АҚШ Украинадағы соғыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп үміттенеді. Вашингтонда Дональд Трамп кабинетінің отырысы кезінде Ресеймен келіссөздерге қатысып жүрген және Владимир Путинмен бірнеше рет кездескен АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стивен Уиткофф осылай деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, осы аптада Америка жағы Украина және өзге де аймақтардағы соғыстарды, арасында Газа секторы мен Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс та бар, реттеу бойынша кездесу ұйымдастырады.
"Оларды жыл соңына дейін реттейміз деп үміттенеміз" деді Уиткофф. АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғыс "жақын арада" бітетіндігінен үміттенетінін айтты. Нақты мерзімін айтпады.
Трамп егер Ресей президенті Путин бейбітшілікке ұмтылмаса, Ресейге экономикалық санкция салуы мүмкін екенін айтты. "Мен экономикалық санкция жөнінде айтып отырмын, себебі біз үшінші дүниежүзілік соғысты тұтандырғымыз келмейді" деді Трамп.
Президент Ресей мен Украина басшыларын бетпе-бет кездестіруге ұмтылатынын, себебі екеуі де осының бәрі аяқталғанын қалайды деді. Журналистердің бірі "Путин Зеленскийді заңсыз президент санағандықтан онымен кездескісі келмейді" деген сөзіне Трамп "олардың не айтқаны маңызды емес. Бәрі бос сөз. Олар жұрт алдында сүйтеді" деп жауап берді. Трамп бейбітшілік келісіміне қол жеткізбеуде Зеленскийдің де кінәсі барын айтып, санкция мен кедендік баж салығы Ресей ғана емес, Украинаға да салынуы мүмкін екенін жеткізді.
Трамп қызметіне оралғаннан кейін соғысты бітіру қажеттігін айтып келеді. Оның әкімшілігі Украинаны қолдау емес - негізінен соғысты тоқтатып, бейбіт келісімге қол жеткізуге күш салып отыр.
Кейінгі апталарда Трамп Путинмен де, Зеленскиймен де кездесті. Алайда Ресей түрлі талаптарды алға тартып, іс жүзінде екі басшының жеке кездесуін өткізуден бас тартып келеді. Дегенмен екі жақ бастапқы талаптарына қарағанда кейбір талаптарынан бас тартуға ыңғай білдірген.
Украина өзінің қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етіп келеді. Financial Times дереккөздерінің айтуынша, АҚШ соғыстан кейін Украинаға әскерін орналастыруы мүмкін Еуропа елдеріне әуе және барлау деректері жағынан қолдауға дайын. Сарапшылардың сөзінше, АҚШ жағынан қолдауға ие болу – Украина мен оның Еуропадағы одақтастары үшін үлкен жетістік. Алайда Ресей Украинада шетел әскерін орналастыруға қарсы.