Орал әкімдігі белсенділерге қымбатшылыққа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді

Орал қаласының орталығы. Көрнекі сурет.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қалаының әкімдігі белсенділерге қымбатшылыққа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді.

“БелсенділерЭкстремистЕмес” тобы жариялаған әкімдіктің жауабында “Бейбіт жиын өткізу туралы” заңның 14-бабына сәйкес (толық емес ақпарат) өтініш орындалмағаны жазылған. Әкімдік белсенділердің өтінішін әкімдіктің кезектен тыс отырысында қараған.

Хатта сонымен бірге “ережені бұзып, алаңға өз бетінше барып, бейбіт жиын ұйымдастырғандар” 488-бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылатыны туралы ескерту бар. Хатқа Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі А.Ғиниятов қол қойған.

Бұған дейін белсенділер Бекболат Өтебаев, Раиса Кариева, Маруа Ескендірова қымбатшылыққа қарсы және зейнетақы мен жәрдемақыны арттыруды, саяси тұтқындарға бостандықты талап етіп, 30 тамызда күндіз Оралдағы “Қазақ халқының даңқты қыздары” гүлзарында бейбіт жиын өткізетінін айтқан еді.

"15 қыркүйектен бастап тағы қымбаттайды. Ал жалақы сол күйінде қалып отыр" дейді белсенді Маруа Ескендірова видеода. Видеоны блогер Асқар Шайғұмаров жариялады.

“БелсенділерЭкстремистЕмес” құқық қорғау тобының мәліметінше, 2020 жылдың 30 шілдесі мен 2025 жылдың 27 тамызы аралығында елдің 22 қаласы мен елді мекенінде бейбіт жиын өткізу туралы 703 өтініш қанағаттандырылмаған. 17-сі биыл тіркелген.

2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп бағалағанмен құқық қорғаушылар аталған заңда бұрынғы шектеулер сақталып қалғанын айтып келеді. Айтуларынша, заң жергілікті атқару органдарына бейбіт жиын өткізу туралы өтінішті орындамауға мүмкіндік береді.