ЖАҢАЛЫҚТАР
Алматыда белсенді Дархан Уәлиев 15 тәулікке қамалды

18 қазанда Алматыда белсенді Дархан Уәлиев 15 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде адвокат Жанар Балғабаева және өзге белсенділер хабарлады.
Жанар Балғабаеваның сөзінше, Уәлиевке "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (488-бап, 6-бөлігі) бабы бойынша айып тағылған. Уәлиев 19 қыркүйекте "әуежайды басып алу ісі" бойынша ашық сотқа қатысу үшін Алматы қалалық сотына барған. Ол сол кезде барған халықпен бірге ашық сот процесіне қатыса алмаған. Оны сол үшін әкімшілік жазаға тартып отыр. Уәлиев сот кезінде ешқандай шараға қатыспағанын, ашық сотқа бару "митинг емесін" айтқан. Бірақ сот соған қарамастан оны әкімшілік қамауға алған.
"Оны Лобачевский емес, уақытша қамау изоляторына қамады. 27 қазанда оның пробациялық бақылау мерзімі бітеді. Бұл соған әсер етуі мүмкін болғандықтан оны изоляторға қамаған болуы мүмкін" дейді Жанара Балғабаева. Ол шешімді міндетті түрде апелляцияға беретінін айтты.
Қыркүйектің соңында "әуежайды басып алу ісі" бойынша сотқа барған бірқатар белсенділер әкімшілік жазаға тартылған еді. Оларға да "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша айып тағылған. 19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде "Әуежайды басып алу ісі бойынша" сотталғандардың шағымын қарайтын Алматы қаласындағы апелляциялық сот даумен басталған. Сот отырысына келген адамдар көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірген.
Бұған дейін шетелде жүрген Ақорда сыншысы, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын 25 қазанда митингіге шығуға шақырған. 17 қазанда Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха "Қазақстанның демократиялық таңдауы" "экстремистік ұйымына митинг өткізуіне рұқсат бермейміз" деп мәлімдеген. (Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымын Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, ал Еуропарламент "оппозициялық бейбіт ұйым" деп атаған – ред.).
Бір күн бұрын "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 25 қазан күнгі митинг қарсаңында белсенділерді қудалау үдегенін, құқық қорғаушылар адам құқығын бұзу жайттарын бақылап отырғанын жазды.
Кей ақпаратқа қарағанда, Астанада белсенділер Айдар Сыздықов пен Мереке Нұғыманов ұсталған болуы мүмкін. Алматыда белсенді Бибігүл Иманғалиева, Нұртай Шегебекұлына полицияға шақырту қағазы берілген.
Полиция әзірге түсініктеме бермеді.
Оппозиция митингісі қарсаңында елде белсенділерді полицияға шақыру, ұстау, қамау – елде жиі кездесетін практика. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар ресми Астананы азаматтардың бейбіт жиналу құқығын сақтауға үндеп келеді.
Басқа да жаңалықтар
Израиль әскері Газа қаласына шабуылдай бастады

Израиль әскері Газа қаласына шабуылын бастады. Бұл жөнінде 20 тамызда Израиль әскерінің (ЦАХАЛ) өкілі генерал Эффи Дефрин хабарлады.
Оның сөзінше, ЦАХАЛ қазірдің өзінде қаланың шетін бақылауда ұстап отыр. Жақын арада операцияға қосымша күштер қосылады.
Ол Газадағы бейбіт халыққа көмек жалғасатынын, көмекті үлестіру бойынша қосымша орталықтар ашылатынын айтты. "Бұл халықтың ХАМАС-қа тәйелділігін азайтады" деді генерал.
The Jerusalem Post басылымының жазуынша, ХАМАС-тың (АҚШ пен ЕО террористік ұйым деп таныған) тұтқындағы 10 адамды босату және 60 күнге атысты тоқтату туралы ұсынысынан кейін Израиль әскері Газаға шабуыл бастаған.
Бұған дейін шабуыл жоспарын Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац бекіткен. Операция "Гедеон арбалары ІІ" деп аталады. Әскерге 60 мыңнан астам запастағы офицерлер шақырылған, қосымша тағы 20 мың адам шақырылатыны хабарланды.
Осыған дейін Израиль билігі Газаға "бақылау орнату" үшін дауыс берген. Тамызға қарай Газа секторында ЦАХАЛ бақылауда ұстап отырған аумақ 75 пайызға жетті.
- Израиль Газа секторындағы әскери қимылдарды 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС тобы жасаған шабуылдан кейін бастаған. ХАМАС шабуыл барысында шамамен 1200 адамды өлтіріп, 250-ден астам адамды кепіл ретінде алып кеткен.
- Палестина жағының деректеріне сәйкес, қарулы қақтығыстар мен әуе шабуылдары салдарынан Газа секторында 60 мың адам қаза тапқан. Израиль бұл мәліметке күмән келтіріп, қаза тапқандардың қаншасы ХАМАС мүшелері, қаншасы бейбіт тұрғын екені белгісіз екенін айтады.
- Қазір Газа секторында жихадшылардың қолында 50 тұтқын қалып отыр. Олардың 20-ға жуығы тірі болуы мүмкін.
- Израиль 2025 жылы наурызда Газаға келетін гуманитарлық көмек жолын жапқан. Мамырда ішінара қалпына келтірілді. Шілде соңында ЦАХАЛ БҰҰ мен халықаралық гуманитарлық ұйымдардың жұмысын жеңілдету үшін Газаның жекелеген аумақтарындағы шайқастарда үзіліс жариялаған.
- Халықаралық гуманитарлық ұйымдар Израильді секторға гуманитарлық көмекті әдейі жібермей, жасанды түрде аштық жасады деп айыптайды. Израиль мұны жоққа шығарып, көмекті ХАМАС иеленді деп айтқан. Ал бұл мәлімдемені БҰҰ, гуманитарлық ұйымдар шындыққа сәйкес емес деп атаған.
АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер соты: прокурор 5 жыл түрме сұрады

Бүгін, 21 тамызда Алмалы аудандық сотында АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес белсендінің сотында жарыссөз басталды.
“Власть” басылымының жазуынша, прокурор белсенділер Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковты “Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру” (272-бап, 1-бөлік) және “Қылмысқа оқталу” (24-бап, 3-бөлік) баптары бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға соттауды сұраған.
Осыған дейін белсенділер өздеріне тағылған айыптармен келіспеген. Олар өздерінің ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырады.
Бұған дейін өткен сот отырыстары кезінде олар өзара жақын араласпағанын, дос та болмағанын айтқан. Оларды біріктіргені АЭС жөніндегі ұстанымы деп айтылады: бәрі де станция салуға қарсы болған. Біреуі ұсталғанға дейін әлеуметтік желіге жазба жариялаған, екіншісі отандастарына АЭС салу мен оны пайдаланудың қауіп-қатері жайлы айтқан, үшіншісі байқаушы болуды ойластырып, референдум күні дауыс беруді бақылаймын деген азаматтарға кеңсе жалдаған. Олар өзара бірнеше мәрте кездесіп, АЭС тақырыбын талқылаған.
Айыптау тарапы осы кездесулерді қылмысқа дайындық деп санап отыр. Құзырлы органдар сол кездесулердегі әңгіменің аудиожазбасын қолға түсірген. Тергеу органдары тағайындаған сараптама бұл әңгімеден "халықты АЭС салуға келіспеуге үгіттейтін" сөздер мен "митингіге дайындық қажеті туралы мағыналық компоненттер" анықтаған.
Ал қамалушылар сот отырысында оқылған айыптау актісін ойдан шығарылған жала деп атады.
Бес белсенді 2024 жылы қыркүйекте – елде АЭС референдумы өтейін деп жатқан кезде қамалған. "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген бесеу уақытша қамау изоляторында отырғанда Қазақстанда референдум өтіп, ресми мәлімет бойынша дауыс бергендердің 70 пайыздан астамы АЭС салуды қолдаған. Тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру кезінде бюллетеньді топтап салу, тәуелсіз бақылаушыны учаскеден шығару сияқты заңсыздықтарды тіркеген.
HRW: Қазақстан билігі заңсыздықты айтқан құқық қорғаушыны жазалағанша заңсыздықты жоюға күш салуы керек

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның қуғындалауына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан билігін заңсыздық туралы айтқан адамды емес, заңсыздықтың өзімен күресуге үндеді.
20 тамыз күнгі ұйымның мәлімдемесінде кейінгі екі айда Бақытжан Төреғожинаның түрмедегі белсенді Марат Жыланбавтың денсаулығына алаңдап, тұрақты түрде жазба жариялағаны, 25 шілдеде Жыланбаевтың "жүре алмай қалғанын, салмағы 45 келі болып қалғанын жазып" дабыл қаққанын атап өткен. Ұйымның айтуынша, билік Жыланбаевтың денсаулығын тексеріп, оны тиісті медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, түрменің ауыр жағдайы туралы өтініштері қарастырылып жатқанына көз жеткізудің орнына құқық қорғаушының өзіне шүйліккен.
Алматы соты Бақытжан Төреғожинаны "жалған ақпарат тарату" бабымен әкімшілік жазаға тартып, 78 мың теңге айыппұл салды. Шешіммен келіспеген Төреғожина шешімді апелляцияға берген.
Өткен жексенбіде Қазақстанда марафоншы Марат Жыланбаевтың туған күніне орай марафон өтеді деген күні елде белсенділер ұсталып, Алматыда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да ұсталғаны, 405-бап бойынша қылмыстық істе куәгер атанғаны белгілі болды. Құқық қорғаушының өзі мұны "адам құқығы қызметі үшін" билік өзін қудалап отыр деп санайды.
"Қазақстандағы танымал құқық қорғаушыны бейбіт белсенділігі үшін қудалау – бұл қорқыту және бопсалау екені анық" деп жазды ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритман 20 тамыз күнгі мәлімдемесінде.
"Төреғожинаны адам құқығы қызметі үшін жазалаудың орнына Қазақстан билігі оның жазбаларын сол күйінде қабылдауы керек еді: Қазақстандағы адам құқығын бұзу фактісі және оны шешумен үкіметтің өзі айналысуы қажет" деп жазылған хабарламада.
Ұйым мәлімдемеде БҰҰ-ның заңсыз ұстау бойынша жұмыс тобы 2025 жылы сәуірде Қазақстанды Жыланбаевты ұстау кезінде көптеген заңсыздықтар болды деп танып, Қазақстан билігін оны дереу босатуға шақырғанын еске салады.
Қазақстан билігі әзірге HRW мәлімдемесіне реакция білдірген жоқ.
- 25 жылдан астам уақыт бойы елдегі саяси қудалаулар, адам құқығын бұзу жайттары туралы айтып жүрген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 2023 жылы АҚШ мемлекеттік хатшысының "Батыл әйел" халықаралық сыйлығын иеленген. Төреғожина бастаған "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қоры Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан, із-түссіз жоғалған, азапталған азаматтардың аты-жөнін анықтап, биліктен жариялықты талап етіп келеді.
- Кейінгі кезде түрмедегі оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты қарама-қайшы ақпараттар жарияланып жатыр. Құқық қорғаушылар түрмеде "ұзақмерзімдік аштық жариялады" деген Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты дабыл қағып, оған медициналық көмек көрсетуді және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды, журналистерді кіргізуді талап еткен, азаматтық белсенділер оны босатуды талап еткен. Ал қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оның "денсаулығы мүшкіл" деген ақпаратты жоққа шығарған. Жыланбаевқа кіріп шыққан Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер оның суреттерін жариялап, "оның халі жақсы, денсаулығына қатысты еш шағымы жоқ. Бұған қоса ол тұрақты түрде спортпен шұғылданады, соның ішінде өзі ұнататын спорт түрі – жүгірумен де айналысады, кітапханаға барып, кітап оқиды" деген. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсендінің денсаулығы күрт нашарлады деген сөздерді "хайп" деп атаған.
- Кейбір қолданушылар қырынан және арқасынан түсірілген Жыланбаевтың суреттерінен оның жағдайын бағалау мүмкін емес екенін айтып, Жыланбаевтың видеосын жариялауды және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды кіргізуді талап еткен. ҚАЖК бұл талапқа реакция білдірген жоқ.
"Шекарасыз тілшілер" Азаттық тілшілерін аккредиттеуден бас тартқан Қазақстан билігінің шешімін айыптады

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" баспасөз қорғау ұйымы (Reporters Without Borders, RSF) Азаттық тілшілеріне аккредитация беруден бас тартқан Қазақстан билігінің шешімін айыптады. 20 тамызда Астана әкімшілік соты Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне қарсы берген әкімшілік талап арызын қанағаттандырмады. Осыдан кейін RSF мәлімдеме жариялады.
"RSF журналистердің жұмысын істеуге кедергі келтіретін мұндай саяси шешімді айыптайды және билікті олардың аккредитациясын дереу қалпына келтіруге шақырады" деп жазылған мәлімдемеде.
Ұйымның айтуынша, билік Азаттықты тиісті құжаттарды сыртқы істер министрлігіне алдын ала тапсырғаннан кейін, аккредитацияның ұзартылғанын күте отырып, жұмысын жалғастырды деп айыптап отыр.
Астана шетел журналистеріне аккредитациясыз жұмыс істеуге тыйым салатын "Масс-медиа туралы" заңға сүйенген.
"[Азаттық] қызметкерлерінің барлығы Қазақстан азаматтары болғандықтан бұл ереже қолданылмауы керек. Соған қарамастан, судья "талапкердің қызметкерлер шетелдік журналист емес деген уәжі негізсіз, өйткені шетелдік БАҚ-пен шарттық немесе өзге де қарым-қатынастағы кез келген адам шетелдік журналист болып саналады" деп қаулы етті" деді ұйым,
"Қазақстандық журналистерді халықаралық БАҚ-та жұмыс істейтіндіктен «шетелдік журналистер» деген желеумен оларды аккредиттеуден бас тарта отырып, сот жүйесі Азат Еуропа/Азаттық радиосының жергілікті бюросы «Азаттық» радиосының жұмысына кедергі келтіруге бағытталған өрескел құқықтық алдауды қуаттап отыр. RSF тәуелсіз үнді тұншықтыру үшін әкімшілік процедураларды қолдануды айыптайды. Қазақстан билігі мүдделі журналистердің аккредитациясын дереу қалпына келтіріп, олардың аккредитациясының болашақта еш кедергісіз ұзартылуын қамтамасыз етуі керек" деп мәлімдеді RSF-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлімінің жетекшісі Жанна Кавелье.
20 тамызда Азаттықтың 7 тілшісіне аккредитация беру мәселесі бойынша шешім шықты. Алдағы уақытта тағы 9 тілшіге қатысты сот өтеді.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының сотта мүддесін қорғаған заңгерлер шешімді апелляцияға беретінін айтты.
Астана сотының шешіміне реакция білдірген Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Стивен Капус журналистеріміз жұмысына бола жазаланбауға тиіс деп мәлімдеді.
"Бұл – сөз еркіндігіне кепілдік берген Қазақстан Конституциясына кереғар шешім. Азат Еуропа/Азаттық радиосы қазақ халқы жоғары бағалайтын аса маңызды қоғамдық қызмет атқарып келеді. Журналистика – қылмыс емес, сондықтан журналистеріміз жұмысына бола жазаланбауға тиіс. Жалпы алғанда, осы маңызды мәселені ашығырақ әрі бірге күш жұмсап шешуді қолдаймыз", – деді Стивен Капус.
Талғарда "Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаевтың соты өтіп жатыр

Талғарда "Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаевтың соты өтіп жатыр. Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау баптары бойынша айып тағылған. "Қазақпараттың" жазуынша, істе Қасымбаевтан бөлек, тағы бес айыпталушы бар.
Сәрсенбі күні сот отырысы кезінде қорғау жағы прокурор Назгүл Тәукенбайды ауыстыру туралы өтініш берді. Олардың сөзінше, Тәукенбай алғашқы инстанциядағы сот процесіне қатысқан. Сот шешім қабылдау үшін үзіліс жариялады.
Хасан Қасымбаев былтыр қарашада үш жылғы бұрынғы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қамауға алынған. Баспасөз құралдарының жазуынша, аталған қылмыс 2021 жылы болған, ол бойынша бес адам сотталған.
"Хутор" деген қылмыстық топтың БАҚ бетінде аталуы Алматы облысы Талғар қаласында Шерзат Полат дейтін жасөспірімнің кісі қолынан қаза табуынан соң жиіледі. Сол кезде осы топқа қатысы бар деп Қасымбаевты атағандар көп болған.
Биыл маусымда 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі бойынша тоғыз адам түрме жазасына кесілді. Осы аптада апелляциялық сот үкімді өзгертпеді.
Әлеуметтік желіде өлімге "Хутор" қылмыстық тобының қатысы болуы мүмкін, оның артында жергілікті кәсіпкер Хасан Қасымбаев тұруы ықтимал деген болжамдар айтылды. Ішкі істер министрлі мұндай қылмыстық топтың барын жоққа шығарды. Бірақ бір айдан соң Қасымбаевты қамауға алды. Оның бауыры Аслан Қасымбаев Шерзат Полаттың өлімінен соң Талғар ауданы аппаратының жетекшісі қызметінен босатылды.
Былтыр Orda.kz басылымы Хасан Қасымбаевпен болған сұхбатты жариялады. Онда Қасымбаев: "ешқандай заң бұзбағанын, сотталмағанын, адал еңбек еткенін айтқан".
Украинаның Сумы облысында Ресей әскерінің соққысынан 14 адам зардап шекті

20 тамызға қараған түні Ресей әскері Украинаның Сумы және Одесса облыстарына дронмен соққы жасады. Сумы облысының оңтүстігіндегі Ахтырка қаласында 14 адам зардап шекті, арасында үш бала бар деп хабарлады жергілікті билік.
Көп қабатты тұрғын үй, 13 жеке үй, шаруашылық құрылыс пен көлікжай қираған. Шабуылға 15 дрон қатысқан.
Одесса облысындағы Измаил қаласында порт инфрақұрылымына шабуыл жасалған. Отын-энергетикалық нысанда өрт болды. Өрт сөндіруге 54 адам, 16 техника қатысты. Өрт сөндіру пойызы да қажет болған.
Сәрсенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаға 93 дрон және дрон-имитатор, "Искандер-М" екі баллистикалық ракетасын жіберді деп хабарлады Украина әскері. Бір ракета мен 62 дрон атып түсірілген.
Шымкент әкімінің орынбасарына "қастандық жасады" деп айыпталған Ернар Жиембай 9 жылға еркіндігінен айырылды

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке “қастандық жасады” деп айыпталған Ернар Жиембай 9 жылға еркіндігінен айырылды.
Осыған дейін прокурор оған 11 жыл 3 ай түрме сұраған және жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберуді өтінген. Прокурор Бауыржан Қараманов түрлі дәйектер мен куәгерлердің айғақтары айыпталушы Ернар Жиембайдың кінәсі барын дәлелдеді деп мәлімдеген. Прокурор кәмелетке толмаған балалары барын айыпты жұмсартатын жағдай ретінде, ал ішімдік ішкен күйінде қылмыс жасауын жағдайды ауырлататын жайт ретінде бағалауды сұраған.
Жиембайға Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Қылмысқа дайындалу әрі кінәліге байланысты емес себептермен аяқталмай қалған қылмысқа оқталу" деген екі бабы бойынша айып тағылған. Ол айыпты ішінара мойындаған.
Биыл 21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ тиіп, ол ауруханаға түскені белгілі болды. Бұл оқиғаға күдікті ретінде Ернар Жиембай ұсталып, кейін оған ресми айып тағылды.
Мамыр айында Берденов тәуір болдым деп мәлімдеген. Маусымның аяғында ол Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.
Сот 6 тамызда басталған. Сот кезінде Ернар Жиембай сотта “қызғаныштан” эмоцияға беріліп, оқ атқанын, әйелінің Берденовпен жазысқанын көргенін, Берденовтің жұмыста дөрекілік танытып, намысына тиетін сөздер айтқанын жеткізген. Ал Берденов сотталушының айтқандарын толық жоққа шығарып, "манипуляция" деп атаған.
Сот отырысында айыпталушы адам өлтірем деген ниеті болмағанын мәлімдеп, жәбірленушіден бірнеше рет кешірім сұрады. Ал сотта Берденов оған қарап: "Егер еркек болсаң, әйеліңді бұл іске араластырмас едің", – деп айтты.
Сот үкімі оқылғаннан кейін Жиембай үкіммен келіспейтінін, бірақ бапты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабына ауыстыруды сұрады. Ол үкімді апелляцияға беретінін-бермейтінін әзірге, шешпеген.
Астана соты аккредитацияға байланысты СІМ-ді сотқа берген Азаттықтың өтінішін орындамады

20 тамызда Астана әкімшілік соты Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне қарсы берген әкімшілік талап арызын қанағаттандырмады.
Судья К.Смағұлов министрліктің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеу туралы шешімін заңды деп тапты.
"Шешімді апелляцияға береміз. Сот сыртқы істер министрлігі келтірген дәйектерді қабылдады. Біздің алға тартқан уәждерімізді қабылдамады" деді адвокат Лилия Чаусова.
18 тамыз күнгі жарыссөзде Азаттық радиосы өкілдігінің мүддесін қорғаған заңгер Лилия Чаусова Азаттық қызметкерлерінің аккредитация мерзімін ұзарту бойынша уақытылы берген өтінішін қарауды министрліктің өзі бірнеше айға созып, кейін сол кезеңде кәсіби қызметімен айналысқан журналистерді "қисынсыз уәжбен" аккредиттеуден бас тартқанын айтқан.
Заңгер егер сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының берген өтінішін заңда белгіленген мерзімде қарап үлгермесе, ол редакцияның кінәсі емес екенін, ол үшін жауапкершілікті журналистерге артуға болмайтынын, екіншіден, шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу – ел заңдарына да, халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін айтты. Ол соттан Қазақстан СІМ-нің Азаттық журналистерін аккредиттеуден бас тартқанын негізсіз деп тануды сұраған.
Ал Қазақстан СІМ мүддесін сотта қорғап отырған заңгер Әсел Мамашева Азаттық радиосы қызметкерлері аккредитация мерзімін созу туралы берген өтініші қаралып жатқан кезде журналистік қызметпен айналысып, шетелдік БАҚ өкілдеріне тиісті аккредитациясы болмаса, ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салынатыны жазылған заң нормасын бұзды деп мәлімдеген. Оның сөзінше, СІМ журналистердің қандай тақырыпта, не жайында жазғанына бола емес, аккредитациясыз жұмыс істегені үшін заң талабын бұзды деп біледі. Сондықтан оларға аккредитация берілмейді деген.
Осыған дейін сыртқы істер министрлігі Азаттықпен бітімге келуден бас тартқан.
Биыл 14 маусымдағы хатында СІМ Азаттық журналистері заңның осы бабын бұзды деп ұйғарып, оларға аккредитация беруден бас тартқан. Аккредитациядан айырылған журналистер – Қазақстан азаматтары екеніне қарамастан, СІМ олардың шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтінін алға тартып, заңның аталған нормасы бәрібір қолданылады деп мәлімдеді.
Азаттық радиосы ондай түсіндірмемен келіспей, министрліктің бұл әрекеті заң тұрғысынан негізсіз деп есептейтінін айтып, сотқа жүгінген.
Осыған дейін халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Азатық тілшілеріне аккредитация беріп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге үндеген.
Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) дүйсенбі, 18 тамыз күні Қазақстан билігіне үндеу жолдап, Азаттық радиосының 16 тілшісін аккредиттеуге шақырған.
Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists – IFJ), Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуылға теңеп, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға шақырған.
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.
Денсаулық сақтау министрлігі Абай облысы Үржар ауданында көлік қаққан балалардың жағдайы туралы айтты

Денсаулық сақтау министрлігі Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында көлік қаққан балалардың жағдайы туралы айтты
Министрліктің айтуынша, зардап шеккен үш баланың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің жағдайы тұрақты ауыр. Оларға бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған.
Жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Астанаға ұшақпен жеткізбек.
Пациенттердің біріне дәрігерлер бригадасы қазір миға күрделі нейрохирургиялық операция жасауда, ішкі ағзалардан қан кету тоқтатылды” деп жазылған хабарламада.
19 тамызда Ақтерек ауылында 55 жастағы жүргізуші көлігін басқара алмай, қақпа алдында ойнап жүрген балаларды қаққан. Үш бала қаза болып, үш бала ауруханаға жатқызылған. Жүргізуші ұсталып, изоляторға қамалған. Қылмыстық іс қозғалған.
Ақпаратқа қарағанда, жеті жасар ұл бала мен тоғыз жасар екі қыз бала зардап шеккен. Екеуі бір отбасынан, ал үшіншісі сол жаққа қонаққа келген.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, қаза болған үш баланың екеуі Жарма ауданы Жаңғызтөбе ауылынан келген, біреуі Үржарда тұрады. Зардап шеккен үш баланың екеуі – Үржар ауданынан, біреуі - Жарма ауданынан.
Швейцария Путин келсе, оны тұтқындамайтынын мәлімдеді

Мәскеу мен Киев президенттерінің келіссөзі Швейцарияда өтсе, ресми Берн Ресей президенті Владимир Путинге Гаага сотының қудалауынан қорғайтын иммунитет беруге дайын. Бұл жөнінде Швейцария сыртқы істер министрі Иньяцио Кассис мәлімдеді.
Сейсенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде министр былтыр енгізілген арнайы процедураның мәнісін ттүсіндірді. Оған сәйкес, егер айыпталушы елге жеке сапар емес, бейбіт келіссөзге келсе, онда үкіметтің халықаралық қылмыстық соттың ордерін орындамауға құқығы бар.
Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленский арасында келіссөз ұйымдастыруға тырысып жатқанын мәлімдеген. Sky News дерегінше, кездесу Еуропада өтуге тиіс. Франция президенті Эмманюэль Макрон саммит үшін Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) ордерін орындамауды ұсынды. Бұған дейін Reuters кездесу Будапеште өтуі мүмкін деген. Венгрия ХҚC-дан шығып, оның ордерін мойындамауды жөн көрген.
Халықаралық қылмыстық сот 2023 жылы наурызда Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер берген. Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры оларды украин балаларын Ресей аумағына күштеп депортациялады деп айыптаған. Мәскеу әскери қылмыс болғанын жоққа шығарып, соттың легитимділігін мойындамаған.
Трамп Путиннің Зеленскиймен кездесуге келіскенін айтты

Ресей президенті Владимир Путин сейсенбіге қараған түні телефон әңгімеде Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесуге келісті. Бұл жөнінде Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, әуелі Путин мен Зеленский бетпе-бет келіссөз жүргізеді, одан кейін өзімен кездеседі. "Десе де, олар жақсы дос болады деп айта алмаймын" деді АҚШ президенті Дональд Трамп.
"Путин өзін жақсы ұстайды деп үміттенемін. Әйтпесе қиын жағдайға қаламыз" деді Трамп.
Трамп пен Путиннің телефон әңгімесінен хабардар екі дереккөзге сүйенген France-Presse агенттігі ресейлік басшы Украина басшысымен Мәскеуде кездесуді ұсынған. Ал Зеленский оған келіспеген.
Fox News арнасына берген сұхбатында Трамп Украинаның НАТО-ға мүше бола алмайтынын және Украина Мәскеу аннексиялап алған Қырымды қайтара алмайтынын тағы қайталаған. Бірақ соған қарамастан Трамптың сөзінше, соғысты аяқтау келісімі аясында Киев "көп жерін" қайтармақ. Бірақ нақты қай аумақты айтып отырғаны белгісіз.
Reuters пен Financial Times бұған дейін Аляскадағы келіссөздер барысында Ресей, егер Киев Донбасс өңірінде Украина қарулы күштері бақылауда ұстап отырған жерден шегінетін болса, онда Мәскеу Запорожье мен Херсон облыстарында майдан шебін бір орнында қалдырып, Сумы мен Харьков облыстарындағы өзі басып алған аудандардан әскерін әкетуді ұсынған деп жазған.
Бұған дейін Украина Донбастан әскерін әкетпейтінін айтқан.
Украинаға қауіпсіздік беру аясында Франция, Германия, Ұлыбритания өз әскерін Украинада орналастырмақ.
Трамптың сөзінше, ол Мәскеуді бұған көндіре алуы мүмкін. Бұрын Кремль Украинаға шетел әскерін орналастыруға қарсы болған.
Абай облысында жүргізуші көлігін басқара алмай, балаларды қаққан: үш бала қаза болды

19 тамызда сағат 16:00 шамасында Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші көлігін басқара алмай, қақпа алдында ойнап жатқан балаларды қаққан. Жергілікті полицияның хабарлауынша, кәмелетке толмаған екі бала – оқиға орнында, тағы біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қаза болды. Үш бала зардап шекті.
Полицияның айтуынша, жүргізуші мас болмаған. Полиция хабарламасында оның Toyota көлігін басқара алмай қалғаны жазылған. Жүргізуші ұсталып, уақытша қамау изоляторына жіберілген. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқаны хабарланды.
Президенттің тапсырмасымен Үржар ауданына қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік ұшағы барған. Бортта реаниматолог, нейрохирург және травмотолог болған. Облыстық денсаулы сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайын ауыр деп бағалады.
Шығыс Қазақстан соты белсенді Серік Ыдырышевқа 192 мың теңге айыппұл салды

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық соты белсенді Серік Ыдырышевты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 12-тармағы бойынша (бейбіт жиын өткізу тәртібін бір жыл ішінде екі рет бұзу) кінәлі деп тауып, оған 192 мың теңге айыппұл салған. Бұл туралы белсендінің өзі хабарлап, Азаттық редакциясына сот қаулысын ұсынды.
"Соттан шықтық. Қысқасы маған Facebook әлеуметтік желісінде репост жасағаным үшін 192 мың [теңге] айыппұл салды. Негізі судья маған не айыппұл не 25 тәулік деді. Мен енді 25 тәулікке баратындай адам емеспін ғой. Бәрібір былай да былай 192 мың [теңге] айыппұл алдым, ал жалақым 170 мың [теңге]. Репост жасағаным үшін" деді ол соттан шыққан кейінгі тікелей эфирінде.
Сот қаулысында Ыдырышев 16 тамыз күні Facebook парақшасында "экстремистік ұйымның лидері Мұхтар Әблязовтің" митингіге шақыратын видеосын бөліскені, мұның бейбіт жиын өткізу тәртібіне қайшы екені және белсенді заңның бұл нормасын бір жыл ішінде екінші рет бұзып отырғаны айтылған. Қаулыға қарағанда, Ыдырышев былтыр 1 қазан күні Глубокое аудандық сотының қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 7-тармағы бойынша (бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу) 10 тәулікке қамалған.
Полиция 17 тамыз күні Глубокое ауданы Бобровка ауылында көлікте кетіп бара жатқан Ыдырышевты тоқтатып, оның үстінен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалғанын хабарлаған да, полиция бөліміне баруын талап еткен.
Белсендінің өзі мұның бәрін Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетті. Эфирдегі сөзінде ол мұны белсенді Марат Жыланбаевты қолдау акциясымен байланыстыратынын, әкімшілік істі саяси қысым деп санайтынын айтқан.
"Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, белсенді әрі марафоншы Марат Жыланбаев 2023 жылы қарашада "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деп айыпталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу орындары Жыланбаев тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаған қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен оның "шетелдегі штабымен" байланыс орнатып, нұсқаулар алып отырған деп есептейді. ҚДТ қозғалысы Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Еуропарламент оны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
19 тамыз күні Марат Жыланбаев 62 жасқа толды. Белсендінің жақтастары оның туған күніне орай қолдау марафонын өткізбек болған. Бірақ осы күннің қарсаңында полиция Қазақстанның бірнеше аймағында жергілікті белсенділерді ұстады.
2023 жылы желтоқсанда Қазақстан соты Ыдырышевке "тіркелмеген бірлестік қызметіне араласты" деп айыппұл салған.
"Хочу жить" жобасы 2025 жылы Ресей әскеріне қосылған 628 тәжік азаматының тізімін жариялады

18 тамыз күні Украинадағы "Хочу жить" мемлекеттік жобасы 2025 жылдың алғашқы алты айында Ресей әскерімен келісімшарт жасасқан 628 тәжік азаматының тізімін жария етті. Жоба авторларының айтуынша, Ресей оларды Украинадағы соғысқа аттандырып, майданның алдыңғы шебіне айдап жатыр.
Жоба Ресей әскеріне қосылған тәжік азаматтарының тізімін осымен екінші рет мәлім етіп отыр. Биыл сәуірде "Хочу жить" Украинадағы соғысқа Ресей жағында қатысқан 931 тәжік азаматының аты-жөнін хабарлаған. Оның ішінде кемі 196 адам қаза тапқан.
"Хочу жить" жобасының сөзінше, Ресейде жүрген Орталық Азия мигранттарын әскерге тарту қалыпты әдіс бойынша жүзеге асады. Полицейлер мен әсіре ұлтшыл "Русская община" ұйымының өкілдері мигранттарға қарсы рейд жүргізіп, оларды әскерге қосылуға үгіттейді. Кейбіріне Ресей азаматтығы ұсынылады, кейбіріне депортациядан алып қаламыз деп айтады. Ақшамен қызықтыратындар да бар. Ешбір әдіс жұмыс істемесе, түрме жазасымен қорқытады дейді жоба авторлары.
"Хочу жить" жобасы Ресей әскери басшылығы майданға түскен мигрант сарбаздарды алдыңғы шепке айдап, олардың өмірін құнды деп санамайтынын айтады. Олардың міндеті – украин әскерінің соққысын өзіне дарытып, олардың орналасқан жерін анықтау, сол себепті мигрант сарбаздар арасында өлім көп дейді украиналық жоба.
Есепте Ресей әскері тәжік және өзбек мигранттарын соғысқа жиі тартатынын, өйткені оларды көндіру оңай екенін айтады. Жоба өкілдерінің айтуынша, Өзбекстанда соғысқа жалданғандарды қылмыстық қудалау бар екені байқалса, Тәжікстанда мұндай баппен ұсталған не сотталған адам туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Тәжік билігі "Хочу жить" жобасының тізімі жөнінде пікір білдірмеді. Алайда екі апта бұрын елдің бас прокуроры Хабибулло Вохидзода кейінгі үш жылда Украинадағы соғысқа қатысты деген айыппен ешбір азамат жауапқа тартылмағанын мойындады. Оның сөзінше, көп адамның қос азаматтығы бар, "өзге елдің азаматтығын алған адам сол елдің заңдарына бағынып, міндеттемелерін орындауға тиіс".
Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағалы Орталық Азия мигранттарын әскер сапына тартуға күш салып келеді. Тәжік билігі 2023 жылы Ресей түрмесіндегі қамалушыларды әскерге тарту бойынша 100 кейсті растағанын мәлімдеді, бірақ одан өзге ақпарат бермеді.
"Хочу жить" жобасы тәжік билігі өз азаматтарына бейжай қарамайды деп үміттенеді.
"Тәжікстан билігі өз адамдарын ұмытпай, Ресей әскери машинасынан құтқарады деп үміттенеміз. Тарих пен тәжірибе көрсеткендей, Ресей соққы көрмей тоқтамайды" дейді олар.
Бұған дейін украиналық жоба Ресей әскерімен келісімшарт жасасты деген қазақ, қырғыз және өзбек азаматтарының тізімін жариялаған.
Мәселен, биыл шілдедегі тізімінде 529 адамның аты-жөні аталды. Олар Ресей әскеріне 2025 жылдың алғашқы жартысында қосылған. Сәуірде Ресей сапында соғысып жатқан 661 қазақстандықтың тізімі жарияланған.
Апелляция соты Шерзат Полат ісіндегі үкімді өзгеріссіз қалдырды

Алматы облыстық соты 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі бойынша істің апелляциялық шағымын қарады. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.
Ақпарат агенттігінің жазуынша, апелляциялық шағымды сотталған сегіз азаматтың адвокаттары түсірген. Сот бірінші инстанция үкімін өзгертпеді.
Іс бойынша үкім биыл 5 маусымда шыққан. Тоғыз адам айыпты деп танылды. "Адам өлтіру", "Адам өлтіруге оқталу", "Бұзақылық" баптары бойынша айыпталған Абзал Шынасыл 23 сотталған. Кәмелетке толмаған Думан Ысқақты қоспағанда, қалғандарына 7 жылдан 20 жылға дейінгі аралықты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Думан Ысқаққа 6 ай түрме жазасы кесілген. Ол биыл шілдеде мерзімін өтеп, бостандыққа шықты.
2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғар қаласындағы дүкендердің бірінде бір топ азамат арасында қақтығыс болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат пышақ жарақатынан қаза тапты, тағы екі адамның денсаулығына зақым келді.
ПІКІРЛЕР