Украина Вуди Алленді Мәскеудегі шараға онлайн қатысқанын сынға алды. Режиссер жауап берді

Режиссер Вуди Аллен "Нью-Йорктегі жаңбырлы күн" фильмінің түсірілімінде.

Америкалық режиссер Вуди Аллен Украина сыртқы істер министрлігінің сынына жауап қатты. Министрлік оны Мәскеудегі халықаралық кино апталығына қатысқаны үшін айыптаған.

The Guardian басылымына жолдаған мәлімдемесінде режиссер осы жағдай жайлы сөз етті.

"Украинадағы қақтығыс жайлы айтар болсам, Владимир Путин түбегейлі қателесіп отырғанына сенімдімін. Бірақ саясаткерлер не істеп не қойса да, өнердегі диалогты тоқтатпау керек деп санаймын" деді Аллен.

"Оскар" сыйлығының бірнеше дүркін жеңімпазы, 89 жастағы Вуди Аллен 24 тамыз күні Мәскеудегі кино апталығы аясында өткен "Әлемдік кинематографияның аңыздары" сессиясында видеобайланыс арқылы сөз сөйлеген. Сессияны Владимир Путин мен Ресей билігін қолдайтынын мәлімдеген режиссер Федор Бондарчук жүргізген.

Аллен Ресей киносын бұрыннан ұнататынын, Ресейге сапарлап қайтуға қарсы емес екенін айтқан. Бірақ Украинадағы соғыс жайлы, саясат жайлы ешнәрсе демеген.

Кейінірек Украина сыртқы істер министрлігі Алленнің бұл қадамын "Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы кезінде ресейлік әскерилер өлтірген украиналық актерлер мен кинематографияшыларды қорлау" деп атады.

Украина министрлігі америкалық режиссер "зұлымдыққа саналы түрде көз жұма қарап отыр", мәдениетті "қылмысты ақтау ретінде және пропаганда құралы ретінде пайдалануға болмайды" деді.

Дүйсенбі күні Украиналық баспасөз құралдары Мария Заньковецкая атындағы Львов театры өз бағдарламасынан "Бродвей үстіндегі оқ" ("Пули над Бродвеем") мюзиклін алып тастады деп хабарлады. Бұл мюзикл Алленнің фильміне сүйеніп әзірленген. Театр бұл шешімін Ресейдегі кино апталығында болған жағдаймен байланыстырған.

Вуди Аллен кинодағы мансабын 1960-жылдары бастаған. Ол ондаған фильмге режиссер және сценарий авторы болды. Үздік режиссура үшін бір мәрте, үздік сценарий үшін үш мәрте "Оскар" сыйлығын алған.