21 тамыз күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Бішкектегі "Манас" халықаралық әуежайынан Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қарсы алды.
Қазақстан – Қырғызстанның сауда-экономикалық әріптестері ішінде Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші орында. 2023 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 1 млрд 318 млн доллар болған. Екі ел арасындағы сауда негізінен азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, отын мен мұнай, тыңайтқыштар, металл бұйымдары және бағалы кендерден тұрады.
Дегенмен, Қырғызстан мен Қазақстанның экономикалық байланысында ұзақ уақыттан бері шешімін таба алмай келе жатқан көкейкесті мәселелер де бар. Қырғызстанның халықаралық саудасында, әсіресе Еуразия экономика одағы аясындағы ең үлкен мәселелердің бірі – қырғыз-қазақ шекарасы.
Шекарада бірнеше шақырымға созылған жүк көліктерінің кезегі жиі байқалады. Қырғызстан кәсіпкерлері мен сарапшылар қауымы Қазақстан қырғыз тауарларына жасанды тосқауылдар қойып, саяси мүдде тұрғысынан өз үстемдігін әдейі көрсетіп отыр деп сын айтады.
2017 жылы Қырғызстан шекарадағы кедергілер үшін Қазақстан үкіметін Еуразиялық сотқа берген. Сот ол арызды қанағаттандырмай қойған соң, Дүниежүзілік сауда ұйымының сотына жүгінген. Келтірілген шығын көлемі 75 млн доллар деп бағаланған. Сот тергеуі екі жылға созылып, Қазақстанның ұйымдағы беделіне едәуір нұқсан келтірген. Бірақ екі ел президенттері кездесіп, келіссөздер жүргізгеннен кейін Қырғызстан жағы шағымын қайтарып алған. Ресми орындар оның себебін айтқан жоқ.
Экология және су
Қырғызстан мен Қазақстан су-энергетика саласында да тығыз байланыста. Нарыннан бастау алып, Орто-Токой су қоймасы арқылы шекарадан өтетін Шу өзенінің 48 пайызы Қазақстанға, 52 пайызы Қырғызстанға тиесілі деп есептеледі. Екіжақты келісімдерге сәйкес, суару маусымында өзен суының 80 пайызға жуығын Қырғызстан пайдаланады.
Таластағы Киров атындағы су қоймасы суының 30 пайызын Қырғызстан алса, қалғанын қазақ шаруалары пайдаланады. Ортақ пайдаланып отырғандықтан, Орто-Токой мен Киров су қоймаларының техникалық жөндеу жұмыстарына Қазақстан бюджетінен де қаржы бөлінеді.
Нарын өзені Өзбекстан аумағына өткеннен кейін екі үлкен тармаққа бөлінеді: бірі "Достық" каналы арқылы Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданына, екіншісі Тәжікстан мен Өзбекстан арқылы Қазақстанның Қызылорда өңірін кесіп өтіп, Арал теңізіне жетеді.
Есеп бойынша Қырғызстан өзінен шыққан су ресурстарының небәрі 2 пайызын ғана пайдаланады, қалғаны түгелдей көрші мемлекеттерге ағып кетеді. Ол жақта су қоймаларын ретсіз салып, суды егістікке бұрып жібергендіктен, Арал теңізіне дейін жетпей қалады.
Мәдени қатынастар
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясында Ош қаласында Қазақстанның бас консулдығы мен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылады деген хабар тараған.
Екі ел басшыларының қатысуымен Бішкектегі "Ынтымақ" саябағында "Достықтың алтын көпірі" монументі ресми түрде ашылмақ.
Іс-шара аясында 21 тамызда Бішкекте "Шоқан Уәлиханов: Тарихтың жарық жұлдызы" атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Оған екі елдің ресми және мәдениет саласы өкілдері қатысты.
Фильмді "Манас" ұлттық академиясы, Нәзира Аалықызы мен Нуриза Чынтемирова түсірген. Басты рөлді актер Ерлан Бекчороұлы сомдаған.
Былтыр көктемде Астананың негізгі көшелерінің бірінде Айкөл Манас ескерткіші орнатылған еді. Оның ашылу рәсіміне екі елдің президенттері қатысқан.
"Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан үлесі үшін" президент Садыр Жапаров Қазақстанның I дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды. Сондай-ақ Қазақстанның бірқатар қоғамдық және шығармашылық қайраткерлеріне қырғыз үкіметінің марапаттары берілді
Былтыр сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Астанаға ресми сапармен барған кезде Тоқаев екі елдің саяси қатынастары нығайып, сауда-экономикалық байланыстары өсіп келе жатқанын атап өткен.
Делегациялар арасындағы келіссөздер нәтижесінде "Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы" келісімге және екі ел арасындағы өзге де маңызды келісімдер мен меморандумдарға қол қойылған еді.
1997 жылы Қырғызстан мен Қазақстан арасында "Мәңгілік достық" келісімі, кейін 2003 жылы "Одақтастық қатынастар туралы" келісім жасалған. Тәуелсіздік алғаннан бергі өткен 30 жылдан астам уақыт ішінде екі көрші ел 180-нен астам мемлекетаралық, үкіметаралық және мекемеаралық құжаттарға қол қойған.
Орталық Азиядағы бұл екі ел де Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразия экономика одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық ұйымдарға мүше.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Кубатбек Айбашовтың мақаласынан аударылды
ПІКІРЛЕР