Судья Ернар Қасымбеков: Азаттықты соттан шығарып жібергеніміз білместіктен болды

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков 25 тамыз күнгі сот отырысынан "журналистерді шығарып жібергеніміз білместіктен болды" деді

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков 25 тамыз күні АЭС-ке қарсы шыққан белсенділердің ісін қарау кезінде сот залынан "журналистерді шығарып жібергеніміз білместіктен болды" деді.

– Шығарылғандар ішінде Азаттық радиосы да кетіп қалыпты, мен оны білмей қалдым. Тәртіп бұзған екі блогер ғана", – деді судья үкім оқымас бұрын.

Судьяның сөзінше, "Qazaq Times" ақпарат агенттігінің өкілі Қойшыбек Мүбарак пен блогер Абзал Достияр тәртіп бұзған. Алайда ол аталған азаматтар қандай тәртіпті бұзғанын ашып айтпады.

– Негізгі процесс о бастан ашық жүріп жатыр. Оған мына халық куә. Тәртіп бұзбағандар сотқа қатыса алады. Азаттықтың өзі біздің шығарып жібергеніміз туралы мәдениетті жазған. Сотты қараламай, этикетті сақтап жазған. Осылай да жұмыс істеуге болады ғой, – деді Ернар Қасымбеков.

Кеше, 25 тамыз күні АЭС референдумы қарсаңында ұсталып, "жаппай тәртіпсіздік жасамақ болды" деген айыппен сотқа тартылған бес белсендінің сотында соңғы сөз айтылған. Оған журналистер қатыстырылмады. Сол күні процесс басталмай тұрып, судья Ернар Қасымбеков сот залына кіре сала, журналистерді нұсқап: "мына кісілер шығып кетсін" деп бұйырған. Сотты бақылауға барған кемінде бес БАҚ-тың өкілдерін айдауыл залдан шығарып жіберген. Қасымбеков журналистерді сот залынан қуу себебін сұраған Азаттық журналисіне жауап берместен: "мына кісіні де шығарып жіберіңіз" деп айдауылға ауызша бұйрық берді. Ол журналистерді неліктен қуып жатқанын сұраған мәслихат депутаты Еркін Рақышевты да шығарып жіберген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЭС референдумы алдында ұсталған бесеудің соты қалай өтіп жатыр?

26 тамызда үкім оқылды. Алматы соты АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковқа 4 жыл шартты жаза тағайындады. Бұған қоса, оларға бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сот оларды "АЭС-ке қарсы парақшалар таратқан және адамдарды жаппай тәртіпсіздікке шақыру үшін жиналыстар өткізген" деп тапты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЭС-ке қарсы шыққан бес белсендіге үкім: 4 жыл шартты жаза, 5 жыл қоғамдық-саяси қызметке тыйым


Сотталушылар АЭС құрылысына қарсы шыққанын мойындап, "қылмыс жасауға оқталды" деген айыпты жоққа шығарған.