Қырғызстандық "Капитал банк" пен оның жетекшісі Ұлыбритания санкциясына ілінді

Молдовалық олигарх Илан Шор

Ұлыбритания Қырғызстанның "Капитал банкі" мен оның басқарма төрағасы Кантемир Шалбаевқа санкция салды. Лондонның мәліметінше, Ресей осы банкті әскери мақсаттағы тауар сатып алу үшін пайдаланған. Осы мақсатта Қырғызстанда тіркелген Grinex криптовалюта биржасын да қолданған. Осы биржа да британ санкциясына ілінді.

Британдық Financial Times басылымы маусым айында Grinex туралы жазған. Ондағы ақпаратқа қарағанда, биыл қаңтар мен сәуір аралығында осы биржа арқылы 9 млрд долларлық транзакция жасалған. Негізінен A7A5 деген атпен танымал рубльге байланған стейблкоин арқылы жүргізілген.

Санкция Tengricoin, Old Vector, Altair Holding SA жеке компаниялары, сонымен бірге осы қаржы схемасына қатысы бар болуы мүмкін бірнеше жеке тұлғаға салынған.

«Капитал Банктың» өзі Ресей санкциясын айналып өтуге қатысты операциясына қатыспағанын және Қырғызстан заңнамасына және халықаралық қаржы реттеу талаптарына сәйкес жұмыс етіп жатқанын мәлімдеді.

Бұған дейін Grinex биржасы АҚШ санкциясына да ілінген.

Financial Times мәліметінше, Grinex-тің ар жағында Молдовада туып өскен, қазір Ресейде тұрып жатқан Илан Шор тұр.

Осыған дейін Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров АҚШ басшысы Дональд Трамп пен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармерге мәлімдеме жасап, Бішкек "Капитал банк" пен "Керемет банкіге" қарсы санкцияны қысым ретінде бағалайтынын айтқан.

"Олар Қырғызстан экономикасының қарқынды дамып жатқанын көріп отыр. Мысалы, ЖІӨ 11,7 пайызға өсті, ТМД елдері арасында алдыңғы қатарда тұрмыз. Менің ойымша, осы үшін бізге қысым жасалып жатыр" деді Жапаров. Ол Трамп пен Стармерді экономиканы саясиландырмауға шақырып, елге Илан Шор да, Илон Маск те келіп, бизнеспен айналыса алады деді.

Молдовалық олигарх Шор өз елінде банк жүйесінен миллиард доллар қаражатты жымқырды деген айыппен сырттай сотталған. 2024 жылы Кишинев Шорды сайлау кезінде сайлаушыларды сатып алды деп айыптаған, олигархтың өзі мұны жоққа шығарған. Ақпаратқа қарағанда, қазір Шор Ресейде тұрып жатыр. Ол Мәскеу мен Бішкек арасында жайылған компаниялар желісі арқылы Grinex-пен байланыс орнатқан. Олигарх Қырғызстан мен Ресей арасында жалпы білім беру кеңістігін құру бойынша жұмыс тобына кірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орталық Азия дронды көптеп шығара бастады. Санкция қаупі төнбей ме?Қырғызстан АҚШ-тан үш мекемені санкция тізімінен шығаруды сұрадыРесейлік миллиардер Андрей Козицынның компаниясы санкцияны айналып өту жолын қалай тапты? "Система" зерттеуіЖапония Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Қытайдың компаниялары мен жеке тұлғаларына санкция салдыThe Insider: Ресей Еуроодақтан мерген мылтықтар алып отыр