыранын (Extended Range Active Missile, ERAM) сатуды мақұлдады. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген The Wall Street Journal жазды. Ракеталар Украинаға шамамен алты аптадан кейін жеткізілуі керек.
Дереккөздің айтуынша, құны 850 млн доллар тұратын, негізінен Еуропа елдері қаржыландыратын қару-жарақ пакетіне "өзге де қарулар" кіреді. WSJ дереккөзінің сөзінше, ракетаны сату туралы шешім АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей және Украина басшылары Владимир Путин мен Владимир Зеленскиймен кездесуіне дейін шегеріліп келген.
АҚШ-тың ресми тұлғалары WSJ басылымына 450 шақырымға ұшатын ERAM ракеталарын пайдалану үшін Украинаға Пентагон рұқсаты керек екенін айтқан.
Көктемнің соңында Вашингтон Украинаға алыс қашықтыққа ұшатын АҚШ қаруымен Ресей аумағын атқылауға рұқсат етпей келе жатқаны хабарланған. Мәселе Америка ракетасы ғана емес, Украинаға Еуропа елдері жеткізген қару жөнінде де болып отыр. Мұндай қару түрлерімен нысананы көздеу үшін Американың барлау деректерін пайдаланылады және ракета құрамында АҚШ-тан келген бөлшектер бар.
Киевтің алысқа ұшатын қару түрлерін пайдалану тетігін АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары Элбридж Колби әзірлеген. Өтініш бойынша соңғы шешімді қорғаныс министрі Пит Хегсет қабылдайды.
WSJ жазуынша, соққы жасау үшін Пентагоннан рұқсат сұрау талабы Украинаға алысқа ұшатын ATACMS ракеталарымен Ресейді атқылауға рұқсат берген бұрынғы президент Джо Байденнің шешімінің күшін жояды.
Астана соты Жыланбаевтың туған күніне орай марафонға қатысқаны үшін белсендіге айыппұл салғаны хабарланды

Астана соты Марат Жыланбаевтың туған күніне орай марафонға қатысқаны үшін белсенді Элвира Бекзадинаға 196 мың теңге айыппұл салды. Бұл жөнінде “БелсенділерЭкстремистЕмес” тобы және белсендінің өзі хабарлады.
Телеграм-топ жариялаған видеода полиция қызметкерлерінің оған басқармаға бару керектігін айтады. Ал белсенді “тұра тұрыңыз, мен балалармен жүрмін” дейді. Осыдан кейін белсендінің сөзінше, полиция қызметкерлерінің бірі телефонын шап беріп ұстап, тартып алған. Өзінің қолын бұрап, көлікке отырғызған.
Белсендінің айтуынша, дәл сол күні – 22 тамызда қызының туған күні болған. Ұстау оқиғасы көшеде балаларға шағын дастархан жасап жүрген кезде болған.
“Осының бәрін үлкен қызым 9 жастағы Айлин көрді. Ол анасын ұстап, көлікке күштеп отырғызып жатқанын көрді. Осыдан кейін жылап, “мама, сені өлтіріп жатыр және сен ешқашан оралмайсың деп ойладым” деді. Балалардың көзінше аналарын “ұрлап” жатқан кезде олардың қандай сезімде болатынын елестете аласыз ба?” деп жазды белсенді.
“БелсенділерЭкстремистЕмес” тобы жариялаған видеода кішкентай бір қыздың полицейлер анасын қызметтік емес көлікке күштеп отырғызып жатқанда “телефонға түсіремін” деп айқайлағаны, олар кеткеннен кейін жылағаны байқалады.
Элвира Бекзадина осы апта соңында Facebook-та жариялаған видеосында онлайн сотқа адвокаты Денис Малюганы қатыстырмағанын, ұстау кезінде алған жарақаттарына байланысты арызы әлі тіркелмей отырғанын айтады.
Полиция оқиғаға түсініктеме бермеді. Ал сот порталына әлі шешім ілінбеді. Істі судья Элвира Нәзімбекқызы қараған.
17 тамызда түрмедегі оппозиция белсендісі, марафоншы Марат Жыланбаевтың туған күніне орай Қазақстанның түрлі өңірінде бірнеше белсенді ұсталғаны хабарланған еді. Сол күні Алматы, Астана, Орал, Шымкент және өзге өңірлерде белсенділерге полиция жүгіруге мүмкіндік бермей, кейбірін ұстап, кейін босатқан еді.
19 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық соты белсенді Серік Ыдырышевты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 12-тармағы бойынша (бейбіт жиын өткізу тәртібін бір жыл ішінде екі рет бұзу) кінәлі деп тауып, оған 192 мың теңге айыппұл салған. Сот қаулысында Ыдырышев 16 тамыз күні Facebook парақшасында "экстремистік ұйымның лидері Мұхтар Әблязовтің" митингіге шақыратын видеосын бөліскені, мұның бейбіт жиын өткізу тәртібіне қайшы екені және белсенді заңның бұл нормасын бір жыл ішінде екінші рет бұзып отырғаны айтылған. Белсенді тағылған айыптармен келіспеген.
Германия Ресей мен Беларусь азаматтарына қайта гуманитарлық виза бере бастайды

Германия Ресей мен Беларусь азаматтарына гуманитарлық виза беруді қалпына келтіреді деп хабарлады Германия сыртқы істер министрлігі Deutsche Welle басылымына берген жауабында.
«Сөз бостандығын, демократияны және адам құқығын қорғаудағы жұмысы үшін немесе басқа да саяси себептермен ерекше қауіп төніп тұрған адамдарды қабылдау қайта жалғасады», - деп жазылған министрліктің жауабында.
Онда Ресей мен Беларусь азаматтарының құжаттары қашан қабылданатыны айтылмаған.
Мораторийдің жойылатынын Германия сыртқы істер министрлігінің Ресей және Беларусь істері жөніндегі департаментінің басшысы Михаил Новак та ашық есік күнінде бұған дейін мәлімдеген еді. Бұл ақпаратты кейінірек Еуропарламент депутаты Сергей Лагодинский мен ресейлік саясаткер Андрей Пивоваров растады.
Бұған дейін Германия соғысқа қарсы қызметіне орай немесе "демократия мен адам құқығын дамытуға үлес қосқан немесе Ресей, Иран және Беларусь режимдерін сынап" бастарына қатер төнген азаматтарға гуманитарлық виза берген. 2022 жылдың мамырынан бері мұндай виза – шамамен 2.5 мың ресейлікке, 2021 жылдың наурызынан бері 400-ден астам белорусқа берілген.
Визаны беру биыл шілдеде – басқарушы коалиция шетелдіктерді қабылдау бағдарламасын қысқарту жоспарын жариялағаннан кейін тоқтатылған.
Аляска архиепископы Путинмен кездескені үшін кешірім сұрады

Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен Америка православ шіркеуінің иерархы осы кездесу үшін кешірім сұрады. Аляска архиепископы Алексийдің мәлімдемесі Америка православ шіркеуінің сайтында жарияланды.
Америка православ шіркеуінің митрополиті Тихонға бағыттап жазған мәлімдемесінде ол өзінің әрекетін ауыр қабылдағандағандардан "шын жүрегімен кешірім сұрағысы" келетінін айтады. Архиепископтың айтуынша, Анкориджде Путинмен бейбітшілікті көздеп, қонақжайлық көрсеткісі келгенін атап өтеді.
Алайда оның сөзінше, жұрттың көбі оны "Путинге неге Украинаға бейбітшілік қажеттілігі жөнінде тіке айтпағаны" үшін сөккен. Архиепископтың айтуынша, Ресейдің Украинаға басып кіруін бірнеше рет айыптаған Америка православ шіркеуінің позициясы өзгермейді.
Митрополит Тихон өзінің мәлімдемесінде архиепископ Алексий Путинмен шіркеумен келіспей кездескенін айтқан. Ол шіркеу соғысты айыптаудан танбайтынын атап өтіп, оны дереу тоқтатуға шақырады.
Архиепископ Алексий Путинмен Анкоридждегі мемориалдық зиратта кездескен. Бұл жаққа Ресей басшысы Америка президенті Дональд Трамппен кездесуден кейін барған. Дінбасы Путинге аляскалық Герман иконын сыйласа, Путин оған екі иконды сыйлаған.
Тоқаев Зеленскийді Украинаның Тәуелсіздігі күнімен құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина басшысы Владимир Зеленскийді Украина Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, жеделхат жолдады деп хабарлады Ақорда.
“Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Зеленскийді Украинаның ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, украин халқына бейбітшілік және құт-береке тіледі” деп жазылған 24 тамызда Ақорда таратқан хабарламада.
1991 жылы Жоғарғы рада Украинаның тәуелсіздігін жариялау туралы акт қабылдап, украин халқының өзі анықтау және жеке мемлекет құру құқығын бекіткен.
Ресей басқыншылығына дейін жыл сайын бұл күні Киевте әскери парад өтіп келген. 2022 жылдан бері Украина астанасында соғыста жойылған ресейлік техникалардың “көрмесі” өтіп жүр. Әр жерге Украина туы ілініп, ұлттық киім киген жұрт орталыққа жиналып, түрлі шараларға қатысады, соғыста қаза болғандарды еске алып, гүл шоқтарын қояды.
Ресми Астана Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптаған жоқ, бірақ ресми түрде қолдаған да жоқ. Қазақстан бұған дейін Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеп, Ресей аннексиялап алған украин облыстарын "Ресейдің бөлігі" деп танымаған. Бірақ санкция салынған тауарларды қазақстандық компаниялардың Ресейге тасымалдауы бойынша әңгіме жиі айтылады. Ал Астана Батыс санкцияларына бағынатынын, оның шарттарын бұзбайтынын мәлімдеген.
Украина СІМ: Зеленский жер мәселесін Путинмен кездесу кезінде ғана талқылайды

Украина президенті Владимир Зеленский жер мәселесін Ресей басшысы Владимир Путинмен бетпе-бет кездесу кезінде ғана талқылауға дайын және қазіргі майдан сызығы негізінде ғана. Украина сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сергей Кислица америкалық NBC News арнасына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Дегенмен ол Украина жерін заңды тұрғыда Ресейге беру мүмкіндігін жоққа шығарды. Кислицаның пікірінше, Зеленский "Украинаның құқықтық негіздерін мен қоғамдық көңіл-күйді басшылыққа алады", ал Украина "қоғамы жерді бейбітшілікке алмастыруға үзілді-кесілді қарсы". Соған қарамастан Украина президенті "Путинмен келіссөз үстеліне отырып" жер мәселесін талқылауға дайын және әңгіме тек қазіргі майдан сызығынан басталуы керек.
Бұған дейін Украина билігі өкілдері Киев Ресей басып алған украин жерін уақытша жоғалтып алғандығынмен келісуге дайын, алайда одан де-юре бас тартпайды деп мәлімдеген.
Ал Ресей қазір басып алған украин жерін ғана емес, тұтас Донецк облысынан украин әскерін әкетуді талап етіп отыр. Десе де, Путин Херсон мен Запорожье облыстарындағы майдан сызығында атысты тоқтатуға дайын екені хабарланған.
Кислица сонымен бірге Ресей басшысы Украина басшысымен кездесуден бас тартса, АҚШ Ресейге қарсы санкцияны күшейтуі керек деп санайды. Владимир Зеленский жуырда бұл кездесуді өткізбес үшін "Ресей қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр" деп мәлімдеген. Ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "негізгі келісімдерге қол жеткізгенде" мұндай кездесу мүмкін деп айтқан.
"Путиннің мазмұнды келіссөзге және екіжақты, үшжақты кездесулерге дайын екеніне көзім жетіп отырған жоқ" деді Кислица.
Жуырда Дональд Трамп алдағы екі аптада Ресей мен Украина бойынша ұстанымы анықталатынын мәлімдеген.
"Екі аптадан кейін Ресей мен Украинаның қатынасын білеміз деп ойлаймын. Екеуі де керек. Не істейтінімізді шешеміз деп ойлаймын және ол маңызды шешім болмақ. Мейлі ірі санкция болсын, ірі тариф немесе тағы басқа. Немесе бұл "сіздердің соғысыңыз" деп ештеңе істемеймін" деді Трамп. "Көбі Путин мен Зеленскийдің кездесуінен" "ешқандай нәтиже болмайды" деп санайды деді ол.
Politico-ның жазуынша, Трамп келіссөз бойынша Мәскеуге қысым жасаудан гөрі Батыс елдерінің көмегіне зәру Киевтің өзі Ресейдің ығына көніп, келісімге баруы керек деп санауға бейім. Басылымның айтуынша, АҚШ президенті прогресс болмаса, бейбітшілік процесінен алшақтауы мүмкін.
Бейбітшілік келісіміне кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелердің бірі – жер. Ресей Украинаның алты облысын (2014 жылы аннексияланған Қырым мен Севастопольды қоса есептегенде) ресми түрде "орыс жері" деп таныған. Мәскеу мен Киев соғыс аяқталғаннан кейін Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесін де әрқалай тәпсірлеп отыр.
Пашинян "Қарабақ қозғалысынан" бас тартатынын мәлімдеді

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Арменияның тәуелсіздігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай жасаған мәлімдемесінде Таулы Қарабақты даулаған бұл құжат совет билігінің енгізген патриотизм моделіне негізделгенін айтты. Пашинянның айтуынша, Қарабақтан бас тартып, Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол жеткізген Армения шын мәнінде шынайы тәуелсіздікке қазір жетіп отыр.
Арменияның тәуелсіздік туралы декларациясын 1990 жылы 23 тамызда Армян ССР-інің жоғарғы кеңесі қабылдаған. Құжатта СССР құрамына кіретін республика Армения Республикасы болып өзгертілген және тәуелсіз мемлекет әрі халықаралық құқық субъектісі ретінде тұжырымдалған, бірақ оның СССР құрамынан шыққаны жазылмаған. (Армения одақтан 1991 жылы желтоқсанда шыққан).
Мәтінде "Армян ССР-і мен Таулы Қарабақтың қосылғаны" жазылған, алайда Қарабақ Арменияға тиесілі екені көрсетілмеген.
Пашинянның сөзінше, декларация "оны қабылдаған кездегі Арменияның саяси элитасы және интеллигенциясының ұжымдық көңіл-күйін" көрсетеді. Осы көңіл-күй өз кезегінде Совет одағы қалыптастырған "патриотизм моделіне" негізделген.
Пашинянның пікірінше, бұл патриотизм Арменияның өз ішіне емес, сыртына қарай бағытталған және соның салдарынан Таулы Қарабаққа қатысты жер дауы пайда болған. Қарабақ қозғалысының қызметінің нәтижесінде 1988 жылы Таулы Қарабақты Әзербайжанға қайтару туралы талап туындап, одан кейін аймақта қантөгіс басталды. Армян қоғамына таңылған "социопсихологияны" совет билігі таңды деп санайды Пашинян. Ол Қарабақ қозғалысы ел үшін зиянды қозғалыс болатын еді деген қорытындыға келгенін айтты.
Пашинянның айтуынша, Армения басшыларының саясатының нәтижесінде Ереван кейінгі кезде Әзербайжанмен бейбітшілікке қол жеткізе отырып, Түркиямен диалогты жаңғыртқан.
"Армения республикасы қазір бұрын-соңды болмаған дәрежеде тәуелсіз" деп түйіндеді өз сөзін Пашинян. Мәлімдемесінде Ресей туралы мүлде айтылмаған.
2023 жылы Әзербайжан 30 жыл бойы бақылауда болмаған Қарабақ аумағына бақылауды толық орнатқан. Армяндар ол жақтан көшіп кетті.
8 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамппен Ақ үйдегі салтанатты шара кезінде Никол Пашинян мен Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев Әзербайжан мен оның құрамындағы Нахчыван автономды республикасы арасында көлік дәлізін ашу жөнінде келісімге қол қойды. Бұл дәліз Армения аумағы арқылы өтеді. Армения премьерінің ұсынысымен бұл дәліз "Халықаралық бейбітшілік пен гүлденуге бағытталған Трамп жолы" деп аталады.
Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімнің мәтіні де бұған дейін жарияланды.Онда Армения мен Әзербайжан арасында жер дауы жоғы, сонымен бір-біріне қару қолданудан бас тартатыны жазылған. Осыған дейін Әзербайжан Армения конституциясынан тәуелсіздік туралы декларацияға сілтемелерді алып тастауды талап еткен. Пашинянның айтуынша, мұндай сілтемелер болмайтын жаңа конституция қабылданады.
Сарапшылардың айтуынша, бейбітшілік процесінде АҚШ-тың зор рөл ойнауы Ресейдің бұл аумақта салмағы мен ықпалы әлсірегенін көрсетеді.
Қырғызстандық "Капитал банк" пен оның жетекшісі Ұлыбритания санкциясына ілінді

Ұлыбритания Қырғызстанның "Капитал банкі" мен оның басқарма төрағасы Кантемир Шалбаевқа санкция салды. Лондонның мәліметінше, Ресей осы банкті әскери мақсаттағы тауар сатып алу үшін пайдаланған. Осы мақсатта Қырғызстанда тіркелген Grinex криптовалюта биржасын да қолданған. Осы биржа да британ санкциясына ілінді.
Британдық Financial Times басылымы маусым айында Grinex туралы жазған. Ондағы ақпаратқа қарағанда, биыл қаңтар мен сәуір аралығында осы биржа арқылы 9 млрд долларлық транзакция жасалған. Негізінен A7A5 деген атпен танымал рубльге байланған стейблкоин арқылы жүргізілген.
Санкция Tengricoin, Old Vector, Altair Holding SA жеке компаниялары, сонымен бірге осы қаржы схемасына қатысы бар болуы мүмкін бірнеше жеке тұлғаға салынған.
«Капитал Банктың» өзі Ресей санкциясын айналып өтуге қатысты операциясына қатыспағанын және Қырғызстан заңнамасына және халықаралық қаржы реттеу талаптарына сәйкес жұмыс етіп жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін Grinex биржасы АҚШ санкциясына да ілінген.
Financial Times мәліметінше, Grinex-тің ар жағында Молдовада туып өскен, қазір Ресейде тұрып жатқан Илан Шор тұр.
Осыған дейін Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров АҚШ басшысы Дональд Трамп пен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармерге мәлімдеме жасап, Бішкек "Капитал банк" пен "Керемет банкіге" қарсы санкцияны қысым ретінде бағалайтынын айтқан.
"Олар Қырғызстан экономикасының қарқынды дамып жатқанын көріп отыр. Мысалы, ЖІӨ 11,7 пайызға өсті, ТМД елдері арасында алдыңғы қатарда тұрмыз. Менің ойымша, осы үшін бізге қысым жасалып жатыр" деді Жапаров. Ол Трамп пен Стармерді экономиканы саясиландырмауға шақырып, елге Илан Шор да, Илон Маск те келіп, бизнеспен айналыса алады деді.
Молдовалық олигарх Шор өз елінде банк жүйесінен миллиард доллар қаражатты жымқырды деген айыппен сырттай сотталған. 2024 жылы Кишинев Шорды сайлау кезінде сайлаушыларды сатып алды деп айыптаған, олигархтың өзі мұны жоққа шығарған. Ақпаратқа қарағанда, қазір Шор Ресейде тұрып жатыр. Ол Мәскеу мен Бішкек арасында жайылған компаниялар желісі арқылы Grinex-пен байланыс орнатқан. Олигарх Қырғызстан мен Ресей арасында жалпы білім беру кеңістігін құру бойынша жұмыс тобына кірген.
ПІКІРЛЕР