Алматының Бостандық ауданында жаңадан ашылатын білім мекемесін аралас тілде оқытатын мектеп қылуға қарсы бір топ адам 25 тамыз күні талаптарын айтуға қала әкімдігіне барды. 22 тамызда дәл осы мәселеге жұрт назарын аударуға талпынған мұғалім Дархан Ардақұлы заңсыз митингіге үндеді деген айыппен 15 күнге қамалған еді. "TikTok" платформасында жариялаған "20 тамызда 215 мектепке барамыз" деген посты үшін жазаға ұшыраған мұғалім ешкімді митинг өткізуге шақырмағанын айтып, тағылған айыпқа келіспеген.
Дүйсенбі күні Алматы қаласы әкімдігіне келген адамдар Бостандық ауданында жаңадан ашылатын мектепте оқушыларды мемлекеттік тілде, яғни қазақша оқытуды және қазір әкімшілік қамауда отырған Дархан Ардақұлын дереу босатуды талап етті.
Әкімдік өкілдері Дархан Ардақұлының қамалуына атқарушы биліктің қатысы жоғын, ондай шешім қабылдау полиция мен соттың құзырында екенін айтты.
Your browser doesn’t support HTML5
Мектепте тек қазақша оқытуды талап еткен белсенді қамалды
Бостандық ауданында биыл жаңа ашылайын деп жатқан №215 мектепке баласын бергісі келетін ата-аналар арасында оқу тек қазақша болсын деген талап айтушылар да, одан бөлек орыс тілінде де білім беретін аралас мектеп болсын деушілер де бар.
Қалалық білім басқармасының түсіндіруінше, қазақ тілінде оқытатын сыныптардың үлесі 95 пайыз болмақ.
– Қазір 1897 бала қазақ сыныбына тіркелді. Бірақ басқа азаматтар бастауыш сыныптарға орыс тілінде оқытуға арыздарын берді. 600-ге жуық бала орысша оқуға келген. Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы және жаңа мектептің директоры міндетін атқарушы ата-аналармен жұмыс істеп, орыс мектебінен келген балаларды қазақ сыныбына ауыстырды. Үлкен жұмыс істелді, – деді Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов 25 тамыз күні қала әкімдігіне талап айтып келген адамдарға.
Былтырғы ресми дерек бойынша, Алматы қаласында жиынтығы 300 мыңнан астам мектеп жасындағы бала тіркелген. Қала бойынша 215 мемлекеттік мектеп бар: 77-і қазақ тілінде, 57 мектеп – орыс тілінде, 78 мектеп аралас және 3 мектеп ұйғыр тілінде оқытады. Қалада балаларды үш ауысымда оқытатын мектеп жоқ дейді жергілікті атқарушы билік.
Қазақстанда жаңадан ашылып, пайдалануға берілетін мектеп қай тілде оқытқаны жөн деген мәселе төңірегінде дау-дамай сирек болатын оқиға емес. Мысалы, былтыр Шығыс Қазақстан облысының Өскемен, Риддер қалаларында екі мектепте сабақ қазақ тілінде оқытылсын деген талап қойған ата-аналар ол мақсатқа айтыс-тартыспен қол жеткізген. Қазақстанда орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Ал қоғам белсенділері мемлекет мемлекеттік тіл – қазақ тіліне басымдық беруі қажет деп есептейді. Әсіресе Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық соғыс ашқан 2022 жылдан бері елде бұл үрдіс күшейді.