Таяқ жеу, "киллер жалдау", абақтыда өткен 11 ай. Эльвира Еркебаеваның ісі

"Бұрынғы күйеуін өлтіру үшін киллер жалдаған" деген айып тағылған Эльвира Еркебаева (оң жақта тұрған) мен онымен бірге сотталып жатқан Максим Кузнецовтың соты (видеодан скриншот)

25 тамыз күні Батыс Қазақстан облысының соты "киллер жалдап, бұрынғы күйеуін өлтірмек болды" деп айыпталған Эльвира Еркебаева мен оның танысы Максим Кузнецовқа үш жыл шартты жаза кесіп, екеуін сот залынан босатты. Алқабилер бұл істе "сөз байласып кісі өлтіруге оқталу" болмаған, бірақ айып тағылған екі адам "заңсыз қару иемденіп, сақтаған" деп тапты. Сот кезінде Эльвира бұрынғы күйеуінен ұзақ уақыт бойы теперіш көргенін айтқан. Осы іспен айналысқан "НеМолчи" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Дина Смайыловамен сұхбат құрдық.

Айыптау және ақтау

Сот үкімін естіген сәтте кейінгі бір жарым жыл қамауда болған Эльвира Еркебаеваның қуанышында шек болмады. Ол судьяның "сот залынан босатылысын" дегеніне әлі сене алар емес.

– Мені қолдаған баршаға алғысым шексіз. Зор қолдау танытқан БАҚ, адвокаттарыма, туыстарыма, құрбы-достарыма көп рақмет, бәріне сәлем айтамын! – деді ол.

Эльвираның ақталмаса да, шартты жазамен босап шыққанына қуанып жатқандар көп. Бір жылға жуық уақыт жалғасқан сот тыңдауы кезінде айыпталушы мен адвокаттары "бұрынғы күйеуін өлтірмек болған" әйелдің тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін дәлелдеумен болды.

Прокурор сотталушыларды "Адам өлтіру", "Қылмысқа оқталу", "Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi" баптары бойынша кінәлі деп тауып, соттан Эльвира Еркебаеваны 7,5 жылға, оның танысы Максим Кузнецовты 10 жылға бостандығынан айыруды сұраған.

Сот алқабилер шешіміне сүйеніп, Эльвира Еркебаева қылмыстық кодекстегі 287-баптың 4-тармағы (сөз байласу арқылы қару иемдену, сақтау) бойынша кінәлі деп танылып, оған үш жыл шартты жаза тағайындалғанын айтты. Максим Кузнецов қылмыстық кодекстегі 28-баптың 5-тармағы (қылмыс жасауға көмектесу) және 287-баптың 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, ол да үш жыл шартты жаза алды.

Эльвира Еркебаева 2024 жылы ақпанда "бұрынғы күйеуін өлтіру мақсатымен кісі жалдаған" деген күдікпен ұсталып, тергеу абақтысына қамалған. Сотқа дейінгі тергеу нұсқасы бойынша, Еркебаеваға күйеуін өлтіруге танысы Максим Кузнецов көмектеспек болған. Іс материалдарында "екеуі іздеп тапқан киллер полицияға арызданып, ақыры арнайы операция аясында Еркебаева мен Кузнецов қамауға алынғаны" айтылған.

Былтыр қыркүйекте басталған сот процесі барысында Эльвира ұзақ уақыт бойы өзіне зәбір көрсетіп, қорлап, азаптаған күйеуінен заңды түрде ажырасса да, бұрынғы жұбайы қыр соңынан қалмай қойғанын айтқан. Ол бұрынғы күйеуінен қорғану үшін тапанша сатып алмақ болып, танысы Максим Кузнецовтан көмек сұрағанын мойындады. Кузнецов үшінші бір адамнан тапанша сатып алуға келіскен. Әлгі адам Эльвира Еркебаева мен Максим Кузнецев "адам өлтіруге тапсырыс беріп жатыр" деп полицияға хабарлаған. Ол Эльвираға бұрынғы күйеуін сырттай танитынын және одан ала алмай жүрген өші барын айтып, мәселені "жігітше шешуге" уәде еткен.

Тергеушілер Эльвираның әлгі адамға "менің мазамды алмаса болды" деген сөзін "бұрынғы күйеуін өлтіруге тапсырыс берген" деп бағалаған. Істегі негізгі куәгер – "киллердің" өзі. Эльвира да, оның адвокаттары да тергеушілермен арнаулы операция жүргізуге келіскен "киллер" әйелді арандатты, күйеуін өлтіруге көндірмек болды деп есептейді.

Қоғам назарында болған істі қараған сот алқабилері айып тағылған екі адам "заңсыз қару иемденіп сақтаған, алайда кісі өлтіруге оқталмаған" деген ұйғарым жасады. Судья бұл байламға келісіп, екеуіне шартты жаза кесіп, оларды қамаудан босатты.

Your browser doesn’t support HTML5

Эльвира күйеуін өлтіруге киллер жалдады ма? Ақсайдағы операция

"Оған әлі қауіп төніп тұр". Құқық қорғаушының пікірі

Әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын "НеМолчи" қоры Эльвира Еркебаеваны қорғауға адвокат жалдап, бұл іске белсене араласты. Қор жетекшісі Дина Смайылова сот үкімін жеңіс деп бағалады. Оның себебін өзінен сұрадық.

"НеМолчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова

– Бұл үкімді жеңіс деген себебіміз – Эльвира бостандыққа шықты. Біз үшін ең маңыздысы да сол – оның бостандықта болғаны. Максим де сот залынан босап шықты, осы тұрғыдан мұны жеңіс деп қабылдадық. Әділетті шешім шығаратынына соңғы сәтке дейін сенген жоқпыз, оны соттап жібере ме қорықтық. Өйткені, процесс бойы оның кінәсін табуға қаншалықты тырысқандарын, қайткен күнде де бұл істі "тапсырыспен кісі өлтіру" деп дәлелдемек болғандарын, прокурордың сөздерін, судьяның ешбір өтінішті қанағаттандырмай, прокуратураның жетегінде кетуге ыңғай танытқанын көрдік. Әрине, соның бәрі үмітімізді өшіре бастаған еді.

Біз тіпті алқабилерге қысым жасалып, олар өздерінің шынайы пікірін білдіре алмай қала ма деп қорықтық. Оның үстіне судья алқабилермен 3 сағаттан аса кеңесу бөлмесінде болды, сол жерде де қысым болуы мүмкін еді. Мен тіпті бір тікелей эфирімде үмітім үзіліп, "біз бәріне дайынбыз" дегенім де есімде. Бірақ прокурор жарыссөзде бірде-бір дәйек келтіре алмаған кезде алғаш рет күдігім сейілді. Ол эмоцияға беріліп сөйлегенімен, ешқандай факт келтіре алмады, қылмыс мотивін айта алмады. Осыдан кейін жүйеден қалай көңілің қалмайды?

Осыған дейінгі жарыссөзге басқа прокурор әйел жеткен, дәл осы прокурор Досбол Жұманов үш алқабиді алып тастады да, сотты жаңадан бастады. Сол себепті уақыты зая кеткен Эльвира аштық жариялады. Бұл бәрімізге үлкен стресс болғандықтан екінші сотқа мүлде сенген жоқ едік. Сондықтан осындай үкім шыққанда біз оны жеңіске баладық. Өйткені қалай десек те, біз оны шектеулі болса да бостандыққа шығарып алдық.

– Неге дәл мұндай шешім қабылдағанын алқабилер я судья түсіндірді ме? Сонда Эльвира бұрынғы күйеуін өлтіруге киллер жалдамаған ба? Өзіңіз бұл үкімді қалай түсінесіз?

– Алқабилерге "ол қылмыс жасады ма, жоқ па?", "оның кінәсі бар ма, жоқ па?" деген сұрақтар қойылуға тиіс еді. Үкімге сәйкес, алқабилер Эльвира тек "қаруды заңсыз сатып алғаны үшін кінәлі" деп тапты. Бұл сұрақ ең соңғы сәтте пайда болды, өйткені іс жалпы "қаруды заңсыз сатып алу" дерегі бойынша емес, тек "кісі өлтіру" бабымен қаралған. Ал қару сатып алуға қатысты болса, алқабилерге басқа сұрақтар қойылар еді. Сатып алуына ең алдымен оның психологиялық жағдайы, дәрменсіздігі, полицияның әрекетсіздігі себеп болғаны жайлы айтылар еді.

Бірақ ондай сұрақтар болған жоқ. Тек "қару сатып алғаны заңды ма, заңсыз ба?" деген сұрақ қойылды. Біріншіден, мұндай сұрақтың өзіне келіспеймін, өйткені бұл сұрақ соңғы сәтте пайда болды, яғни судья өз бетінше істі қайта саралап жіберді. Сонымен бірге сот шешіміне де келіспейміз, өйткені сот үш жылға бостандығын шектеу жазасын берді, ал санкцияда максимум екі жылға бостандығынан айыру көзделген. Сонда үш жыл деген қайдан шықты? Эльвира 545 күн қамауда отырды, қамаудағы бір жылы бір жарым жылға есептелсе, ол 2,5 жыл қамауда отырған болып тұр. Судья Эльвираны полицияға тәуелді ету үшін әдейі пробацияға байлап қойды деп ойлаймын. Талай барып, көмек сұрағанда қолдау таппаған полицияға, өзінің үстінен қылмыстық істі қолдан жасаған полицияға тәуелді етті.

Олар қалайда Эльвираны қайтадан түрмеге отырғызуға мүдделі екені анық. Егер ол ереже бұзды деуге ілік болатындай болмашы бір іс-әрекет жасайтын болса, олар оны оп-оңай қамап тастай алады. Біз бұған келіспейміз, апелляцияға арыз береміз. Оған "киллер жалдап, күйеуін өлтіруге тапсырыс берді" деген айып тағылған еді. Бірақ олар оны дәлелдей алмады, сондықтан алқабилер бұл айыптау бойынша оны кінәлі дей алмады.

Ал соңғы сәтте судьяның "қару сатып алғаны заңды ма, заңсыз ба?" деп сұрауы, Эльвира ақталып кетпесін, "тым болмағанда бір айыптау болсын" деген мақсатты көздеген сияқты. Сондықтан біз мұны да мүлде заңсыз деп санаймыз. Бұдан бөлек, прокуратура да бұл шешімге наразылық беруі әбден мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Прокурор “бұрынғы күйеуін өлтіру үшін киллер жалдады” деп айыпталған Еркебаеваға 7,5 жыл түрме сұрады

– Осы қылмыстық істе сізге негізсіз болып көрінетін тағы қандай жайттарды айтар едіңіз?

– Бұл істің түсініксіз тұсы өте көп. Мәселен, прокуратура істі "тапсырыспен кісі өлтіру", оның үстіне "топ болып кісі өлтіру" деп бағаласа, ол жерде 12 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге жаза қарастырылған. Ал прокуратура Эльвираға 7,5 жыл, Кузнецовқа – 10 жыл жаза сұрады. Оны қалай негіздеді? Қай баппен? Бұл тіпті "кісі өлтіру" бабына да келмейді, өйткені ол жерде жаза мерзімі кемінде сегіз жылдан басталады. Түсінесіз бе? Жарыссөзге келгенде, прокуратура қылмыс мотивін айта алмай, тығырыққа тірелді. Неге?

Өйткені осы күнге дейін адвокаттар Эльвираның отбасында зорлық-зомбылық көргенін, жүйелі түрде қатыгездікпен жасалған қорлыққа амалсыз шыдап келгенін, тіпті екі рет суицид жасауға оқталып, ақыры 10 ай бойы күйеуінен жасырынып, бір пәтерде тығылып жатқанын айтып келді. Бірақ олар мұны мойындағысы келмеді, отбасындағы зорлық-зомбылықты мойындаудан әдейі қашқақтады.

Ал прокурор "әйел өліп кетсе де 10 ай бойы балаларын тастап кете алмайды, өмірін қатерге тігіп, балаларын алып кетуге тиіс еді" дейді. Осы сөзімен ол зорлық-зомбылық жасалғанын мойындайды да, бірақ соның кесірінен қашпақ болған Эльвираның әрекетін мойындағысы келмейді. Мотивінің бірі ретінде "күйеуінің мүлкін иемденгісі келді" дейді. Бірақ 2014 жылдан бастап олар ресми түрде ажырасып, бар мүлік Эльвираның өз атына жазылған.

Осындай жағдайларды көрген судья да тергеуге қатысты жеке қаулы шығаруы керек еді, қылмыстық істі қолдан жасағаны үшін, Эльвираны дер кезінде қорғауға шара қолданбағаны үшін оларды жауапқа тартуға тиіс еді.

Азаптан құтылу үшін Эльвира екі рет өз-өзіне қол салмақ болған, полицияға шағымданған, бірақ полицияны Ербол пысқырмаған да, қарсылық көрсетіп, қуып шыққан. Сотта бұл фактілер дәлелденді, тиісінше сот Ерболға қатысты да қаулы шығаруға тиіс еді. Бірақ олай болған жоқ. Біз қазір осы фактілерге қатысты іс қозғауымыз керек, "азаптау" бабымен де, "полицияға қарсылық көрсету" бабымен де. Мұның бәрін қозғауымыз керек, бірақ жеке ұйғарым жоқ. Яғни біз бұл фактілерді басынан бастап дәлелдеуге мәжбүр боламыз.

– Полиция тарапынан арандату болған деп айттыңыз. Олардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілді ме? Мұны ары қарай даулайсыздар ма?

– Әрине, біз құқықтық баға беріледі деп күттік, әсіресе "киллер" деп аталып жүрген Галиевтің әрекеттеріне, өйткені іс материалдарында оның ақша туралы әңгімесі бар, нақты сома айтылған: "Мен айтқаныңды орындадым, ақшаңды бер, маған тағы да 100 мың қарызсың" деген Галиевтың сөздері жазылған. Ондағы сөйлескен "Азеке" деген адам полиция өкілі екені де айтылды. Прокурор да жарыссөзде осы жазбаға сүйеніп, "Галиев ІІМ-дегі танысына кеңес сұрап барған" деді. Яғни, жеті рет жауапқа тартылып, пробацияда жүрген адам ІІМ-ге қоңырау шалып, ақылдасып, кеңес алуға мүмкіндігі бар екен. Ал құқық қорғаушы ретінде менің ондай мүмкіндігім жоқ. Міне, осы нәрселер мені қатты ашуландырды. Иә, біз мұның бәрін көтеріп, тергегіміз келеді, бірақ жауап беретін адам табылатынына сенімді емеспін.

Өйткені біз Эльвира үшін, оның өмірі үшін қорқамыз. Себебі Эльвира соттан кейін үйіне емес, бас амандығы үшін құпия пәтерге кетуге мәжбүр болды. Ең ауыры – осы. Ол әлі де тығылуға мәжбүр. Кузнецов үшін де қорқамыз, өткені, Ербол сотта: "Мен жәбірленуші емеспін, өзімді жәбірленуші санамаймын. Маған Кузнецовты беріңдер, онымен мәселені өзім шешем" деп ашық сес көрсеткен. Судья кешегі шешімімен Ерболдың бастағанын аяқтауға жағдай жасап берді. Ол өзін жәбірленуші деп тануды қаламайды, өйткені қылмыс әлеміндегі түсінік бойынша "терпила" (жәбір көруші) болу ұят саналады. Сондықтан ол кек алуы мүмкін. Бұл қауіпті судья неге ескермейді?

Сот Эльвираны мемлекеттік қорғаумен қамтамасыз ететін жеке қаулы шығаруға тиіс еді ғой. Осыдан бірнеше жыл бұрын осы Орал қаласында бір ер адам заңсыз қару иемденіп, әйелін аңдыған, полиция оны ұстап, қаруын тартып алған күннің өзінде қайта сатып алып, ақыры әйелін кепілге алып, зорлап, ұрып-соғып, денесіне зақым келтіргеннен кейін қамауға алынды. Ақыры сот оны зорлық жасағаны үшін соттады, ал заңсыз қару ұстағаны үшін жазалаған жоқ. Ал мына жерде Эльвираны қару сатып алды деп 545 күн қамауда ұстады, ол тіпті қаруды ұстаған да жоқ, тек сатып алмақ болған.

– Командаңызбен бірге бұл істі былтырдан бері жүргізіп келесіздер. Осы істе ең ауыр болғаны не?

– Бұл істе, ең алдымен, Эльвираның батылдығына тәнтімін. Ол – мықты әйел. Үкім оқылғандағы сабырлылығына сүйсіндім, қаншама нәрсені басынан өткізіп, аман қалғанына таңғалдым. 20 жыл бойы зорлық пен қорлық, агрессия, әділетсіздік, суицидке талпыныстар, пәтерде 10 ай бойы өзін-өзі қамап қою оңай емес. Ол бұған саналы түрде барды. Ол пәтерде тығылып жатуға мәжбүр болды, далаға шықпай, терезеге жақындамай тіпті үйдің ішінде жарық та қоспай өмір сүрді. Оның бар ойы – балалары еді. Қазіргі жағдайда ең қиыны – Эльвира мен оның ұлының қарым-қатынасы. Өйткені Ербол баланы мұқалтып тастады. Ол баласын алып қалып, спортзалда ұстады, бала қалмаса да жаттықтыру жасатып, есінен тануға дейін жеткізді. Қазір біз баланың мінез-құлқынан "ата-анасын жатсыну синдромын" байқаймыз. Өйткені ол анасын ұзақ уақыт көрмеді, оған "анаң сені тастап кеткен, анаң жаман, жеңіл жүрісті адам" деген ойды сіңірді.

Мұның бәрі бала психикасына өте ауыр әсер етеді. Қазір оның жасы 13-те. Эльвира баласымен қарым-қатынасын қалай қалпына келтіретінін білмейміз. Баланың анасынан айырылғаны – Ерболдың тікелей кінәсі. Ербол баланың анасы жайлы түсінігін улап тастады. Ал Эльвира болса "балалар үшін шыдағанын, өз өмірімді сақтау, өзім үшін бірдеңе істеудің еш мәні жоқ, маған керегі – тек балаларымның қасында болу" деп айтып келді. Ең ауыры – қамаудан босатылса да балаларымен қауыша алмауы. Балаларын құшағына баса алмауы. Біздің елде әйелдер осылай өмір сүруге мәжбүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен педофилияға жазаны күшейтетін заң жобасына қол қойды

Президент үнемі "біз заңдарды күшейттік, біз жарадық" дейді, Тоқаевтың реформаларын бүкіл әлем жақсы қабылдап, "Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жағдай жақсы" деп санағанымен, шын мәнінде жүйенің ішінде не болып жатқанын, мұндай сұмдықтар барын көпшілік білмейді. Ал ең өкініштісі – бұған ешкім жауап бермейді. Судья да, прокурор да, тергеуші де жазаланбайды. Егер жауапқа тартқымыз келсе, қолымыз байлаулы, себебі олар Эльвираны кепілге алып отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын "күйеуін өлтірді" деп айыпталған бір келіншек сегіз жылға сотталды. Ал шын мәнінде бұл өзін-өзі қорғау еді. Оған бүкіл Қазақстан араша түсіп, ақыры апелляцияда жазасы жеңілдеп, қамаудан босап шықты. Біз оны ақтамақ ниетіміз болды, дегенмен ол шыққан соң: "Дина, мен енді ештеңе қаламаймын. Полиция мен прокуратура қудаламаса екен, соны ғана қалаймын" деп жалынды. Неге? Өйткені оның екі жасөспірім ұлы өсіп келе жатыр. Оған қысым көрсеткен. Мен оны ана ретінде жақсы түсіндім және әрі қарай ештеңе жасай алмадық. Енді Эльвираға не болады? Білмеймін. Эльвираның қауіпсіздігін ешкім ойламайды, ертең бірдеңе болса, ешкім жазаланбайды.

– Эльвираның оқиғасы Қазақстандағы әйелдердің жағдайы мен олардың әділетке жету мүмкіндігі қалай екенін көрсете алды ма?

– Өте айқын кейс, шыны керек. Біз оны халықаралық сарапшыларға көрсетіп қойдық, Human Rights Watch ұйымына да көрсеттік. Олар, айтпақшы, мәлімдеме жасады. Біз бұл іс бойынша БҰҰ-ның арнайы баяндамашыларына да жаздық. Әрине, қазір біз осы іске қатысты құжаттар дайындап жатырмыз, ең болмаса БҰҰ-ның Адам құқықтары комитетіне жеткізгіміз келеді. Біз міндетті түрде халықаралық деңгейде айтуымыз керек, өйткені бұл шынымен біздің қоғамның трагедиясы.

Әйелдер өзін ешқандай жолмен қорғай алмайды. Қарап отырсаңыз, елде қаншама комитет бар. Әйелдерге қатысты түрлі мекемелер, тұтас отбасыны қолдау мен дағдарыс орталықтарын ашып тастады. Ал олар Оралда неге болмады? Неге бәрі үнсіз қалды? Міне, мені ашуландыратыны осы. Ластаев (Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев – ред.) Женеваға барып, "Бізде 112 отбасыны қолдау орталығы ашылды, 47 дағдарыс орталығы бар, әйелдер құқығын қорғауға 6 миллиард бөлінді, заңдар қабылданды" деп есеп береді. Бәрі қол шапалақтап: "Қазақстан, жарайсыңдар, керемет, әйел құқығы реформасы бойынша бірінші орындасыңдар" дейді. Ал іс жүзінде не болып жатыр? Эльвираның ісінде солардың бірде-бірін көрмедім. Біз қанша рет жазсақ та, әрекетке шақырсақ та ешқайда шықпады.

Қазір біз оның өміріне алаңдап, қорқып отырмыз. Оны қорғайтын біреу бар ма? Орталықтар қайда? Балалар құқығын қорғайтын орган неге үнсіз? 13 жастағы баланы еш жерде жұмыс істемейтін, мүгедек әкесімен қалдырғаны үшін олар да жауапқа тартылуы керек емес пе? Қазір соның кесірінен жаны жаралы бала анасына жақындаудан қорқатын халге жеткен.

– Эльвираның қазір жағдайы қалай? Ол қауіпсіз жерде ме? "НеМолчи" ұйымы оған ары қарай қолдау көрсететін бола ма?

– Әрине, біз Эльвираны қолдаймыз. Өйткені оның бостандыққа шығуы жасалуға тиіс істің басы ғана. Ендігі негізгі жұмыс – оны қорғау, оған қатысты ары қарай ешқандай физикалық зорлық-зомбылық болмауын қамтамасыз ету. Бірақ біз ол жайында әлі сөйлескен жоқпыз. Сот үкімінен кейін эмоциямызды жасыра алмадық. Ол қоңырау шалды, біз сөйлестік, бүкіл ұжыммен эфирге шықтық. Бірақ нақты ары қарайғы жоспарлар жайлы сөйлесуге әлі уақыт болған жоқ. Ол әзірге біреуге қоңырау шалудан да, телефонға жақындаудан да қорқып отыр.

Шынымды айтсам, тіпті адвокаттармен де сөйлесіп үлгермедім. Алдымен ақылдасайық. Дегенмен апелляцияға шағым беру керек деп ойлаймын. Оның кінәсіздігін толық дәлелдеп, қаншама жыл азаптаған және сол азапты тоқтатпаған адамдардың бәрін жазалауды талап ету керек. Мұның бәріне құқықтық баға беріп, мәселені заң аясында шешу керек.