Ресей үкіметі Азаптаулар мен адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жаза түрлерінің алдын алу жөніндегі Еуропалық конвенцияның күшін жоюды ұсынды. Ел премьер-министрі Михаил Мишустин қол қойған бұл қаулы президент Владимир Путинге бағытталып, одан қолдау тапса, Мемлекеттік думаға ұсынылады.
Құжатта Ресейдің аталмыш конвенция мен оның хаттамаларынан шығатыны жазылған.
Ресей 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кірген соң, сол жылы наурызда Еуропа кеңесінен шығарылды. Сол жылдың 16 қыркүйегінде Ресей Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияға мүше болуды қойып, Еуропалық соттың юрисдикциясынан шықты.
2024 жылғы қарашада Азаптаулардың алдын алу жөніндегі Еуропалық комитет Азаптаулар мен адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жаза түрлерінің алдын алу жөніндегі Еуропалық конвенцияның ашық конвенция екенін, сондықтан Ресей 2022 жылы Еуропа кеңесінен шығарылғаннан кейін де оның ережелерін сақтауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Еуропалық комитет Ресей билігінен кейбір оқиғалар, соның ішінде Алексей Навальныйдың өлімі туралы ақпаратты сұратқан, бірақ сұраныстарына жауап алмаған. Мәскеу комитеттің Ресейге мониторинг сапарымен баруына мүмкіндік беру үшін (комитет инспекторлары конвенцияға қатысушы елдердің тергеу изоляторларына, колонияларына, түрмелеріне, психиатриялық және басқа да жабық мекемелеріне баруға құқылы) ешқандай әрекет жасамағаны атап өтілді.