Алматы қалалық әкімшілік соты Бостандық ауданында ашылайын деп жатқан мектепті аралас мектеп етуге қарсы шыққан белсенді Дархан Ардақұлын 15 тәулікке қамады. Белсендінің өзі 22 тамызда Facebook-та өзінің қамалғанын жазды.
"Мені 15 күнге соттап жіберді, 488 бап, 7 тармақ бойынша “мектепке барамыз” деген сөзімді митингке шақырдың деп айыптады. #215 мектеп қазақ болуын талап етемін. Ешнәрсеге өкінбеймін" деп жазды белсенді.
Сот шешімінде 19 тамызда Дархан Ардақұлы "бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" заңды бұза отырып, жергілікті органның рұқсатынсыз бейбіт жиналыс өткізуге шақырғаны", "TikTok" арқылы "20 тамызда 215 мектепке барамыз" деген мазмұндағы мәтінді жариялағаны" жазылған.
Сот отырысында Дархан Ардақұлы өзіне тағылған айыппен келіспеген. Ол "мектепке барамыз" деп TikTok-та жазғанын, бірақ ешкімді жиналысқа шақырмағанын айтқан.
22 тамызда Алматы әкімшілік соты оны 15 тәулікке қамады.
Белсенділер мен ата-аналардың сөзінше, Бостандық ауданында биыл ашылайын деп жатқан жаңа N215 мектеп бастапқыда қазақ тілінде ашылады деп хабарланған, бірақ ашылуы әбден тақалған кезде жергілікті билік өкілдері "айнып қалған". Оның орнына аралас мектеп ашылатынын айтқан. Facebook-та тараған видеолардың бірінде белсенділер бұл ықшамауданда қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп барын, балаларын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар мектеп таппай қиналып отырғанын айтады.
Ата-аналарға сүйенген Tizgin.kz сайтының жазуынша, "№215 мектеп көршілес үйлердегі қазақ тілді балаларды қабылдамаған, өйткені бұл тұрғын үй мектеп аумағына кірмейтінін жеткізген".
Ақпаратқа қарағанда, №215 мектепті аралас мектеп болуын талап етіп отырған ата-аналар да бар. Жергілікті білім басқармасы мектепке қатысты шешім келесі аптада қабылданатынын айтқан.
Алматы қаласының білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов журналистерге мектеп ашылған кезде ата-аналардың сұранысы басшылыққа алынатынын айтады. Оның жауабын Tizgin.kz сайты жариялады.
«Мысалы, соңғы 12 жылда Алматыда жаңадан бой көтерген 24 мектептің 19-ы, яғни 80 пайызы қазақ тілінде болатын. Енді N215 келешектегі мектептер жобасы аясында салынған мектептер ғой. 1 қыркүйекте ашылатын 12 мектептің 9-ы мемлекеттік мектепте, ал үшеуі қарастырылуда. Мектеп ашылған кезде оқыту тілі ата-аналардың сұранысы мен қажеттілігі ескеріледі. Сондықтан, үш мектебіміз бойынша шешімді келесі аптада қабылдаймыз», — дейді ол.
Сенбі күні Азаттық аталған жаңа мектеп пен білім басқармасына хабарласып көрді, алайда телефон тұтқасын ешкім алмады.
2024 жылғы ресми мәлімет бойынша, Алматыда 215 мемлекеттік мектеп бар: 77-і қазақ тілінде, 57 мектеп - орыс тілінде, 78 мектеп аралас және 3 мектеп ұйғыр тілінде оқытады. Алматы қаласында жалпы 300 мыңнан астам оқушы бар. Қалада үш ауысымды мектеп жоқ.