Талғарда "Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаевтың соты өтіп жатыр

"Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаев. Orda.kz басылымы жариялаған видеодан скриншот.

Талғарда "Хутор" тобына қатысы бар деген Хасан Қасымбаевтың соты өтіп жатыр. Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау баптары бойынша айып тағылған. "Қазақпараттың" жазуынша, істе Қасымбаевтан бөлек, тағы бес айыпталушы бар.

Сәрсенбі күні сот отырысы кезінде қорғау жағы прокурор Назгүл Тәукенбайды ауыстыру туралы өтініш берді. Олардың сөзінше, Тәукенбай алғашқы инстанциядағы сот процесіне қатысқан. Сот шешім қабылдау үшін үзіліс жариялады.

Хасан Қасымбаев былтыр қарашада үш жылғы бұрынғы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қамауға алынған. Баспасөз құралдарының жазуынша, аталған қылмыс 2021 жылы болған, ол бойынша бес адам сотталған.

"Хутор" деген қылмыстық топтың БАҚ бетінде аталуы Алматы облысы Талғар қаласында Шерзат Полат дейтін жасөспірімнің кісі қолынан қаза табуынан соң жиіледі. Сол кезде осы топқа қатысы бар деп Қасымбаевты атағандар көп болған.

Биыл маусымда 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі бойынша тоғыз адам түрме жазасына кесілді. Осы аптада апелляциялық сот үкімді өзгертпеді.

Әлеуметтік желіде өлімге "Хутор" қылмыстық тобының қатысы болуы мүмкін, оның артында жергілікті кәсіпкер Хасан Қасымбаев тұруы ықтимал деген болжамдар айтылды. Ішкі істер министрлі мұндай қылмыстық топтың барын жоққа шығарды. Бірақ бір айдан соң Қасымбаевты қамауға алды. Оның бауыры Аслан Қасымбаев Шерзат Полаттың өлімінен соң Талғар ауданы аппаратының жетекшісі қызметінен босатылды.

Былтыр Orda.kz басылымы Хасан Қасымбаевпен болған сұхбатты жариялады. Онда Қасымбаев: "ешқандай заң бұзбағанын, сотталмағанын, адал еңбек еткенін айтқан".