Батыс Қазақстан облысында прокурор “бұрынғы күйеуін өлтіру үшін киллер жалдады” деп айыпталған Эльвира Еркебаеваны 7,5 жылға соттауды сұрады. Оның танысы Максим Кузнецовқа 10 жыл түрме сұрады.
“Уральская неделя” басылымының жазуынша, қорғау жағы мемлекеттік айыптаушы сұраған жазаға наразы болған. Жарыссөз кезінде қорғау жағы судьяға қайырылып, сотқа дейінгі тергеу кезінде өрескел заңбұзушылықтар болғанын айтқан. Ол кезде жиналған дәлел-айғақтарды жарамсыз етіп тануды сұраған. Бірақ судья өтінішті орындамаған.
"Болып жатқан оқиғалардан шошып жатырмын. Істе қаншама заңсыздықтар бар, бірақ сот бәрі заңды деп санайды. Прокурорлар осындай "шикі іс" бойынша бостандықтан айыру жазасын сұрап отыр" деді адвокат Тамара Сәрсенова.
Ол президентке хат жазатынын айтып, алқабилерден үміт күтетінін жеткізген.
Еркебаева мен Кузнецовқа “Адам өлтіру”, “Қылмысқа оқталу”, “Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi” баптарымен айып тағылған. Олар тағылған айыптарды жоққа шығарады.
Оқиға былтыр ақпанда Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында болған. Тергеу құжаттарында Эльвира Еркебаева бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевпен араздасып, оны өлтіруге оқталған деп көрсетілген. Эльвираға танысы Максим Кузнецов көмектеспек болып, бұрын сотталған Евгений Галиев деген адамды тапқан. Тергеу құжатына қарағанда, Галиев Эльвираның қылмыстық пиғылы туралы құқық қорғау органдарына хабарлағаннан кейін, полиция қылмысқа оқталу және сөз байласу әрекеттерін бұлтартпайтын айғақ-дәлел ретінде тіркеп, күдіктілерді қолға түсіру мақсатымен Галиевтің өзін қатыстыра отырып арнаулы операция жүргізген. Сөйтіп, операция нәтижесінде Эльвира мен Максим қамауға алынған.
Ал сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіспейді. 2023 жылы күйеуінің өзін қатты ұрып-соққаннан кейін үйден кетіп қалғанын айтқан Элвира Еркебева 10 ай бойы одан тығылып, жалға алған пәтерде тұрғанын жеткізді. Сотта Эльвира күйеуінен қорғанбақ ниетпен травматикалық қару сатып алмақ болып, танысы Максимнан көмек сұрағанын айтты. Максим травматикалық қару емес, кәдімгі суық қаруың болғаны жөн деп кеңес берген. Сөйтіп ол қару сататын Евгений Галиев деген адамды тапқан. Галиев өзіне Максим қару жайлы хабарласқаннан кейін полицияға хабар берген. Ол полицияға арызда Эльвира мен Максим қару іздеді деп емес, "киллер іздеп жүр" деп жазған.
Your browser doesn’t support HTML5
Эльвира күйеуін өлтіруге киллер жалдады ма? Ақсайдағы операция
Ал бұл істе жәбірленуші Ербол Еркебаев сот кезінде бұрынғы әйеліне ешқандай кінә тақпайтынын айтқан.
Қазақстан заңы бойынша, аса ауыр қылмыс түрлері туралы істерде жәбірленуші арыздан бас тартса да, іс міндетті түрде тергеліп, сотқа жетуі керек. Эльвираға тағылған айып осы санатқа жатады.
Бұрынғы ерлі-зайыптының екі баласы бар. Биыл мектеп бітірген ұлы қазір әкесімен, қызы анасының сіңлісімен тұрып жатыр.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге қолдау көрсететін "Немолчи" қоры Элвира Еркебаеваға сұраған жазаны сынады.