25 тамызда Қазақстанның Голландиядағы елшілігі алдында бірнеше қазақстандық саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, наразылық өткізді. Өздері жіберген видеодан Қымбат Әбеу, Ершат Төлеубай, Серік Әжібай, Тасқын Құдайберген есімді азаматтар жүргені көрінеді.
Өздерінің сөзінше, олар бірнеше жыл бойы осындай жүзден астам наразылық өткізген.
Осы апта басында түсірілген видеода олардың алдына елшілік өкілі шыққаны көрінеді. Ол наразылық жасап тұрған азаматтардан "Қазақстан азаматысыздар ма?" деп сұрайды. "Иә" деген жауап алғаннан кейін Қазақстан заңына сәйкес, өтінішпен қатар жеке куәлік, мекенжайлары көрсетілген құжат керек керегін айтады.
Ізінше наразылар эмоцияға беріліп, Қазақстан билігін сынағаннан кейін елшілік өкілі оларға "экстремистік ұран" таратпауды айтады. Ал бұған наразылар "азаматтық ұстанымымызды айтсақ, экстремист боламыз ба?" деп ашуланады.
"Көшеге шыққандардың барлығын террорист деп атайды. Біз айтсақ шындықты айттық. Халықтың үнін айтып отырмыз. Біз біреуге қол көтердік пе, қалаймақан жасадық па? Бәрін заң жүзінде жасап жатырмыз" дейді наразылар.
Бұдан кейін наразы белсенділер елшілік алдында "Марат Жыланбаевқа бостандық!", "Марат Жыланбаевқа бостандық! Думан Мұхаммедкәрім, Әйгерім Тілеужан және солар бастаған барлық саяси тұтқынға бостандық! Елім, жерім деген батыр ұл-қыздарға бостандық!" деп айқайлайды.
Наразылық кезінде Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескертпей, оқ атуға бұйрық бергені, Қазақстанда заң үстемдігі жоқ деген пікірлер айтылады.
Бұл азаматтар осыған дейін Қазақстандағы түрлі қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты пікірлерін айтып, Қазақстанның Голландиядағы елшілігі алдында талай наразылық акциясын өткізген.
Қазақстандағы саяси қудалау туралы жазатын Тірек.инфо сайтының мәліметінше, қазір Қазақстанда 26 саяси тұтқын бар. Олардың арасында "экстремизм" бойынша айыпталған оппозициялық белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев, журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрім, белсенді Әйгерім Тілеужан, Тоқаевты "20 мың террорист" деген сөзі үшін сотқа бермек болған Тимур Дәнебаев және өзге де тұлғалар бар. Олардың басым бөлігі Қанды Қаңтардан кейін сотталған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанды экстремизм бабын оппоненттеріне қарсы қолданбауға, азаматтардың пікір айту және жиналу құқығын шектемеуге, саяси тұтқындарды босатуда жиі шақырады.
Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.