25 тамыз күні Батыс Қазақстан облысындағы ауданаралық қылмыстық сот айыпталушы Эльвира Еркебаева мен Максим Кузнецовке үш жыл шартты жаза тағайындап, сот залынан босатты. Бұл туралы "Уральская неделя" басылымы хабарлады. Іс алқабилердің қатысуымен қаралған.
Бір жыл бойы қаралған істе Эльвира Еркебаева Максим Кузнецовпен сөз байласып, бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевты өлтіруге кісі жалдады деп айыпталған. Бұл бап бойынша, кінәлі деп танылған адамға 15 жылдан 20 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін еді.
21 тамыз күні сөзжарыс өтіп, онда прокурор сотталушыларды "Адам өлтіру", "Қылмысқа оқталу", "Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi" баптары бойынша кінәлі деп тауып, Эльвира Еркебаеваны 7,5 жылға, оның танысы Максим Кузнецовты 10 жылға соттауды сұраған.
Сот алқабилер шешіміне сүйеніп, Эльвира Еркебаева қылмыстық кодекстегі 287-баптың 4-тармағы (сөз байласу арқылы қару иемдену, сақтау) бойынша кінәлі деп танылып, оған үш жыл шартты жаза тағайындалғанын айтты. Максим Кузнецов қылмыстық кодекстегі 28-баптың 5-тармағы (қылмыс жасауға көмектесу) және 287-баптың 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, ол да үш жыл шартты жаза алды.
Оқиға былтыр ақпанда Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында болған. Тергеу құжаттарында Эльвира Еркебаева бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевпен араздасып, оны өлтіруге оқталған деп көрсетілген. Эльвираға танысы Максим Кузнецов көмектеспек болып, бұрын сотталған Евгений Галиев деген адамды тапқан. Тергеу құжатына қарағанда, Галиев Эльвираның қылмыстық пиғылы туралы құқық қорғау органдарына хабарлағаннан кейін, полиция қылмысқа оқталу және сөз байласу әрекеттерін бұлтартпайтын айғақ-дәлел ретінде тіркеп, күдіктілерді қолға түсіру мақсатымен Галиевтің өзін қатыстыра отырып арнаулы операция жүргізген. Сөйтіп, операция нәтижесінде Эльвира мен Максим қамауға алынған.
Ал сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіспеген. 2023 жылы күйеуінің өзін қатты ұрып-соққаннан кейін үйден кетіп қалғанын айтқан Элвира Еркебева 10 ай бойы одан тығылып, жалға алған пәтерде тұрғанын жеткізді. Сотта Эльвира күйеуінен қорғанбақ ниетпен травматикалық қару сатып алмақ болып, танысы Максимнан көмек сұрағанын айтты. Максим травматикалық қару емес, кәдімгі суық қаруың болғаны жөн деп кеңес берген. Сөйтіп ол қару сататын Евгений Галиев деген адамды тапқан. Галиев өзіне Максим қару жайлы хабарласқаннан кейін полицияға хабар берген. Ол полицияға арызда Эльвира мен Максим қару іздеді деп емес, "киллер іздеп жүр" деп жазған. Ал істе жәбірленуші Ербол Еркебаев сот кезінде бұрынғы әйеліне ешқандай кінә тақпайтынын айтқан.
Бұрынғы ерлі-зайыптының екі баласы бар. Биыл мектеп бітірген ұлы қазір әкесімен, қызы анасының сіңлісімен тұрып келді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Адам өлтіру жоспары ма, әлде арандату ма? "Күйеуін өлтіруге киллер жалдаған" әйелдің ісі