26 тамыз күні Алматы қаласы Алмалы аудандық соты АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес белсендіге үкім шығарды. Судья Ернар Қасымбеков белсенділер Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковтың бас бостандығынан төрт жылға шектеп, оларға бес жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салды. Қамауда өткен әрбір күн шартты жазаның екі күні болып есептеледі.
21 тамыз күні прокурор сотталушыларды "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап, 1-бөлік) және "Қылмысқа оқталу" (24-бап, 3-бөлік) баптары бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға соттауды сұраған.
Судья істі 272-баптың 1-бөлігінен ауырлығы орташа қылмыс саналатын 3-бөлікке (жаппай тәртіпсіздікке қатысу орнына жаппай тәртіпсіздікке шақыру) қайта саралағанын айтты.
"[Сот айыпталушыларды] Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 272-бабының 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасауда кінәлі деп тауып, олардың әрқайсысына төрт жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалсын" деді судья.
АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер соты. Сот үкіміне келгендер. Алматы, 26 тамыз 2025 жыл.
Судьяның сөзінше, белсенділер "АЭС құрылысына қарсы брошюра таратқанын, жаппай тәртіпсіздікке қатысуға шақырғанын теріске шығармаған, бірақ олар мұны қылмысқа жатпайды деп санайды".
"Сот сотталушылар егде жасқа келгендіктен, қоғамға қауіп төндірмейтінін және олар халықты митингіге шақыру құқыққа қайшы әрекеттерін осымен тоқтатқандарын және сотқа енді заңды бұзбайтынын айтқандарын ескеріп, оларға пробациялық бақылау белгілей отыра, бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауға болады деген қорытындыға келді. Мұнымен қоса, мұндай қылмыстың алдын алу үшін олардың әрқайсысы қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айырылды" деді судья Ернар Қасымбеков.
Сондай-ақ, судья айыпталушыларға бес жыл мерзімге "саяси партиялар, саяси-қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарды құру, оларға мүше болу және олардың жұмысына қатысумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза" тағайындады.
Сотталғандардың 2024 жылғы 29 қыркүйегінен 2025 жылғы 26 тамызға дейінгі ұстауда болған уақыты бас бостандығын шектеу жазасының мерзіміне 1 күнге 2 күн болып есептелетін болды.
АЭС референдумы қарсаңында ұсталған белсенділер соты. Сотталушылардың бірі Нұрлан Жауылбаев. Алматы, 26 тамыз 2025 жыл.
"Апелляциялық шағым түсіреміз"
Сотталушылардың адвокаты Төлеген Берліқожа шешімге қанағаттанбай, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
"Мөлшері осылай болатынын білдік. Өйткені істейтін түгі жоқ қой. Ешқандай дәлел жоқ. Сондықтан біз: "алдыменшығып алайық, содан кейін ары қарай апелляцияға, кассацияға, жоғарғы сотқа береміз" деп айттық. Апелляцияға міндетті түрде береміз, өйткені біз ақтауды сұраймыз. Біздің өтінішіміз орындалған жоқ" деді ол.
Былтыр АЭС референдумы қарсаңында Алматы қаласы мен облысында кемінде 12 белсендіні полиция ұстаған. Оның бесеуі сот қаулысымен қамауға алынып, қалғаны босатылды. Қамауға алынғандар: Айдар Мүбәраков, 66 жастағы Нұрлан Жауылбаев, 64 жастағы Фазылжан Сыдықов, 55 жастағы Нұрлан Темірғалиев және 67 жастағы Жанат Қазақбай.
25 тамыз күні жарыссөз өтіп, судья Азаттықтың және өзге баспасөз құралдарының журналистерін сот залынан шығарып жіберді. Сот бұл шешімді түсіндірмеді.
Мемлекеттік айыптаушылардың пікірінше, белсенділер жаппай тәртіпсіздікті жоспарлаған, психологиялық-филологиялық сараптама олардың "митингіге үндегенін, билікпен күресуге шақырғанын" анықтаған.
Алайда белсенділер өздеріне тағылған айыптармен келіспеді. Олар өздерінің ұсталуын АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірлерімен және референдум қарсаңындағы қудалаулармен байланыстырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЭС референдумы алдында ұсталған бесеудің соты қалай өтіп жатыр?Былтыр 6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, оның ресми нәтижесі бойынша халықтың 71 пайызынан астамы АЭС құрылысын қолдайтыны айтылды. Тәуелсіздік бақылаушылар референдум кезінде бюллетеньді топтап салу, тәуелсіз бақылаушыларды залдан шығару сияқты түрлі заңсыздықтарды тіркеген.