NBC News телеарнасынан жексенбі, 24 тамыз күні көрсетілген сұхбатында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Украинадағы соғыс енді алты айдан ұзамай аяқталады деп үміттенетінін айтты.
"Нәтижесі қандай болса да, соғыс үш ай ме, әлде алты ай ішінде ме, әйтеуір одан кешіктірілмей аяқталса екен деп үміттенмін. Бізде қантөгісті тоқтатуға тырысып жатқан президент барын мақтан тұтуымыз керек", – деді Вэнс.
Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың тұсында Ресей мен Украина келіссөздерде бұрынғы "үш жыл ішінде" болмаған деңгейде елеулі мәмілеге келген. Ең үлкен ілгерілеушілік кейінгі бірнеше аптада болды деді Вэнс. Мәскеудің ымыраға келген тұстары жайлы сөзінде ол енді Кремльдің Киевте "қуыршақ режим" орнатуға дәмесі жоқ және "ел аумағының тұтастығына дау айтпайды" деді.
"Айналып келгенде біз не табысқа жетеміз, не тұйыққа тірелеміз, – деді ол. – Егер тұйыққа тірелсек, онда ықпал ету тетіктерін пайдалана отырып келіссөздер процесін жалғастыру қажет. Дәл сондай белсенді дипломатия ғана бұл соғысты тоқтатады".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина СІМ: Зеленский жер мәселесін Путинмен кездесу кезінде ғана талқылайдыРесей экономикасына қарсы жаңа санкциялар салу жайлы сөзінде Вэнс Ақ үй қазірдің өзінде Мәскеуге "агрессивті экономикалық қысым" көрсетіліп жатыр деп айтты.
"Президент Ресейге егер қантөгісті тоқтатса, қайтадан әлемдік экономикаға шақыру алуы мүмкін екенін, ал тоқтатпайтын болса, оқшауланған күйінде қала беретінін меңзеді", – деп мәлімдеді АҚШ вице-президенті.
Оның сөзінше, Вашингтон Ресейді келіссөздерді әдейі созып отыр деп есептемейді.
"Олар өздерінің басты талаптарының кейбірінде икемділік танытуға әзір екенін шынымен көрсетті, – деді ол. – Әрине, олар әлі барлық нәрсеге келісіп отырған жоқ, әйтпегенде соғыс аяқталар еді".
• Жексенбі күні NBC News арнасында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сұхбаты көрсетілді. Ол Ресей мен Украина президенттері кездесетіні жөнінде әлі келісім болмағанын айтты. Лавров Мәскеудің Владимир Зеленский Украинаның заңды президенті дегенге күмәні барын тағы да қайталап, бұл мәселе Киевпен бейбіт келісімге қол қойылмай тұрып "шешілуге тиіс" деп мәлімдеді.