Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын 20 тамызда Ресейдің Курск облысында украин әскерімен шайқастарға қатысып, еліне оралған солтүстіккореялық әскери қызметкерлерді қабылдап марапаттаған . Бұл жөнінде 21 тамызда Солтүстік Кореяның мемлекеттік Korean Central News Agency (KCNA) ақпарат агенттігі хабарлады.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ким Ресейдің Курск облысындағы шайқастарға қатысып, "ерлікпен көзге түсіп, отанның үмітін ақтаған" барлық әскери қызметкерлерге "ыстық сәлемін" жеткізуді сұраған. Ол Курск облысында Солтүстік Корея өздерін "әлемдегі ең мықты әскер ретінде танылып", соның нәтижесінде "жеңіске жеткенін" атап өткен.
Reuters бен AFP жариялаған суреттерде Кимнің әскери қызметкерлерді құшақтап тұрғаны көрінеді.
Былтыр Ресей мен Солтүстік Корея ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған, онда өзара әскери көмек туралы пункт те бар. Былтыр күзден бері Оңтүстік Корея барлау қызметі мен Батыс елдерінің арнайы қызметі Ресейге солтүстіккореялық сарбаздардың келгенін хабарлаған. Олар Курск облысында Украина әскерімен шайқастарға қатысқан. Ізінше олардың бір бөлігінің соғыста қаза болғаны хабарланды. Бұған дейін Солтүстік Корея Курск облысын қалпына келтіруге 6 мың әскери қызметкерін жіберетіні де айтылған еді.
Биыл сәуірде әуелі Ресей, одан кейін Солтүстік Корея Курск облысындағы шайқастарға солтүстіккореялықтардың қатысқанын растаған. "Ренхаптың" жазуынша, 2024 жылдың қазанынан бері Пхеньян Ресейге шамамен 13 мың әскерін жіберген. Бұған дейін Оңтүстік Корея барлау қызметі биыл шілде мен тамыз айларында Солтүстік Корея тағы қосымша әскерін жіберетінін айтқан еді. Пхеньян есесіне Ресейден спутник ұшыру, ракета және өзге де мәселелер бойынша техникалық кеңес алады.