Pamir Inside: Тәжікстанда қаңтардан бері Таулы Бадахшаннан шыққан бес саяси тұтқын түрмеде көз жұмды

Тәжікстанның түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамдар (көрнекі сурет)

2025 жылдың басынан бері Тәжікстанның түзеу мекемелерінде Таулы Бадахшан автономиялық облысынан (ТБАО) шыққан бес саяси тұтқын көз жұмды. Мұндай деректі Pamir Inside жазды.

Олардың соңғысы – 66 жастағы Богшо Иматшоев. Ол 2023 жылы наурызда "24 тобының" стримдеріне қатысқаны үшін ұсталып, кейін "экстремистік ұйымға қатысқан" деген айыппен алты жылға сотталған. Журналистердің дерегінше, Иматшоев қаңтар айында қан қысымы күрт көтеріліп, инсульт алып, бір айға жуық комада жатқаннан кейін ақпанда ауруханада қайтыс болған. Оның өлімі жайлы ақпарат 24 тамызда ғана белгілі болды.

Бұған дейін 35 жастағы Аслан Гулобов, 50 жастағы Кулмамад Паллаев, 39 жастағы Эроншо Мамадрахимов және 61 жастағы Музаффар Давлатмиров та түрмеде қайтыс болғаны хабарланған. Бұл бес адамның бәрі – Таулы Бадахшан автономиялық облысынан шыққандар.

"24 тобы" – 2012 жылы Мәскеуде тәжік бизнесмені әрі оппозиционер Умарали Кувватов құрған қоғамдық-саяси қозғалыс. Кувватов 2015 жылы наурызда Стамбұлда қастандықпен өлтірілді. Ол құрған қозғалыс Тәжікстанда үкіметті ауыстыруды, елдегі саяси тұтқындарды түгелдей босатуды, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауды, "Ұлт көшбасшысы" туралы заңның күшін жоюды мақсат етеді. 2024 жылы Тәжікстан Жоғарғы соты қозғалысты "экстремистік ұйым" деп танып, оның қызметіне тыйым салған.