FT: Батыс елдері соғыстан кейін күшіне енетін Украинаның үш қорғаныс сызығын қарастырып жатыр

Батыс елдері бейбітшілік келісімі жасалғаннан кейін жүзеге асырылатын Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру жүйесін талқылап жатыр. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Financial Times жазды.

Басылым өкілдерінің жазуынша, бірінші қорғаныс сызығына шекарадағы демилитаризацияланған аймақ кіруі керек және ол Киев пен Мәскеу келісімінен кейін үшінші елдерден жасақталған бітімгер әскердің бақылауында болуы мүмкін.

Екінші қорғаныс сызығында НАТО қару-жарағымен қаруланған және дайындықтан өткен украин әскері болады. Негізгі қорғанысты солар қамтамасыз етпек.

Үшінші қорғаныс сызығында елдің ішіне орналасқан және АҚШ-тың қолдауына ие Еуропа күштері болмақ.

Вашингтон Украинаға әскер жібермейтінін айтқан, бірақ барлау деректері, бақылау құралдарымен бөлісіп, Украинаның әуе қорғаныс жүйесін дамытуға үлес қосуға дайын екенін айтқан. Десе де АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің бір бөлігі Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесіне скептицизммен қарайды.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі соғыстан кейін Украина аумағына шамамен он шақты ел әскер жіберуге дайын деп жазған.

Ресей президенті Владимир Путин Аляскада Дональд Трамппен кездесу кезінде Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ету идеясын қолдайтынын атап өткен. Ресей сыртқы істер министрлігі ұжымдық қауіпсіздікке кепілдік мәселесін қарастырған кезде көршілердің мүдделері де ескерілуі керек екенін айтқан.