Бүгін, 21 тамызда Алмалы аудандық сотында АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес белсендінің сотында жарыссөз басталды.
“Власть” басылымының жазуынша, прокурор белсенділер Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковты “Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру” (272-бап, 1-бөлік) және “Қылмысқа оқталу” (24-бап, 3-бөлік) баптары бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға соттауды сұраған.
Осыған дейін белсенділер өздеріне тағылған айыптармен келіспеген. Олар өздерінің ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырады.
Бұған дейін өткен сот отырыстары кезінде олар өзара жақын араласпағанын, дос та болмағанын айтқан. Оларды біріктіргені АЭС жөніндегі ұстанымы деп айтылады: бәрі де станция салуға қарсы болған. Біреуі ұсталғанға дейін әлеуметтік желіге жазба жариялаған, екіншісі отандастарына АЭС салу мен оны пайдаланудың қауіп-қатері жайлы айтқан, үшіншісі байқаушы болуды ойластырып, референдум күні дауыс беруді бақылаймын деген азаматтарға кеңсе жалдаған. Олар өзара бірнеше мәрте кездесіп, АЭС тақырыбын талқылаған.
Айыптау тарапы осы кездесулерді қылмысқа дайындық деп санап отыр. Құзырлы органдар сол кездесулердегі әңгіменің аудиожазбасын қолға түсірген. Тергеу органдары тағайындаған сараптама бұл әңгімеден "халықты АЭС салуға келіспеуге үгіттейтін" сөздер мен "митингіге дайындық қажеті туралы мағыналық компоненттер" анықтаған.
Ал қамалушылар сот отырысында оқылған айыптау актісін ойдан шығарылған жала деп атады.
Бес белсенді 2024 жылы қыркүйекте – елде АЭС референдумы өтейін деп жатқан кезде қамалған. "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген бесеу уақытша қамау изоляторында отырғанда Қазақстанда референдум өтіп, ресми мәлімет бойынша дауыс бергендердің 70 пайыздан астамы АЭС салуды қолдаған. Тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру кезінде бюллетеньді топтап салу, тәуелсіз бақылаушыны учаскеден шығару сияқты заңсыздықтарды тіркеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЭС референдумы алдында ұсталған бесеудің соты қалай өтіп жатыр?