Қырғызстанда Жеңіс шыңында (7439 метр) қалып қалған ресейлік альпинист Наталья Наговицына ресми түрде із-түзсіз жоғалды деп танылды. Бұл жөнінде Қырғызстан төтенше жағдай министрлігінің ақпарат құралдарымен жұмыс басқармасының бастығы Әділ Шарғыновқа сүйенген ресейлік БАҚ жазды.
"Ол із-түзсіз жоғалды деп танылды. Заң бойынша, оның қазір өлі-тірісін білу анық емес болса, автоматты түрде із-түзсіз жоғалған болып саналады" деді Әділ Шарғынов.
Қырғызстан ішкі істер министрлігінің өкілі ТАСС агенттігіне шыңға баруды ұйымдастырған "Ақсай Тревэл" туристік компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалатынын айтты. Ал фирма өкілдері альпинистің жақындарына көңіл айтып, шамамен 7200 биіктікте қалған Наговицынаның жағдайы туралы ақпарат түспегенін айтқан. Турфирма өкілдері сонымен бірге құтқару операциясы екі аптаға созылғанын және эвакуация ауа райы тұрақталып, дайындығы бар команда мен тікұшақ болған жағдайда жалғасуы мүмкін еді деген.
Кейін "Ақсай Тревэл" Наговицынаны іздеу операциясы тоқтағанын айтқан.
Наговицина шыңда аяғы сынғандықтан қалып қалған. Оның жанындағы адам алғашқы көмек беріп, көмек сұрау үшін төменге түсуге мәжбүр болған. 2021 жылы сол шыңда альпинистің күйеуі қаза болған.
Наговицинаға Италия және Германияның альпинистері көмектесуге тырысқан, олар оған тамақ, су, жылы киім апарып берген. Ізінше екеуі де қаза болған.
Жеңіс шыңы – әлемдегі ең күрделі шыңдардың бірі. Оны бағындыруға тырысқандар арасында адам өлімі жиі кездеседі. Кейінгі 70 жылда бұл шыңнан ешкім құтқарылмаған.