Астана соты Марат Жыланбаевтың туған күніне орай марафонға қатысқаны үшін белсенді Элвира Бекзадинаға 196 мың теңге айыппұл салды. Бұл жөнінде “БелсенділерЭкстремистЕмес” тобы және белсендінің өзі хабарлады.
Телеграм-топ жариялаған видеода полиция қызметкерлерінің оған басқармаға бару керектігін айтады. Ал белсенді “тұра тұрыңыз, мен балалармен жүрмін” дейді. Осыдан кейін белсендінің сөзінше, полиция қызметкерлерінің бірі телефонын шап беріп ұстап, тартып алған. Өзінің қолын бұрап, көлікке отырғызған.
Белсендінің айтуынша, дәл сол күні – 22 тамызда қызының туған күні болған. Ұстау оқиғасы көшеде балаларға шағын дастархан жасап жүрген кезде болған.
“Осының бәрін үлкен қызым 9 жастағы Айлин көрді. Ол анасын ұстап, көлікке күштеп отырғызып жатқанын көрді. Осыдан кейін жылап, “мама, сені өлтіріп жатыр және сен ешқашан оралмайсың деп ойладым” деді. Балалардың көзінше аналарын “ұрлап” жатқан кезде олардың қандай сезімде болатынын елестете аласыз ба?” деп жазды белсенді.
“БелсенділерЭкстремистЕмес” тобы жариялаған видеода кішкентай бір қыздың полицейлер анасын қызметтік емес көлікке күштеп отырғызып жатқанда “телефонға түсіремін” деп айқайлағаны, олар кеткеннен кейін жылағаны байқалады.
Элвира Бекзадина осы апта соңында Facebook-та жариялаған видеосында онлайн сотқа адвокаты Денис Малюганы қатыстырмағанын, ұстау кезінде алған жарақаттарына байланысты арызы әлі тіркелмей отырғанын айтады.
Полиция оқиғаға түсініктеме бермеді. Ал сот порталына әлі шешім ілінбеді. Істі судья Элвира Нәзімбекқызы қараған.
17 тамызда түрмедегі оппозиция белсендісі, марафоншы Марат Жыланбаевтың туған күніне орай Қазақстанның түрлі өңірінде бірнеше белсенді ұсталғаны хабарланған еді. Сол күні Алматы, Астана, Орал, Шымкент және өзге өңірлерде белсенділерге полиция жүгіруге мүмкіндік бермей, кейбірін ұстап, кейін босатқан еді.
19 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық соты белсенді Серік Ыдырышевты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 12-тармағы бойынша (бейбіт жиын өткізу тәртібін бір жыл ішінде екі рет бұзу) кінәлі деп тауып, оған 192 мың теңге айыппұл салған. Сот қаулысында Ыдырышев 16 тамыз күні Facebook парақшасында "экстремистік ұйымның лидері Мұхтар Әблязовтің" митингіге шақыратын видеосын бөліскені, мұның бейбіт жиын өткізу тәртібіне қайшы екені және белсенді заңның бұл нормасын бір жыл ішінде екінші рет бұзып отырғаны айтылған. Белсенді тағылған айыптармен келіспеген.