Мәскеу Ресей мен Украина президенттері арасындағы кездесу өтпес үшін "қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр". Бұл жөнінде жұма күні Украина басшысы Владимир Зеленский Киевке НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте келген кезде өткен баспасөз жиыны кезінде айтты.
Зеленский Ресейді бейбітшілікке баруға мәжбүрлеу үшін Батыс елдерін Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтуге шақырды. Украина президентінің сөзінше, Рюттемен Украинаға қауіпсіздік беру мәселесі талқыланған. Зеленскийдің айтуынша, мұндай кепілдік Солтүстікатлантикалық келісімнің 5-бабына (НАТО-ға мүше елдердің біріне басқыншылық жасалған жағдайда одаққа мүше елдер бірігіп қарсы тұрады - ред.) пара-пар болуы мүмкін. Ал Рютте қауіпсіздік мәселесі әлі талқыланып жатқанын айтып, бұған түсініктеме бермеді.
Путинмен кездесу мәселесін Зеленский кейінгі айларда жиі айтып жүр. АҚШ президенті Дональд Трамп мұндай кездесуді ұйымдастыру бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтқан.
Алайда Мәскеу қазір Украина басшысымен кездесу өткізу ықтималдығын іс жүзінде жоққа шығарып жатыр. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров жұма күні NBC арнасына берген сұхбатында "егер кездесудің шынымен де күн тәртібі болса" Владимир Путин "кездесуге дайын" деп айтқан. Лавровтың сөзінше, қазір мұндай кездесу жоспарланбаған.
Лавровтың сөзінше, Путин Анкориджде Трамппен кездесу кезінде Ресей жағы "белгілі бір дәрежеде ыңғай" білдірген. Лавровтың айтуынша, Зеленский Украина НАТО-ға мүшеліктен бас тартуы керек немесе Ресейге "жер беру" мәселесін талқылау туралы талаптардан бас тартқан.
Reuters агенттігі жуырда дереккөзге сүйене отырып, Мәскеудің саяси талаптарының арасында Украинаның НАТО-ға мүшеліктен бас тартуы, НАТО-ның шығысқа қарай кеңеймейтіндігі туралы уәде беруі, Украина аумағына Батыс елдерінің әскерін орналастырмау сияқты талаптар барын жазған. Бұған қоса, Ресей егер Киев Донбасс өңірінде Украина қарулы күштері бақылауда ұстап отырған жерден шегінетін болса, онда Мәскеу Запорожье мен Херсон облыстарында майдан шебін бір орнында қалдырып, Сумы мен Харьков облыстарындағы өзі басып алған аудандардан әскерін әкететінін де айтқан. Мәскеу соңғы айтылған талапты "ымыраға бару" деп санайды.
Ақпаратқа қарағанда, Украина соғысты қазіргі майдан сызығында тоқтатуға дайын және Ресей бақылауындағы украин жерін күшпен қайтарудан бас тартуға да келіседі, бірақ Украина қауіпсіздігіне кепілдік берілгенін қалайды. Мұндай қауіпсіздікке Украина аумағына Батыс елдерінің әскерін орналастыру да кіреді.