Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында 28 тамызда Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ қызметінің 9 тілшісін аккредиттеуден бас тартқан Қазақстан сыртқы істер министрлігі үстінен түсірген шағым бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.
Сотта Азаттықтың мүддесін "Құқықтық медиа орталығының" заңгері Гүлмира Біржанова және адвокат Лилия Чаусова қорғап жатыр. Жауапкер СІМ-нің мүддесін екі маман: бірі заңгер Әсел Мамашева қорғап жатыр.
Бейсенбі күнгі алдын ала тыңдау кезінде судья Азаттық тілшілерінің "аккредитациясыз" материалдарды шығарғанын дәлелдейтін құжаттың болмауына қатысты сыртқы істер министрлігі өкіліне ескерту жасады. Министрлік заңгері Әсел Мамашева кейін құжаттарды жіберетінін айтты.
Тараптар әлі негізгі бөлікке көшкен жоқ. Онлайн өтіп жатқан отырыс жұма күні шамамен бір сағатқа созылды. Келесі тыңдау 17 қыркүйекте өтеді.
"Бізде сәл де болса үміт пайда болды. Аккредитация беріп қалар деген үмітіміз әлі сөнген жоқ" деді заңгер Гүлмира Біржанова соттан кейін.
20 тамызда Астана әкімшілік сотының судьясы Камал Смағұлов Азаттық радиосының жеті журналисіне аккредитация беруден бас тартқан Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің шешімін заңды деп таныған. Сот шешімін түсіндірген ол тиісті аккредитациясы жоқ шетелдік БАҚ және шетелдік журналистерге ел аумағында жұмыс істеуге тыйым салынатыны жазылған Қазақстанның "Масс-медиа туралы" заңының 30-бабының 4-тармағына сүйенгенін айтты. Ал талап-арыз беруші тараптың заңгері шешімді апелляцияға беретінін айтқан.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Стивен Капус Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімі Қазақстан Конституциясына қайшы деп мәлімдеді.
Былтыр құқық қорғаушылар мен журналистер сынаған "Масс-медиа туралы" заң Қазақстанда шетел журналистері мен шетел ақпарат құралдарына аккредитациясыз жұмыс істеуге тыйым салады. 7 тілшінің аккредитациясы бойынша сотта Азаттықтың мүддесін қорғаған заңгерлер Азаттық тілшілері Қазақстан азаматтары болғандықтан оларды шетел журналистері деп тану дұрыс емес екенін айтқан.
Бұған қоса, заңгерлер Азаттық қызметкерлерінің аккредитация мерзімін ұзарту бойынша уақытылы берген өтінішін қарауды министрліктің өзі бірнеше айға созып, кейін сол кезеңде кәсіби қызметімен айналысқан журналистерді "қисынсыз уәжбен" аккредиттеуден бас тартқанын айтқан.
Ал Қазақстан СІМ мүддесін сотта қорғап отырған заңгер Әсел Мамашева Азаттық радиосы қызметкерлері аккредитация мерзімін созу туралы берген өтініші қаралып жатқан кезде журналистік қызметпен айналысып, шетелдік БАҚ өкілдеріне тиісті аккредитациясы болмаса, ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салынатыны жазылған заң нормасын бұзды деп мәлімдеген. Оның сөзінше, СІМ журналистердің қандай тақырыпта, не жайында жазғанына бола емес, аккредитациясыз жұмыс істегені үшін заң талабын бұзды деп біледі. Сондықтан оларға аккредитация берілмейді деген.
Ал судья Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімі заңды деген қорытындыға келген.
- Бұған дейін халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Азаттық тілшілеріне аккредитация беріп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге үндеген. Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) дүйсенбі, 18 тамыз күні Қазақстан билігіне үндеу жолдап, Азаттық радиосының 16 тілшісін аккредиттеуге шақырған.
- Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists – IFJ), Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуылға теңеп, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға үндеген.
- "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.