25 тамыз күні Алматы әуежайында бір ер адам өз-өзіне от қойды. Оқиға әуежайдың "T-1" терминалындағы кассаның жанында сағат 22:06-да болған. Бұл туралы көліктегі полиция департаментіне сілтеп ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.
Агенттіктің жазуынша, полицейлер мен әуежай қауіпсіздік қызметі өртті сөндіріп, жедел жәрдем қызметін шақырған, ер адамды ауруханаға жеткізілген.
"Аталған дерек бойынша Көлік полициясы департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жүргізіліп, оқиғаның барлық себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр" деп келтірді агенттік көліктегі полиция департаментінің мәлімдемесін.
Әлеуметтік желіде тараған видеода қара күрте, кепка киген ер адам байқалады. Бір сәттен соң ол отқа оранып кассадан жүгіріп шығады да, полиция қызметкерлері өртті сөндіріп жатқаны көрінеді.
Tengrinews басылымының жазуынша, науқас қаладағы № аурухананың жан сақтау бөліміне түскен. Жағдайы өте ауыр.
ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, оқиға әуежай қызметіне әсер етпеген.
Биыл наурызда Алматы әуежайында Машрапбек Баратов дейтін ер азамат әуежайдағы инспектор әйелді кепілге алып, оған жұрт көзінше пышақ кезеген. Оқиға куәгері Мұса Әбдірайым кепілдікке өзін ұсынып, артынан пышақты жұлып алды. Баратов "бұзақылық", "кісіні кепілге алу", "терроризм туралы жалған ақпарат тарату" бойынша 10 жыл 6 айға сотталды. Алдыңғы өтелмеген жазасымен бірге түпкілікті жаза 11 жыл болды.