Қазақстанда былтыр күзде АЭС референдумы қарсаңында ұсталып, "жаппай тәртіпсіздік жасамақ болды" деген айыппен биыл сотқа тартылып жатқан бес белсендінің сотынан журналистер қуылды.
25 тамыз күні Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков сот залына кіре сала, журналистерді нұсқап: "мына кісілер шығып кетсін" деп бұйырды. Сотты бақылауға барған кемінде бес БАҚ-тың өкілдерін айдауыл залдан шығарып жіберген.
Судья Қасымбеков журналистерді сот залынан қуу себебін сұраған Азаттық журналисіне жауап берместен: "мына кісіні де шығарып жіберіңіз" деп айдауылға ауызша бұйрық берді.
Алайда айдауыл да, журналистер де орнынан қозғалмай қойған соң судья "онда бір сағат үзіліс жариялаймын" деп залдан шығып кетті.
Бір сағаттан соң сот залына оралған судья Ернар Қасымбеков "журналистер шықсын" деп сөзін тағы қайталады. Себебін түсіндірген жоқ. Ол журналистерді неліктен қуып жатқанын сұраған адамдардың бәрін "сіз де шығыңыз" деп айдауылға күштеп шығаруды бұйырды.
Бүгін, 25 тамызда Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында өтіп жатқан сот процесінде бес белсенді соңғы сөзін айтты, оған БАҚ өкілдері қатыстырылмады. Отырысқа қатысушылардың айтуынша, судья сот үкімі 26 тамыз, сейсенбі күні сағат 11-де оқылатынын хабарлаған.
56 жастағы Айдар Мүбәраков, 66 жастағы Нұрлан Жауылбаев, 64 жастағы Фазылжан Сыдықов, 55 жастағы Нұрлан Темірғалиев және 67 жастағы Жанат Қазақбай былтыр АЭС референдумы қарсаңында ұсталған. Оларға "жаппай тәртіпсіздік жасамақ болды" деген айып тағылды.
Прокурор оларды "халықты заңсыз жинап, тәртіпсіздік жасамақ болды, қиратып, өртеп, мүлікті жойып, билікке қарсы шығуға оқталды" деп айыптады. 21 тамыз күні прокурор соттан айыпталушыларға бес жыл түрме жазасын беруді сұраған.
Бесеуі де өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарады. Олар Қазақстанда АЭС салуға қарсы екенін жасырмайды, бірақ заңсыз әрекет жасау ниеті болмағанын және ешкімді тәртіпсіздік пен заңсыз іс-әрекетке шақырмағанын айтты. Олар азаматтық белсенділігіне бола қудаланып жатырмыз деп санайды.
Айыпталушылардың бірі АЭС-ке қарсылығын әлеуметтік желіде жазба қалдырып білдірсе, енді бірі референдумда бақылаушы болуды ұйғарған. Ал тағы біреуі халықтың АЭС туралы білімін жетілдіріп, ағартушылықпен айналысуды көздеген. Сол мақсатқа жету үшін біріккен, бақылаушыларды оқыту үшін кеңсе іздеген, талқы үшін біреуінің үйінде кездесіп, шай ішкен. Бұл – сотқа тартылып жатқан бесеудің айтқаны. Алайда қылмыстық істе олардың бұл әрекеттері өздеріне қарсы қолданылған.