Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Түркия Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіргеніне қарсылық білдірмейтін болды

Солдан оңға қарай: НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг, Түркия президенті Реджеп Эрдоған, Финляндия президенті Саули Ниинистё, Швеция премьер-министрі Магдалена Андерссон. Мадрид, 28 маусым 2022 жыл
Солдан оңға қарай: НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг, Түркия президенті Реджеп Эрдоған, Финляндия президенті Саули Ниинистё, Швеция премьер-министрі Магдалена Андерссон. Мадрид, 28 маусым 2022 жыл

Түркия, Швеция мен Финляндия 28 маусымда Мадридте келісімге келді. Бұл жөнінде НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг мәлімдеді.

"Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кірер алдындағы қадамдары одақтастармен екі күн ішінде келісіледі" деп мәлімдеді Финляндия президенті Ниинистёнің кеңсесі.

Бұл ақпаратқа қарағанда, Түркия осы аптада Мадридте өтетін саммитте Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болу жөніндегі өтінішіне "қолдау көрсетуге тиіс".

Фин президенті кеңсесінің мәліметінше, Хельсинки, Стокгольм мен Анкара қауіпсіздікке қатер мәселесі бойынша бір-бірін толық қолдаға уағдаласқан.

Түркия президентініңі әкімшілігі Швеция мен Финляндия Анкара террор ұйым деп санайтын Күрдістан жұмысшы партиясы мен өзге де ұйымдарға қолдау көрсетпеуге міндеттенді деп хабарлады.

Кездесу қорытындысы бойынша сөйлеген Йенс Столтенберг Финляндия мен Швецииның НАТО-ға кіргені - Ресей шекарасында НАТО күштерінің қысқартуды талап етіп жүрген Ресей президенті Владимир Путиннің әрекетіне кереғар шыққан

Басқа да жаңалықтар

Жыл басынан бері кемінде 122 түркімен азаматы Ресей қорғаныс министрлігімен шартқа отырған

2025 жылдың басынан бері кемінде 122 түркімен азаматы Ресей қорғаныс министрлігімен шартқа отырған. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан шетел жалдамалылары туралы дерек жариялайтын украиналық "Хочу жить" жобасы хабарлады.

Қордың мәліметінше, Түркіменстан билігінің алдын алу шараларына қарамастан ресейліктер түркімен азаматтарын соғысқа тарта алған, оларды көбіне штурм жасайтын бөлімшелерге жібереді.

2023 жылдан бері жоба дерегінше, соғысқа тартылған түркімен азаматтарының саны біртіндеп артып келеді, бірақ ол жағынан Түркіменстан Орталық Азия бойынша ең соңғы орында тұр. Азаматтарды соғысқа итермелейтін негізгі себептердің бірі – қаржылай сыйақы мен Ресей азаматтығын алу мүмкіндігі.

Жоба өкілдерінің айтуынша, шетел азаматтары көп жағдайда алдыңғы шепке жіберіледі және тылдағы бөлімшелерге сирек тап болады.

Украина сыртқы істер министрлігі бұған дейін Ресей әскеріне тартылған шетел азаматтарын әскери қимылдардан қашып, мүмкіндік болған жағдайда "Хочу жить" жобасы арқылы өздеріне шығуға үндеген.

Жалпы алғанда Орталық Азия елдерінен барған кемінде 1257 азамат келісімшарт мерзімі біткеніне қарамастан Украинада Ресей әскері қатарында жүр деп хабарлады "Хочу жить" жобасы.

Бірінші орында Өзбекстан тұр: жоба мәліметінше, кемінде 436 өзбек азаматының келісімшарты аяқталса да Ресей әскері қатарында соғысып жүр.

Жоба мәліметінше, Ресей әскерінде келісімшарт мерзімі аяқталған тағы 367 тәжік азаматы, 241 қазақстандық, 155 қырғыз азаматы бар.

Вэнс: Ресейге – жер, Украинаға кепілдік керек

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Fox News арнасына берген сұхбатында соғысты тоқтату бойынша Украина мен Ресей ұстанымы арасындағы негізгі қайшылықтар туралы айтты. Ол Путин мен Зеленский жақын арада кездесіп қалар деп үміттенетінін жеткізді.

Вэнстің сөзінше, Украина бірінші кезекте Ресей атысты тоқтатқаннан кейін біраз уақыттан кейін қайтадан басқыншылыққа көшпейтіндігіне кепілдікті талап етіп отыр. Ал Ресей осыған дейін орыс әскері басып алған аумақты өзінде қалдыруға ұмтылып жатыр. Бұған қоса, Мәскеу қазір Украинаның бақылауында отырған кейбір аумақтарды да өзінікі еткісі келеді.

“Келіссөздің мәйегі дәл осы жерде шоғырланған. Украиндар қауіпсіздікке кепілдік алғысы келеді. Ресейліктер белгілі бір аумаққа ие болғысы келеді” деді Вэнс.

Оның сөзінше, ұзақ уақыттан бері алғаш рет тараптар өздерінің талаптарын нақтылаған. Оның айтуынша, Путин мен Зеленский түпкілікті келісім жасалғанға дейін кездесуі мүмкін.

“Кей кезде мемлекет басшыларының бетпе-бет кездесуі олардың командалары қол жеткізе алмаған тығырықтан шығарып жіберуі мүмкін” деді Вэнс.

Дегенмен Ресей жағы президенттердің кездесуіне “тыңғылықты дайындық” қажеттігін айтып отыр. Сәрсенбі күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров осылай деп мәлімдеді. Оның пікірінше, әуелі осы жазда Стамбұлда кездескен екі жақтың делегация деңгейлерін жоғарылату керек.

Бұған дейін дереккөздерге сүйенген ақпарат құралдары Путин Аляскада Трамппен кездесу кезінде Донецк облысында оккупацияланбаған аумақтан (шамамен облыс аумағының үштен бірі) украин әскерін әкетуді де талап еткенін жазған. Есесіне Путин Украинаның Сумы мен Харьков облыстарынан Ресей әскерін әкететінін айтқан. Сонымен бірге Запорожье мен Херсон облыстарында соғысты майдан сызығында тоқтататынын жеткізген.

Ал Киев қандай жағдай болмасын, Украина Ресей басып алған аумақты заңнамалық тұрғыда “орыс жері” деп мойындамайтынын мәлімдеген. Дегенмен Зеленский Путинмен іс жүзінде аумаққа бақылау орнату мәселесін талқылауға дайын екенін атап өткен. Киев Донецкіден украин әскерін әкетуге қарсы.

Вэнс сұхбатта сонымен бірге Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі және соған қатысты қаржы шығынын Еуропа елдері көтеруі керек деп айтқан.

“Соғысты тоқтатуға көмектесуге дайынбыз, бірақ бұл тұста Еуропа маңызды рөл атқаруы керек. Бұл олардың құрлығы, олардың қауіпсіздігі және президент [Трамп] та олардың қимылдауы керек екенін білдірген” деді Вэнс.

Путинмен кездесу жөнінде Зеленский де айтты. Оның сөзінше, мұндай кездесу НАТО-ға кірмейтін айталық, Швейцария немесе Австрияда өтуі керек. Ол Түркияда өтсе де, қарсы емес, ал бірақ Мәскеуде өткізуге үзілді-кесілді қарсы. Будапеште өткізу мүмкіндігіне де күмән келтірді, себебі Венгрия Украинаны қолдамаған.

Зеленскийдің сөзінше, Путин соғысты аяқтауға ұмтылуы мүмкін, алайда мұны Ресей қоғамына “жеңіс” ретінде көрсеткісі келеді, украин әскерін Донбастан әкету туралы талапты да сонымен түсіндіруге болады деп санайды.

Апелляция соты Бақытжан Төреғожинаға шыққан шешімді өзгертпеді

Бақытжан Төреғожина
Бақытжан Төреғожина

Алматы қалалық соты әкімшілік іс бойынша құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға шыққан шешімді өзгертпеді. Бірақ судья шешімді оқымаған. Бұл жөнінде құқық қорғаушы желіде хабарлады.

“Қаулыны оқымай-ақ, тып-тыныш сот кабинетіне салып қойған. Өзгеріссіз қалдырды. Айыппұл төлеуге көмектескісі келгендер жекеме жазыңыздар! 78 640 теңге” деп жазды Төреғожина 21 тамызда.

Кеше, 20 тамызда құқық қорғаушы мен қорғау тарабы сот шешімі қашан оқылатынын күткен, ал бүгін шешім сот порталында жарияланғаны белгілі болды. Құжатта шешім 20 тамызда шыққаны көрсетілген.

“Б.А.Төреғожинаны, оның өкілдері З.Е.Әбілдинаны., М.Х.Аспандиярова, Ш.Б.Бекқұлова, Е.Қ.Қалиев, Ғ.Б.Нұрпейісовті тыңдап, іс материалдарын, шағым түсіруші жақтың дәлелдерін зерделей келе, апелляциялық инстанция шешімді өзгеріссіз қалдыру керек деп санайды. Төреғожинаны кінәлі деп таныған сот қорытындысы істің нақты мән-жайына сәйкес және сот отырыстары барысында алынған тексерілген дәлелдемелерге негізделген” деп жазылған сот қаулысында.

Әкімшілік іске құқық қорғаушының түрмеде аштық жариялаған саяси белсенді, марафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткені жайлы жақында әлеуметтік желіде жазған посты себеп болған. Ол жазбада Төреғожина Жыланбаевты "терісінің түсі өзгерген, есінен танып қала жаздайды", салмағы 45 келіге дейін кеміп кеткен деп сипаттаған.

Алайда бұл ақпаратты кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) теріске шығарған. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсендінің денсаулығы күрт нашарлады деген сөздерді "хайп" деп атаған.

"Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасымен үнемі байланыстамыз. Сондықтан оның "халі ауыр", ол "45 кг болып, талып қалуға шақ қалыпты" деген сөздердің ешқандай объективті негізі жоқ және олар дәлелденбеген. Азаматтың, әсіресе жазасын өтеп жатқан адамның денсаулығына қатысты хайп жасау құқықтық тұрғыдан дұрыс емес, ал М.Жыланбаевтың туыстары мен жақындарының алдында адамдыққа жатпайтын әрекет деп санаймын" деді Ластаев.

29 шілдеде Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Марат Жыланбаевтың фотоларын жариялады. Оның айтуынша, Ақмола облыстық денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдерімен бірге олар жазасын өтеушінің жағдайымен танысып, өзімен сөйлескен.

Кейін Жыланбаевқа кіріп шыққан адвокаттары оның Адам құқығы уәкілімен кездесу кезінде айтқан түрмедегі антисанитария, егеуқұйрықтар мен тышқандар, аштық ұстау себебі мен өзге де заңсыздықтар туралы айтқаны, бірақ Шердің жазбасында ол жөнінде айтылмағаны белгілі болғанын жеткізген.

31 шілдеде Алматы әкімшілік соты Бақытжан Төреғожинаны "Жалған ақпарат тарату" бабымен кінәлі деп танып, 78 мың теңге айыппұл салған. Ал құқық қорғаушы шешіммен келіспей, шешімді апелляцияға беретінін айтқан еді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары құқық қорғаушыға шыққан шешімді айыптады.

Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы 20 тамыз күнгі мәлімдемесінде Қазақстанда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның қуғындалауын сынап, Қазақстан билігін заңсыздық туралы айтқан адамды емес, заңсыздықтың өзімен күресуге үндеді.

Израиль әскері Газа қаласына шабуылдай бастады

Израиль әскері Газа қаласына шабуылын бастады. Бұл жөнінде 20 тамызда Израиль әскерінің (ЦАХАЛ) өкілі генерал Эффи Дефрин хабарлады.

Оның сөзінше, ЦАХАЛ қазірдің өзінде қаланың шетін бақылауда ұстап отыр. Жақын арада операцияға қосымша күштер қосылады.

Ол Газадағы бейбіт халыққа көмек жалғасатынын, көмекті үлестіру бойынша қосымша орталықтар ашылатынын айтты. "Бұл халықтың ХАМАС-қа тәйелділігін азайтады" деді генерал.

The Jerusalem Post басылымының жазуынша, ХАМАС-тың (АҚШ пен ЕО террористік ұйым деп таныған) тұтқындағы 10 адамды босату және 60 күнге атысты тоқтату туралы ұсынысынан кейін Израиль әскері Газаға шабуыл бастаған.

Бұған дейін шабуыл жоспарын Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац бекіткен. Операция "Гедеон арбалары ІІ" деп аталады. Әскерге 60 мыңнан астам запастағы офицерлер шақырылған, қосымша тағы 20 мың адам шақырылатыны хабарланды.

Осыған дейін Израиль билігі Газаға "бақылау орнату" үшін дауыс берген. Тамызға қарай Газа секторында ЦАХАЛ бақылауда ұстап отырған аумақ 75 пайызға жетті.

  • Израиль Газа секторындағы әскери қимылдарды 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС тобы жасаған шабуылдан кейін бастаған. ХАМАС шабуыл барысында шамамен 1200 адамды өлтіріп, 250-ден астам адамды кепіл ретінде алып кеткен.
  • Палестина жағының деректеріне сәйкес, қарулы қақтығыстар мен әуе шабуылдары салдарынан Газа секторында 60 мың адам қаза тапқан. Израиль бұл мәліметке күмән келтіріп, қаза тапқандардың қаншасы ХАМАС мүшелері, қаншасы бейбіт тұрғын екені белгісіз екенін айтады.
  • Қазір Газа секторында жихадшылардың қолында 50 тұтқын қалып отыр. Олардың 20-ға жуығы тірі болуы мүмкін.
  • Израиль 2025 жылы наурызда Газаға келетін гуманитарлық көмек жолын жапқан. Мамырда ішінара қалпына келтірілді. Шілде соңында ЦАХАЛ БҰҰ мен халықаралық гуманитарлық ұйымдардың жұмысын жеңілдету үшін Газаның жекелеген аумақтарындағы шайқастарда үзіліс жариялаған.
  • Халықаралық гуманитарлық ұйымдар Израильді секторға гуманитарлық көмекті әдейі жібермей, жасанды түрде аштық жасады деп айыптайды. Израиль мұны жоққа шығарып, көмекті ХАМАС иеленді деп айтқан. Ал бұл мәлімдемені БҰҰ, гуманитарлық ұйымдар шындыққа сәйкес емес деп атаған.

АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер соты: прокурор 5 жыл түрме сұрады

АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер соты. Оңнан солға қарай: Нұрлан Темірғалиев, Фазылжан Сыдықов, Айдар Мүбәраков, Нұрлан Жауылбаев. Алматы, 17 шілде 2025 жыл.
АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер соты. Оңнан солға қарай: Нұрлан Темірғалиев, Фазылжан Сыдықов, Айдар Мүбәраков, Нұрлан Жауылбаев. Алматы, 17 шілде 2025 жыл.

Бүгін, 21 тамызда Алмалы аудандық сотында АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес белсендінің сотында жарыссөз басталды.

“Власть” басылымының жазуынша, прокурор белсенділер Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковты “Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру” (272-бап, 1-бөлік) және “Қылмысқа оқталу” (24-бап, 3-бөлік) баптары бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға соттауды сұраған.

Осыған дейін белсенділер өздеріне тағылған айыптармен келіспеген. Олар өздерінің ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырады.

Бұған дейін өткен сот отырыстары кезінде олар өзара жақын араласпағанын, дос та болмағанын айтқан. Оларды біріктіргені АЭС жөніндегі ұстанымы деп айтылады: бәрі де станция салуға қарсы болған. Біреуі ұсталғанға дейін әлеуметтік желіге жазба жариялаған, екіншісі отандастарына АЭС салу мен оны пайдаланудың қауіп-қатері жайлы айтқан, үшіншісі байқаушы болуды ойластырып, референдум күні дауыс беруді бақылаймын деген азаматтарға кеңсе жалдаған. Олар өзара бірнеше мәрте кездесіп, АЭС тақырыбын талқылаған.

Айыптау тарапы осы кездесулерді қылмысқа дайындық деп санап отыр. Құзырлы органдар сол кездесулердегі әңгіменің аудиожазбасын қолға түсірген. Тергеу органдары тағайындаған сараптама бұл әңгімеден "халықты АЭС салуға келіспеуге үгіттейтін" сөздер мен "митингіге дайындық қажеті туралы мағыналық компоненттер" анықтаған.

Ал қамалушылар сот отырысында оқылған айыптау актісін ойдан шығарылған жала деп атады.

Бес белсенді 2024 жылы қыркүйекте – елде АЭС референдумы өтейін деп жатқан кезде қамалған. "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген бесеу уақытша қамау изоляторында отырғанда Қазақстанда референдум өтіп, ресми мәлімет бойынша дауыс бергендердің 70 пайыздан астамы АЭС салуды қолдаған. Тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру кезінде бюллетеньді топтап салу, тәуелсіз бақылаушыны учаскеден шығару сияқты заңсыздықтарды тіркеген.

HRW: Қазақстан билігі заңсыздықты айтқан құқық қорғаушыны жазалаудың орнына заңсыздықпен күресуі керек

Бақытжан Төреғожинаның соты. Алматы, 31 шілде 2025 жыл.
Бақытжан Төреғожинаның соты. Алматы, 31 шілде 2025 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанда "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның қуғындалауын сынап, Қазақстан билігін заңсыздық туралы айтқан адамды емес, заңсыздықтың өзімен күресуге үндеді.

20 тамыз күнгі ұйымның мәлімдемесінде кейінгі екі айда Бақытжан Төреғожинаның түрмедегі белсенді Марат Жыланбавтың денсаулығына алаңдап, тұрақты түрде жазба жариялағаны, 25 шілдеде Жыланбаевтың "жүре алмай қалғанын, салмағы 45 келі болып қалғанын жазып" дабыл қаққанын атап өткен. Ұйымның айтуынша, билік Жыланбаевтың денсаулығын тексеріп, оны тиісті медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, түрменің ауыр жағдайы туралы өтініштері қарастырылып жатқанына көз жеткізудің орнына құқық қорғаушының өзіне шүйліккен.

Алматы соты Бақытжан Төреғожинаны "жалған ақпарат тарату" бабымен әкімшілік жазаға тартып, 78 мың теңге айыппұл салды. Шешіммен келіспеген Төреғожина шешімді апелляцияға берген.

Өткен жексенбіде Қазақстанда марафоншы Марат Жыланбаевтың туған күніне орай марафон өтеді деген күні елде белсенділер ұсталып, Алматыда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да ұсталғаны, 405-бап бойынша қылмыстық істе куәгер атанғаны белгілі болды. Құқық қорғаушының өзі мұны "адам құқығы қызметі үшін" билік өзін қудалап отыр деп санайды.

"Қазақстандағы танымал құқық қорғаушыны бейбіт белсенділігі үшін қудалау – бұл қорқыту және бопсалау екені анық" деп жазды ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритман 20 тамыз күнгі мәлімдемесінде.

"Төреғожинаны адам құқығы қызметі үшін жазалаудың орнына Қазақстан билігі оның жазбаларын сол күйінде қабылдауы керек еді: Қазақстандағы адам құқығын бұзу фактісі және оны шешумен үкіметтің өзі айналысуы қажет" деп жазылған хабарламада.

Ұйым мәлімдемеде БҰҰ-ның заңсыз ұстау бойынша жұмыс тобы 2025 жылы сәуірде Қазақстанды Жыланбаевты ұстау кезінде көптеген заңсыздықтар болды деп танып, Қазақстан билігін оны дереу босатуға шақырғанын еске салады.

Қазақстан билігі әзірге HRW мәлімдемесіне реакция білдірген жоқ.

  • 25 жылдан астам уақыт бойы елдегі саяси қудалаулар, адам құқығын бұзу жайттары туралы айтып жүрген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 2023 жылы АҚШ мемлекеттік хатшысының "Батыл әйел" халықаралық сыйлығын иеленген. Төреғожина бастаған "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қоры Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан, із-түссіз жоғалған, азапталған азаматтардың аты-жөнін анықтап, биліктен жариялықты талап етіп келеді.
  • Кейінгі кезде түрмедегі оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты қарама-қайшы ақпараттар жарияланып жатыр. Құқық қорғаушылар түрмеде "ұзақмерзімдік аштық жариялады" деген Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты дабыл қағып, оған медициналық көмек көрсетуді және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды, журналистерді кіргізуді талап еткен, азаматтық белсенділер оны босатуды талап еткен. Ал қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оның "денсаулығы мүшкіл" деген ақпаратты жоққа шығарған. Жыланбаевқа кіріп шыққан Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер оның суреттерін жариялап, "оның халі жақсы, денсаулығына қатысты еш шағымы жоқ. Бұған қоса ол тұрақты түрде спортпен шұғылданады, соның ішінде өзі ұнататын спорт түрі – жүгірумен де айналысады, кітапханаға барып, кітап оқиды" деген. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсендінің денсаулығы күрт нашарлады деген сөздерді "хайп" деп атаған.
  • Кейбір қолданушылар қырынан және арқасынан түсірілген Жыланбаевтың суреттерінен оның жағдайын бағалау мүмкін емес екенін айтып, Жыланбаевтың видеосын жариялауды және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды кіргізуді талап еткен. ҚАЖК бұл талапқа реакция білдірген жоқ.

"Шекарасыз тілшілер" Азаттық тілшілерін аккредиттеуден бас тартқан Қазақстан билігінің шешімін айыптады

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" баспасөз қорғау ұйымы (Reporters Without Borders, RSF) Азаттық тілшілеріне аккредитация беруден бас тартқан Қазақстан билігінің шешімін айыптады. 20 тамызда Астана әкімшілік соты Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне қарсы берген әкімшілік талап арызын қанағаттандырмады. Осыдан кейін RSF мәлімдеме жариялады.

"RSF журналистердің жұмысын істеуге кедергі келтіретін мұндай саяси шешімді айыптайды және билікті олардың аккредитациясын дереу қалпына келтіруге шақырады" деп жазылған мәлімдемеде.

Ұйымның айтуынша, билік Азаттықты тиісті құжаттарды сыртқы істер министрлігіне алдын ала тапсырғаннан кейін, аккредитацияның ұзартылғанын күте отырып, жұмысын жалғастырды деп айыптап отыр.

Астана шетел журналистеріне аккредитациясыз жұмыс істеуге тыйым салатын "Масс-медиа туралы" заңға сүйенген.

"[Азаттық] қызметкерлерінің барлығы Қазақстан азаматтары болғандықтан бұл ереже қолданылмауы керек. Соған қарамастан, судья "талапкердің қызметкерлер шетелдік журналист емес деген уәжі негізсіз, өйткені шетелдік БАҚ-пен шарттық немесе өзге де қарым-қатынастағы кез келген адам шетелдік журналист болып саналады" деп қаулы етті" деді ұйым,

"Қазақстандық журналистерді халықаралық БАҚ-та жұмыс істейтіндіктен «шетелдік журналистер» деген желеумен оларды аккредиттеуден бас тарта отырып, сот жүйесі Азат Еуропа/Азаттық радиосының жергілікті бюросы «Азаттық» радиосының жұмысына кедергі келтіруге бағытталған өрескел құқықтық алдауды қуаттап отыр. RSF тәуелсіз үнді тұншықтыру үшін әкімшілік процедураларды қолдануды айыптайды. Қазақстан билігі мүдделі журналистердің аккредитациясын дереу қалпына келтіріп, олардың аккредитациясының болашақта еш кедергісіз ұзартылуын қамтамасыз етуі керек" деп мәлімдеді RSF-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлімінің жетекшісі Жанна Кавелье.

20 тамызда Азаттықтың 7 тілшісіне аккредитация беру мәселесі бойынша шешім шықты. Алдағы уақытта тағы 9 тілшіге қатысты сот өтеді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының сотта мүддесін қорғаған заңгерлер шешімді апелляцияға беретінін айтты.

Астана сотының шешіміне реакция білдірген Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Стивен Капус журналистеріміз жұмысына бола жазаланбауға тиіс деп мәлімдеді.

"Бұл – сөз еркіндігіне кепілдік берген Қазақстан Конституциясына кереғар шешім. Азат Еуропа/Азаттық радиосы қазақ халқы жоғары бағалайтын аса маңызды қоғамдық қызмет атқарып келеді. Журналистика – қылмыс емес, сондықтан журналистеріміз жұмысына бола жазаланбауға тиіс. Жалпы алғанда, осы маңызды мәселені ашығырақ әрі бірге күш жұмсап шешуді қолдаймыз", – деді Стивен Капус.

Талғарда "Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаевтың соты өтіп жатыр

"Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаев. Orda.kz басылымы жариялаған видеодан скриншот.
"Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаев. Orda.kz басылымы жариялаған видеодан скриншот.

Талғарда "Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаевтың соты өтіп жатыр. Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау баптары бойынша айып тағылған. "Қазақпараттың" жазуынша, істе Қасымбаевтан бөлек, тағы бес айыпталушы бар.

Сәрсенбі күні сот отырысы кезінде қорғау жағы прокурор Назгүл Тәукенбайды ауыстыру туралы өтініш берді. Олардың сөзінше, Тәукенбай алғашқы инстанциядағы сот процесіне қатысқан. Сот шешім қабылдау үшін үзіліс жариялады.

Хасан Қасымбаев былтыр қарашада үш жылғы бұрынғы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қамауға алынған. Баспасөз құралдарының жазуынша, аталған қылмыс 2021 жылы болған, ол бойынша бес адам сотталған.

"Хутор" деген қылмыстық топтың БАҚ бетінде аталуы Алматы облысы Талғар қаласында Шерзат Полат дейтін жасөспірімнің кісі қолынан қаза табуынан соң жиіледі. Сол кезде осы топқа қатысы бар деп Қасымбаевты атағандар көп болған.

Биыл маусымда 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі бойынша тоғыз адам түрме жазасына кесілді. Осы аптада апелляциялық сот үкімді өзгертпеді.

Әлеуметтік желіде өлімге "Хутор" қылмыстық тобының қатысы болуы мүмкін, оның артында жергілікті кәсіпкер Хасан Қасымбаев тұруы ықтимал деген болжамдар айтылды. Ішкі істер министрлі мұндай қылмыстық топтың барын жоққа шығарды. Бірақ бір айдан соң Қасымбаевты қамауға алды. Оның бауыры Аслан Қасымбаев Шерзат Полаттың өлімінен соң Талғар ауданы аппаратының жетекшісі қызметінен босатылды.

Былтыр Orda.kz басылымы Хасан Қасымбаевпен болған сұхбатты жариялады. Онда Қасымбаев: "ешқандай заң бұзбағанын, сотталмағанын, адал еңбек еткенін айтқан".

Украинаның Сумы облысында Ресей әскерінің соққысынан 14 адам зардап шекті

20 тамызға қараған түні Ресей әскері Украинаның Сумы және Одесса облыстарына дронмен соққы жасады. Сумы облысының оңтүстігіндегі Ахтырка қаласында 14 адам зардап шекті, арасында үш бала бар деп хабарлады жергілікті билік.

Көп қабатты тұрғын үй, 13 жеке үй, шаруашылық құрылыс пен көлікжай қираған. Шабуылға 15 дрон қатысқан.

Одесса облысындағы Измаил қаласында порт инфрақұрылымына шабуыл жасалған. Отын-энергетикалық нысанда өрт болды. Өрт сөндіруге 54 адам, 16 техника қатысты. Өрт сөндіру пойызы да қажет болған.

Сәрсенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаға 93 дрон және дрон-имитатор, "Искандер-М" екі баллистикалық ракетасын жіберді деп хабарлады Украина әскері. Бір ракета мен 62 дрон атып түсірілген.

Шымкент әкімінің орынбасарына "қастандық жасады" деп айыпталған Ернар Жиембай 9 жылға еркіндігінен айырылды

Руслан Берденов
Руслан Берденов

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке “қастандық жасады” деп айыпталған Ернар Жиембай 9 жылға еркіндігінен айырылды.

Осыған дейін прокурор оған 11 жыл 3 ай түрме сұраған және жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберуді өтінген. Прокурор Бауыржан Қараманов түрлі дәйектер мен куәгерлердің айғақтары айыпталушы Ернар Жиембайдың кінәсі барын дәлелдеді деп мәлімдеген. Прокурор кәмелетке толмаған балалары барын айыпты жұмсартатын жағдай ретінде, ал ішімдік ішкен күйінде қылмыс жасауын жағдайды ауырлататын жайт ретінде бағалауды сұраған.

Жиембайға Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Қылмысқа дайындалу әрі кінәліге байланысты емес себептермен аяқталмай қалған қылмысқа оқталу" деген екі бабы бойынша айып тағылған. Ол айыпты ішінара мойындаған.

Биыл 21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ тиіп, ол ауруханаға түскені белгілі болды. Бұл оқиғаға күдікті ретінде Ернар Жиембай ұсталып, кейін оған ресми айып тағылды.

Мамыр айында Берденов тәуір болдым деп мәлімдеген. Маусымның аяғында ол Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.

Сот 6 тамызда басталған. Сот кезінде Ернар Жиембай сотта “қызғаныштан” эмоцияға беріліп, оқ атқанын, әйелінің Берденовпен жазысқанын көргенін, Берденовтің жұмыста дөрекілік танытып, намысына тиетін сөздер айтқанын жеткізген. Ал Берденов сотталушының айтқандарын толық жоққа шығарып, "манипуляция" деп атаған.

Сот отырысында айыпталушы адам өлтірем деген ниеті болмағанын мәлімдеп, жәбірленушіден бірнеше рет кешірім сұрады. Ал сотта Берденов оған қарап: "Егер еркек болсаң, әйеліңді бұл іске араластырмас едің", – деп айтты.

Сот үкімі оқылғаннан кейін Жиембай үкіммен келіспейтінін, бірақ бапты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабына ауыстыруды сұрады. Ол үкімді апелляцияға беретінін-бермейтінін әзірге, шешпеген.

Астана соты аккредитацияға байланысты СІМ-ді сотқа берген Азаттықтың өтінішін орындамады

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.

20 тамызда Астана әкімшілік соты Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне қарсы берген әкімшілік талап арызын қанағаттандырмады.

Судья К.Смағұлов министрліктің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеу туралы шешімін заңды деп тапты.

"Шешімді апелляцияға береміз. Сот сыртқы істер министрлігі келтірген дәйектерді қабылдады. Біздің алға тартқан уәждерімізді қабылдамады" деді адвокат Лилия Чаусова.

18 тамыз күнгі жарыссөзде Азаттық радиосы өкілдігінің мүддесін қорғаған заңгер Лилия Чаусова Азаттық қызметкерлерінің аккредитация мерзімін ұзарту бойынша уақытылы берген өтінішін қарауды министрліктің өзі бірнеше айға созып, кейін сол кезеңде кәсіби қызметімен айналысқан журналистерді "қисынсыз уәжбен" аккредиттеуден бас тартқанын айтқан.

Заңгер егер сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының берген өтінішін заңда белгіленген мерзімде қарап үлгермесе, ол редакцияның кінәсі емес екенін, ол үшін жауапкершілікті журналистерге артуға болмайтынын, екіншіден, шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу – ел заңдарына да, халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін айтты. Ол соттан Қазақстан СІМ-нің Азаттық журналистерін аккредиттеуден бас тартқанын негізсіз деп тануды сұраған.

Ал Қазақстан СІМ мүддесін сотта қорғап отырған заңгер Әсел Мамашева Азаттық радиосы қызметкерлері аккредитация мерзімін созу туралы берген өтініші қаралып жатқан кезде журналистік қызметпен айналысып, шетелдік БАҚ өкілдеріне тиісті аккредитациясы болмаса, ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салынатыны жазылған заң нормасын бұзды деп мәлімдеген. Оның сөзінше, СІМ журналистердің қандай тақырыпта, не жайында жазғанына бола емес, аккредитациясыз жұмыс істегені үшін заң талабын бұзды деп біледі. Сондықтан оларға аккредитация берілмейді деген.

Осыған дейін сыртқы істер министрлігі Азаттықпен бітімге келуден бас тартқан.

Биыл 14 маусымдағы хатында СІМ Азаттық журналистері заңның осы бабын бұзды деп ұйғарып, оларға аккредитация беруден бас тартқан. Аккредитациядан айырылған журналистер – Қазақстан азаматтары екеніне қарамастан, СІМ олардың шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтінін алға тартып, заңның аталған нормасы бәрібір қолданылады деп мәлімдеді.

Азаттық радиосы ондай түсіндірмемен келіспей, министрліктің бұл әрекеті заң тұрғысынан негізсіз деп есептейтінін айтып, сотқа жүгінген.

Осыған дейін халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Азатық тілшілеріне аккредитация беріп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге үндеген.

Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) дүйсенбі, 18 тамыз күні Қазақстан билігіне үндеу жолдап, Азаттық радиосының 16 тілшісін аккредиттеуге шақырған.

Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists – IFJ), Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуылға теңеп, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға шақырған.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.

Денсаулық сақтау министрлігі Абай облысы Үржар ауданында көлік қаққан балалардың жағдайы туралы айтты

Абай облысы, Үржар ауданы.
Абай облысы, Үржар ауданы.

Денсаулық сақтау министрлігі Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында көлік қаққан балалардың жағдайы туралы айтты

Министрліктің айтуынша, зардап шеккен үш баланың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің жағдайы тұрақты ауыр. Оларға бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған.

Жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Астанаға ұшақпен жеткізбек.

Пациенттердің біріне дәрігерлер бригадасы қазір миға күрделі нейрохирургиялық операция жасауда, ішкі ағзалардан қан кету тоқтатылды” деп жазылған хабарламада.

19 тамызда Ақтерек ауылында 55 жастағы жүргізуші көлігін басқара алмай, қақпа алдында ойнап жүрген балаларды қаққан. Үш бала қаза болып, үш бала ауруханаға жатқызылған. Жүргізуші ұсталып, изоляторға қамалған. Қылмыстық іс қозғалған.

Ақпаратқа қарағанда, жеті жасар ұл бала мен тоғыз жасар екі қыз бала зардап шеккен. Екеуі бір отбасынан, ал үшіншісі сол жаққа қонаққа келген.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, қаза болған үш баланың екеуі Жарма ауданы Жаңғызтөбе ауылынан келген, біреуі Үржарда тұрады. Зардап шеккен үш баланың екеуі – Үржар ауданынан, біреуі - Жарма ауданынан.

Швейцария Путин келсе, оны тұтқындамайтынын мәлімдеді

Мәскеу мен Киев президенттерінің келіссөзі Швейцарияда өтсе, ресми Берн Ресей президенті Владимир Путинге Гаага сотының қудалауынан қорғайтын иммунитет беруге дайын. Бұл жөнінде Швейцария сыртқы істер министрі Иньяцио Кассис мәлімдеді.

Сейсенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде министр былтыр енгізілген арнайы процедураның мәнісін ттүсіндірді. Оған сәйкес, егер айыпталушы елге жеке сапар емес, бейбіт келіссөзге келсе, онда үкіметтің халықаралық қылмыстық соттың ордерін орындамауға құқығы бар.

Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленский арасында келіссөз ұйымдастыруға тырысып жатқанын мәлімдеген. Sky News дерегінше, кездесу Еуропада өтуге тиіс. Франция президенті Эмманюэль Макрон саммит үшін Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) ордерін орындамауды ұсынды. Бұған дейін Reuters кездесу Будапеште өтуі мүмкін деген. Венгрия ХҚC-дан шығып, оның ордерін мойындамауды жөн көрген.

Халықаралық қылмыстық сот 2023 жылы наурызда Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер берген. Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры оларды украин балаларын Ресей аумағына күштеп депортациялады деп айыптаған. Мәскеу әскери қылмыс болғанын жоққа шығарып, соттың легитимділігін мойындамаған.

Трамп Путиннің Зеленскиймен кездесуге келіскенін айтты

Ресей президенті Владимир Путин сейсенбіге қараған түні телефон әңгімеде Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесуге келісті. Бұл жөнінде Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.

Трамптың айтуынша, әуелі Путин мен Зеленский бетпе-бет келіссөз жүргізеді, одан кейін өзімен кездеседі. "Десе де, олар жақсы дос болады деп айта алмаймын" деді АҚШ президенті Дональд Трамп.

"Путин өзін жақсы ұстайды деп үміттенемін. Әйтпесе қиын жағдайға қаламыз" деді Трамп.

Трамп пен Путиннің телефон әңгімесінен хабардар екі дереккөзге сүйенген France-Presse агенттігі ресейлік басшы Украина басшысымен Мәскеуде кездесуді ұсынған. Ал Зеленский оған келіспеген.

Fox News арнасына берген сұхбатында Трамп Украинаның НАТО-ға мүше бола алмайтынын және Украина Мәскеу аннексиялап алған Қырымды қайтара алмайтынын тағы қайталаған. Бірақ соған қарамастан Трамптың сөзінше, соғысты аяқтау келісімі аясында Киев "көп жерін" қайтармақ. Бірақ нақты қай аумақты айтып отырғаны белгісіз.

Reuters пен Financial Times бұған дейін Аляскадағы келіссөздер барысында Ресей, егер Киев Донбасс өңірінде Украина қарулы күштері бақылауда ұстап отырған жерден шегінетін болса, онда Мәскеу Запорожье мен Херсон облыстарында майдан шебін бір орнында қалдырып, Сумы мен Харьков облыстарындағы өзі басып алған аудандардан әскерін әкетуді ұсынған деп жазған.

Бұған дейін Украина Донбастан әскерін әкетпейтінін айтқан.

Украинаға қауіпсіздік беру аясында Франция, Германия, Ұлыбритания өз әскерін Украинада орналастырмақ.

Трамптың сөзінше, ол Мәскеуді бұған көндіре алуы мүмкін. Бұрын Кремль Украинаға шетел әскерін орналастыруға қарсы болған.

Абай облысында жүргізуші көлігін басқара алмай, балаларды қаққан: үш бала қаза болды

Абай облысының картасы.
Абай облысының картасы.

19 тамызда сағат 16:00 шамасында Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші көлігін басқара алмай, қақпа алдында ойнап жатқан балаларды қаққан. Жергілікті полицияның хабарлауынша, кәмелетке толмаған екі бала – оқиға орнында, тағы біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қаза болды. Үш бала зардап шекті.

Полицияның айтуынша, жүргізуші мас болмаған. Полиция хабарламасында оның Toyota көлігін басқара алмай қалғаны жазылған. Жүргізуші ұсталып, уақытша қамау изоляторына жіберілген. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқаны хабарланды.

Президенттің тапсырмасымен Үржар ауданына қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік ұшағы барған. Бортта реаниматолог, нейрохирург және травмотолог болған. Облыстық денсаулы сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайын ауыр деп бағалады.

Тағы

XS
SM
MD
LG