Ресейдің ізінше Қазақстан да ұлттық мессенжерді пайдалануды енгізуге күш салып жатыр. 15 қыркүйектен бастап барлық мемлекеттік қызметкер ішкі ақпаратпен тек арнайы қосымша Aitu («Айту») арқылы алмасуы керек. Мұны ресейлік Max қосымшасымен салыстырып жатқандар бар. Ресейде шетелдік мессенжерлер бұғатталып жатыр. Қазақстан цифрлық даму министрлігі мұндай салыстыру дұрыс емес екенін айтады.
Қазақстанда шетелдік мессенжерлерге балама қосымша керектігі алғаш рет 2024 жылы маусымда айтыла бастаған. Биыл 11 тамызда жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне арналған үкімет отырысында президент мемлекеттік органдардың барлық ішкі коммуникациясын жеті жыл бұрын әзірленген Aitu қосымшасына көшіруді тапсырған. Ресми түрде бұл жеке деректерді қорғау және сезімтал ақпараттың таралуына жол бермеу үшін қажет деп түсіндірілген. Алайда қолданушылар мұны шетел мессенжерлерін жабуға бағытталған алғашқы қадам ретінде қабылдады.
Ақыры цифрлық даму министрлігі ресми мәлімдеме таратып, мұны жоққа шығаруға мәжбүр болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЖСН дерегіңізді кез келген адам көре алады. Бұл несімен қауіпті?"Шетел мессенжерлерін пайдалануға тыйым салынатыны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, шетел сервистерін жеке мақсатта пайдалануға тыйым салынбайды. Aitu-ды енгізу бастамасы орталық және жергілікті органдар, сонымен бірге квази мемлекеттік сектор ұйымдарындағы таза қызметтік коммуникацияға қатысты. Бұл мемлекеттік қызметкерлер қызметтік ақпаратпен қауіпсіз түрде өзара алмасуы үшін қажет" деді министрлік өкілдері.
Алайда қосымша авторларының айтуынша, Aitu —бұл тек мессенжер ғана емес, мультимедиялық қосымша, онда видеоконтент көріп, музыка тыңдап, қоңырау қабылдап, ойын да ойнауға болады. Десе де, қолданушылардың жеке деректерін қорғау мәселесі қолданушылар мен сарапшылар арасында күмән туғызып отыр.
Қазақстан шенеуніктері бұл қосымшаға 15 қыркүйектен бастап көшуі керек болса да, кейбір мемлекеттік органдар өте маңызды ақпараттарды осы бағдарлама арқылы ғана тарататынын айтып отыр. Бұл жөнінде журналист Николай Энелане Facebook-те жазды.
"Ведомстволардың бірінің баспасөз хатшысы ақпаратты журналистке Aitu-дан басқа мессенжер арқылы жіберуден бас тартты. Ұлттық мессенжер аса үлкен сенім туғызбайды. Бұл қаншалықты заңды немесе қажет – отандық сервиске көшіру сені отандық арнайы қызмет қана тыңдап отыру үшін қажет пе?" деп жазды журналист.
Қазір қазақстандық мессенжер функционал жағынан ресейлік Max-ты еске салады. IT-мамандарының пікірінше, бұл мессенжер мемлекетке қолданушылардың жеке деректері мен жазысқан хаттарына тұтас бақылау орнатуға мүмкіндік береді.
"Либерти" құқық қорғау тобының жетекшісі Ғалым Ағелеуовтың ойынша, егер Қазақстан Ресейдің ізімен жүрсе, онда бұл биліктің ашықтық пен халықаралық қауымдастыққа кірігу туралы осыған дейін айтқан барлық мәлімдемелеріне қайшы.
"Олар өз құрылымдарын жасайтынын баяғыдан айтып келеді. Ал оның салдарынан интернет жабық бола түседі және біз барлық қосымшадан, мессенжерлерден бас тартқан Ресейдегідей "торда" отыратын боламыз" деді ол.
Интернет-қолданушылар мен мамандар егер Aitu баламасыз коммуникация түріне айналса, онда оны тек шенеуніктер емес, мемлекеттік органдар немесе квази мемлекеттік сектор өкілдерімен байланыс орнатуға мәжбүр адамдардың барлығы жүктеуге міндетті болмақ деп қауіптенеді. Ал цифрлық даму министрлігі өкілдерінің айтуынша, Aitu шетел платформаларын алмастырмайды және оларға кедергі келтірмейді. Барлық серверінің Қазақстан аумағында орналасуын оның негізгі артықшылықтарының бірі ретінде атайды.