Ресейдегі жүк тасушы ірі әуекомпания мемлекет иелігіне өтуі мүмкін

Ресейлік жүк тасымалдайтын "Волга-Днепр" әуе компаниясы мен оған тиесілі AirBridge Cargo 2022 жылға дейін елдегі ең ірі жүк тасымалдаушы болған, алайда Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғысын ашқаннан кейін компания халықаралық нарықтағы үлесінен толық дерлік айырылды деуге болады.

"Коммерсантъ" газетінің жазуынша, компанияның негізін қалаушы Алексей Исаикин корпоративтік мереке кезінде бизнесті мемлекетке өткізу мүмкін екені жайлы хабарлаған.

"Егер Отан компания Отанға қызмет етуі тиіс десе, онда бәрі: мемлекет иелігіне алу, тәркілеу, әділ келісім, кез келген нұсқа [болуы мүмкін]", – деген оның сөзін келтірген басылым.

Өткен қыста бұл компаниялар тобының кеңсесінде тінту жүргізіліп, бұрынғы үлескері Сергей Шкляник Тергеу комитетіне шақырылған еді. Газет дереккөздерінің бірі ол тергеу шараларын жүк тасымалдаушының "экономикалық жағдайына жасалған аудит" деп сипаттаған.

Батыс елдері "Волга-Днепр" компаниялар тобын санкциялар тізіміне енгізген. Компания мен оның еншілес тасымалдаушылары Ан-124 "Руслан", Ил-76, Ан-12 және жүк тасуға бейімделген Boeing ұшақтарына ие, бірақ соғыс пен санкцияларға байланысты ұшақтарының көбі ұшу жарамдылығы сертификатынан айырылған.

2022 жылдың аяғындағы есепке сәйкес, сол кезде әуе компаниясы активтерінің құны шамамен 47 млрд рубль (668 млн АҚШ доллары) болған, ал 2025 жылы "Коммерсантъ" сөйлескен сарапшылар оны "нөлге тең" деп бағалап отыр. Басылым сарапшыларының пікірінше, компаниядағы Ресейде шығарылған жүк ұшақтарына елдің қорғаныс министрлігі қызығушылық танытуы мүмкін.