Алматыда 40 қабатты даулы RAMS кешенінің құрылысы тоқтатылды

Алматы қаласы. Көрнекі сурет.

Алматыда тұрғындардың шағымынан кейін Сейфуллин мен Тимирязев көшелерінің қиылысындағы RAMS Beyond Almaty кешенінің құрылысы тоқтатылды. Бұл жөнінде мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Facebook парақшасында жазды. Оның сөзінше, рейд кезінде қала құрылысын бақылау басқармасы өкілдері құрылыс компаниясына құрылыты тоқтату туралы ресми ұйғарымды тапсырған.

Журналистер жариялаған видеода қала құрылысын бақылау басқармасының өкілі 20 тамызда тексеріс ашылғанын айтады. Ол тапсырыс беруші компанияның өкіліне "эскиздік жобаларыңыз бар екен, бәрін әдемі көрсеттіңіздер" деп бірақ тексеріс бойынша бірқатар құжаттарды көрсетпегенін айтады.

Tengrinews жазуынша, бұған дейін құрылыс аумағында шұңқырды тереңірек қазғаннан кейін жерасты суына әсер еткендей белгілер пайда болып, тұрғындар алаңдаған. Тұрғындар шұңқыр тереңдеген сайын сол маңға жақын жатқан тұрғын үй кешендерінің іргетасы шыдамай, төменге құлдилауы мүмкін деген қауіп айтқан. Олардың сөзінше, қазірдің өзінде жерде және бірнеше үйден жарықшақтар пайда болған.

Осыған дейін epetition.kz сайтында құрылысқа қарсы петиция пайда болған. Оған қол қойғандар құрылыс жобасына толық тыйым салып, сол аумақты көпшілік игілігін көретін жасыл-желекке айналдыруды талап еткен. Тұрғындар онсыз да айналасында тығыз құрылысы көп, көлігі көп ауданға құрылыс емес - саябақ керек деп санайды.

Мәлімдемеде сонымен бірге ауданда көлік тұрақтары жетіспейтіні, инженерлік желілерге салмақ түсіп жатқаны, жасыл аумақтардың жоғы айтылған. Бұған қоса, Алматыда 9 қабаттан артық құрылыс салынбауы тиістігі жөнінде шектеу барын да еске салған. Халық сонымен бірге қоғамдық тыңдау өткізу кезінде де ережелер сақталмағанына шағымданған.

RAMS Beyond жобасы мамыр айында таныстырылған. Жоба бойынша, онда ультралюксті резиденция, қонақүй, бизнес кеңістік және қоғамдық орындарды орналастыру жоспарланған. Бұған дейін әкімдік қалада биік құрылысқа "сәулет және қала құрылысының негіздемесі" болған жағдайда ғана рұқсат етілуі мүмкін екенін айтқан.

Мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты (ҚазҚСҒЗИ) өкілдері құрылысшы иелерінен ешқандай материал түспегенін және осы нысанға шешім әзірлемегенін айтқан.