АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Fox News арнасына берген сұхбатында соғысты тоқтату бойынша Украина мен Ресей ұстанымы арасындағы негізгі қайшылықтар туралы айтты. Ол Путин мен Зеленский жақын арада кездесіп қалар деп үміттенетінін жеткізді.
Вэнстің сөзінше, Украина бірінші кезекте Ресей атысты тоқтатқаннан кейін біраз уақыттан кейін қайтадан басқыншылыққа көшпейтіндігіне кепілдікті талап етіп отыр. Ал Ресей осыған дейін орыс әскері басып алған аумақты өзінде қалдыруға ұмтылып жатыр. Бұған қоса, Мәскеу қазір Украинаның бақылауында отырған кейбір аумақтарды да өзінікі еткісі келеді.
“Келіссөздің мәйегі дәл осы жерде шоғырланған. Украиндар қауіпсіздікке кепілдік алғысы келеді. Ресейліктер белгілі бір аумаққа ие болғысы келеді” деді Вэнс.
Оның сөзінше, ұзақ уақыттан бері алғаш рет тараптар өздерінің талаптарын нақтылаған. Оның айтуынша, Путин мен Зеленский түпкілікті келісім жасалғанға дейін кездесуі мүмкін.
“Кей кезде мемлекет басшыларының бетпе-бет кездесуі олардың командалары қол жеткізе алмаған тығырықтан шығарып жіберуі мүмкін” деді Вэнс.
Дегенмен Ресей жағы президенттердің кездесуіне “тыңғылықты дайындық” қажеттігін айтып отыр. Сәрсенбі күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров осылай деп мәлімдеді. Оның пікірінше, әуелі осы жазда Стамбұлда кездескен екі жақтың делегация деңгейлерін жоғарылату керек.
Бұған дейін дереккөздерге сүйенген ақпарат құралдары Путин Аляскада Трамппен кездесу кезінде Донецк облысында оккупацияланбаған аумақтан (шамамен облыс аумағының үштен бірі) украин әскерін әкетуді де талап еткенін жазған. Есесіне Путин Украинаның Сумы мен Харьков облыстарынан Ресей әскерін әкететінін айтқан. Сонымен бірге Запорожье мен Херсон облыстарында соғысты майдан сызығында тоқтататынын жеткізген.
Ал Киев қандай жағдай болмасын, Украина Ресей басып алған аумақты заңнамалық тұрғыда “орыс жері” деп мойындамайтынын мәлімдеген. Дегенмен Зеленский Путинмен іс жүзінде аумаққа бақылау орнату мәселесін талқылауға дайын екенін атап өткен. Киев Донецкіден украин әскерін әкетуге қарсы.
Вэнс сұхбатта сонымен бірге Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі және соған қатысты қаржы шығынын Еуропа елдері көтеруі керек деп айтқан.
“Соғысты тоқтатуға көмектесуге дайынбыз, бірақ бұл тұста Еуропа маңызды рөл атқаруы керек. Бұл олардың құрлығы, олардың қауіпсіздігі және президент [Трамп] та олардың қимылдауы керек екенін білдірген” деді Вэнс.
Путинмен кездесу жөнінде Зеленский де айтты. Оның сөзінше, мұндай кездесу НАТО-ға кірмейтін айталық, Швейцария немесе Австрияда өтуі керек. Ол Түркияда өтсе де, қарсы емес, ал бірақ Мәскеуде өткізуге үзілді-кесілді қарсы. Будапеште өткізу мүмкіндігіне де күмән келтірді, себебі Венгрия Украинаны қолдамаған.
Зеленскийдің сөзінше, Путин соғысты аяқтауға ұмтылуы мүмкін, алайда мұны Ресей қоғамына “жеңіс” ретінде көрсеткісі келеді, украин әскерін Донбастан әкету туралы талапты да сонымен түсіндіруге болады деп санайды.