"Күйеуімді құтқарса, қамалуға да дайынмын"
Қытайдан тауар алуға кетіп, шекарада ұсталған күйеуін іздеген Гүлдария Шеризатқызы Қазақстан үкіметінен оған араша сұрап жүр. Екі қызын ерткен әйел әуелде Қытай консулдығына барып наразылық өткізсе, кейін Алматы әкімдігі ғимараты алдына шыққан. Бірақ оған ол жерде ұзақ тұруға мұрша бермейді: полицейлер оны іс-әрекетінің "заңсыз" екенін айтып, алып кетіп, артынан айыппұл салады.
– Айыппұлым 754 мың [теңге] болды. Маған үш рет, қайын сіңліме бір рет айыппұл салды. Қызыма да салды. Мен жалпы жеті күн шықтым. Екі күнге бұлар айыппұл салмады. Мен немді төлеймін? Төлейтін жағдайға келсе, мені қамаңдар деп ашық айтқанмын. Мені қамаңдар, менде төлейтін 10 теңгем де жоқ. Әуелі отбасымды, бала-шағамды, екі қызымды қайтіп бағамын? Қазір міне оқу уағы да келді. Қызымның оқуы. Біреуі университетке түспекші еді. Ол да қалды. Университет емес, біз қазір отбасымды түгендей алмай отырмыз. Азаматым аман-есен келсе болды, мен айыппұлдан, яки қамаудан тартынбаймын. Өйткені мен отбасымның асыраушысы, балаларымның әкесі болған азаматымнан айырылып отырмын, – деді Гүлдария.
Қазақстан билігінің жауабы
Алматы қаласының іргесіндегі Ұзынағаш ауылының тұрғыны Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілде күні Қытайға жұмыс бабымен кетіп, ұшты-күйлі жоғалған. Әйелінің сөзінше, оған күйеуінің жанында болдым деген жігіттердің бірі хабарласып, "шекарада Әлімнұрды Қытай полициясы ұстап әкетті" деген, бірақ не үшін ұсталғанын айта алмаған. Осыдан соң, Гүлдария Қытайдағы туыстарына шығып, мән-жайды анықтауға талпынған.
Алайда "Әлімнұр қамалды" дегенді естіген Қытайдағы жақындары арадағы байланысты үзді дейді өзі. Содан бері ол Қытайдың Алматыдағы консулдығы мен Қазақстанның тиісті органдарына арызданып, күйеуіне араша түсуді сұрап жүр. Консулдық әлі күнге дейін үнсіз, ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі 14 тамызда жауап берген.
"Қытайлық тараппен өткізілген тиісті келіссөздердің нәтижелері бойынша, 11 тамызда ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі Халықаралық ынтымақтастық басқармасы ҚХР-дың "Азаматтық туралы" заңының ережелеріне сәйкес, Ә.Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шығуға рұқсат алмағанын және Қытай азаматтығынан автоматты түрде айырылу шарттарына сәйкес келмейтінін хабарлады. Осыған байланысты, ол әлі күнге дейін ҚХР азаматы мәртебесін сақтап отырғанын жеткізіп, Қытайда қос азаматтық танылмайтынын атап өткенін жеткіземіз", – деп жазылған Қазақстан сыртқы істер министрлігінен келген хатта.
Гүлдария күйеуінде "қос азаматтық бар" дегенге келіспейді. Оның сөзінше, Әлімнұр отбасымен 2016 жылы Қытайдан тарихи отанына оралып, бір жылдан соң Қазақстан азаматтығын алған. Ал 2018 жылы Қытай билігі ерлі-зайыпты мен үш баласының Қытайда тіркеуі жойылғаны жөнінде құжатын беріп, паспорттарын жойған.
Гүлдарияның айтуынша, олар бұл құжатты бірден ала алмаған, бірақ 2023 жылы қызы Қытайға барғанда алып келген.
– Жолдасымның тұтқындалғанына бүгін 31 күн болды. Бізде түнде ұйқы, күндіз күлкі жоқ. Осы жүрісіміз қиыншылық болып тұр. Тілмен айтып жеткізе алмаймын. 14 [тамыз] күні бізге хат келді, бүгін 22 [тамыз]. Қазақстан ақтап шығарып алатын уақыт жетті деп ойлаймын. Мемлекет бір азаматын қорғай алмай отырғанына қан жылаймын. Әйтеуір Қазақстанның азаматы ғой. Әйтеуір осы қазақ сұрайды ғой деген үмітім әлі үзілген жоқ. Осыларға үмітімді артып отырмын тағы да, – деді Гүлдария.
"Қытай заңында ондай шарт жоқ"
Қытайға кетіп, із-түссіз жоғалған Әлімнұрдың тағдырына алаңдаған "Атажұрт" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан бұл істе Қазақстан тарапы дәрменсіздік танытып отыр деп есептейді. Оның сөзінше, бір айдан асса да, Қазақстан жағынан нақты қадамдар жасалмаған. Ол "Тұрғанбай қайда?", "Оған қандай айып тағылды?", "Сот болды ма, жоқ па?", "Консулдық не министрлік өкілдері Әлімнұрмен кездесті ме?" деген сұрақтарға жауап әлі келмегенін айтады.
– Біздің сыртқы істер министрлігіміз Қытайдың тұрғысынан жауап берген. Қытайдың азаматтық туралы осындай ішкі заңы бар. Ал біздің сыртқы істер министрлігіміз сол Қытайдың өз азаматтарына қолданатын заңына қарай сілтеме бергені мемлекетіміздің абыройына дақ келтіреді деп есептеймін. Олар солай деп айтып жатыр, бірақ біздің ойымызша былай болу керек еді деп айту керек еді. Неге десеңіз, Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңы бойынша, қос азаматтық мойындалмайды. Ал Әлімнұр Тұрғанбай 2017 жылы Қазақстан Республикасы азаматтығын қабылдады. Сол кезден бастап Қытай азаматтығы Қазақстан үшін жоқ деген сөз. Заңда солай. Соны айтуы керек еді. Біздің азаматымыз, ал ана Қытай азаматтығын мойындамаймыз деп, – дейді Бекзат Мақсұтхан.
Қытай қазақтарының мәселесін жиі қозғайтын Бекзат Мақсұтхан Әлімнұрды Қытай заңымен де ақтап алуға болатынын айтады.
– Қытай азаматтық туралы заңының 9-10 тармағында кез келген Қытай азаматы шетел азаматтығын қабылдаған бойда Қытай азаматтығы автоматты түрде жойылады деп анық жазылған. Ол жерде паспорты қиылса, тіркеуден өшірілсе деген қосымша шарттар айтылмайды. Ол тек Қытай азаматтарының ішкі әрекеттеріне ғана қаратылған. Бұл жерде шетел азаматтығын беру-бермеу, мойындау-мойындамау жөнінде шарттар жоқ. Біздің үкіметіміз, сыртқы істер министрлігіміз "олай емес еді, сенің заңыңда былай, біздің заңда былай еді, міне" деп, соны көрсете алмай отыр ғой, дайын затты көрсете алмай отыр, – деді ол.
Әлімнұр Тұрғанбай Қытайдың Шыңжаң аймағы Іле-Қазақ автономиялық округінде туған. Қазақстанға көшкенге дейін Құлжа ауданы Әулие ауылында тұрған. Ол жақта да жүк көлігін жүргізіп, елдің керек-жарағын тасып, отбасын асыраған. Әлімнұр – үш қыздың әкесі. Тұңғышы тұрмыста, екі қызының бірі – студент, кенжесі – мектепте оқиды.
Гүлдария ауылынан Алматыға жету үшін күнде 120 шақырым жол жүріп, түрлі органға өтініш пен хат қалдырады. Бірақ әзірге күйеуінің тағдыры жайлы мардымды жауап жоғын айтады.
ПІКІРЛЕР