25 тамыз күні Газа секторының оңтүстігінде, Хан-Юнис қаласындағы "Насер" ауруханасына Израиль күштері жасаған шабуылдар салдарынан кемінде 20 адам – арасында журналистер бар – қаза тапты. Бұл туралы ХАМАС радикалды тобының (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Ауруханаға жасалған шабуыл мен қаза тапқандар туралы ақпаратты араб және Батыстың басылымдары да растады.
Шабуыл салдарынан кемінде төрт тәуелсіз журналист қаза тапқан, олар шетелдік БАҚ-пен жұмыс істеген. Associated Press агенттігі видеожурналист Мариям Дагганың мерт болғанын хабарлады – ол AP және басқа басылымдармен фрилансер ретінде әріптестік байланыс орнатып жұмыс істеген. Одан басқа да фрилансерлер: Reuters операторы Хоссам Әл-Масри, "Әл-Жазира" телеарнасының тілшісі Мұхаммед Салам және фотограф Моаз Әбу Таха қаза тапқан. Журналистер арасында жараланғандар да бар.
Аурухана, араға аз ғана уақыт салып, екі рет шабуылға ұшыраған деген хабар тарады. Израиль әскері шабуыл жасалғанын растап отыр. Израильдің қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) хабарламасында оқиғаның мән-жайын тергеу басталғаны айтылған. Сондай-ақ, ЦАХАЛ хабарламада азаматтық тұлғаларға келтірілген болуы мүмкін зиянға байланысты өкініш білдірген және Израиль әскери күштері ешқашан журналистерді нысана етпейтінін атап айтқан. Times of Israel басылымының жазуынша, бұл әуе шабуылы емес, құрлық әскерінің әрекеті болуы мүмкін. Әдетте Израиль әскери басшылығы мұндай шабуылдарды Газа секторында қарулы қарсылық танытып жатқан ХАМАС-тың жауынгерлері нысанаға алынған деп түсіндіреді.
Журналистерді қорғау комитетінің деректері бойынша, ХАМАС Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған 2023 жылдың қазан айынан, Израиль әскері Газада операция бастаған сәттен осы уақытқа дейін 190-дан астам журналист қаза тапқан. Көпшілігі – фрилансер ретінде араб немесе Батыс басылымдарымен жұмыс істейтін Газа секторындағы палестиналықтар. Израиль билігі Газада жұмыс істейтін көптеген тілшілер, соның ішінде соғыста қаза тапқандар ХАМАС-пен байланыста болды деп мәлімдеген.
Кейінгі күндері Израиль сектордың орталығына – Газа қаласына шабуыл жасауға дайындалып жатқаны туралы хабарлар тарады. Бұл операцияның жүзеге асуы Израильдің шамамен бір миллион Газа тұрғынын оңтүстікке көшіру әрекетіне тікелей байланысты болмақ.
Израиль билігі Газа секторындағы әскери операцияның негізгі мақсатының бірі – 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуыл кезінде тұтқындап, алып кеткен адамдарды босату екенін мәлімдеген. Кейінгі деректер бойынша, ХАМАС-тың қолында 50 шақты адам қалып отыр, оның 20-сы тірі болуы мүмкін деген болжам бар.
Израильдің Газадағы әрекеттерін әлемнің көптеген елі, соның ішінде Батыс елдері қатаң сын-айыптауға қалды. Олар Газа секторындағы бейбіт халық адамынан айырылып, аштық азабын тартып, қасірет шегіп жатқанын айтады.